Түркістан облысы жасанды көлдерде балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Облыс аумағында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл орналасқан. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Солардың бірінде болған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы балық өнімдерін өндіру шаруашылығының жұмысымен танысты. «Көмеш Балық» иелігіне 17 өзен кіреді. Балықтың сан алуан түрін өсірумен айналысатын мекеме жылына 500 тоннаға дейін балық өсіреді.
Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығының қуаттылығы жылына 8 мың тоннадан асады. Бұл кәсіппен 133 кәсіпорын айналысады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30% субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Сарапшылар Түркістан облысындағы жасанды су қоймаларында балық өсіру саласының жоғары әлеуетін айтуда. Айта кету керек, өңірдің тауар өндірушілері жылына 2 мың тоннадай балық өнімін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстанға балық экспорттайды.
Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев»Зәуре» шаруа қожалығының қызанақ және қияр өндіретін жылыжайының құрылыс жұмысымен танысты. Шаруалармен кездесіп, жауапты басшыларға өңірде ауыл шаруашылығы саласына қолдауды күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Comments