ЖаңалықтарҚоғам

ШЫМКЕНТТЕГІ 33 МЕШІТТЕ ТАРАУИХ НАМАЗЫ ОҚЫЛАДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бойынша өкіл имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов кәсіпкерлерді қасиетті Рамазан айының құрметіне халқымыздың тұрмыс-жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше кемі 10 пайызға төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырды. Үндеу күні кеше ҚМДБ тарапынан жолданған. Бұл туралы қаланың бас имамы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Брифинг барысында Рамазан айының ережелері, Қадір кешін өткізу тәртібі, мешіттерде жамағаттың жиылып намаз оқу мәселелері мен қайырымдылық шараларын өткізу жайы баяндалды.

— «Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла оның да қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді» деген. Барша мұсылман қауымға қасиетті Рамазан айында игі істің бастамашысы болып, жақсылық жасап жарысайық. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірден басталып, 1 мамырда аяқталады. Шымкент қаласындағы тіркелген 88 мешіттің 33-інде 1 сәуірде алғашқы Тарауих намазы оқылады. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттердегі пәтуа бөлімдерінің ортақ шешіміне сәйкес, пітір садақаның ең төменгі шегі 500 теңге болып бекітілді. Нисап мөлшері жеткілікті, яғни зекет беруге мүмкіндігі бар азаматтар 500 теңгеден жоғары мөлшерде пітір садақасын бере алады. Ал, денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтын азаматтар көмекке мұқтаж жанға беретін фидия садақасының мөлшері — күніне 3000 теңге. Оған сәресі және ауызашар асына қажетті қаржы белгіленіп отыр. Ал, фидияны бұл көлемде бере алмайтын жандар пітір садақа мөлшерімен беруіне болады, — деді қаланың бас имамы.

Дін өкілдерінің айтуынша, Діни басқарма жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті айда республика көлемінде түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырмақ.

— Рамазан — тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Мәселен, биыл «Зекет және қайырымдылық» қоры «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі», жас балаларға «Рамазан тәттісі» сынды игі шараларды ұйымдастырмақ. Сонымен қатар, Шымкенттегі 88 мешіттің 66-сында ауызашар өткізу үшін жағдай қарастырылған. Көп қабатты пәтерде немесе өзге де себептермен шаңырағында ауызашар өткізе алмайтын азаматтар мешіттердің асханасында дастархан жая алады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбірі ізгі амалымыз қабыл болғай, -деді Шымкент қаласы бас имамының орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров.

Қайырымдылық шарасында мұқтаж жандарға үлестірілетін әлеуметтік, тұрмыстық заттар Шымкент қаласы бойынша белгіленген 5 мешітте таратылмақ. Қажеттілікке қарай, тарату орындарының мекен-жайы ауысып отыруы мүмкін.

— Мұқтаж жандардың қолын құр қайтармау үшін мүмкіндігінше көмектесеміз. Алайда, мұны «кәсіпке» айналдырып, әр мешіттен көмек алатын жандар да кездесіп жатады. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін биыл тізім бойынша үлестіріп, белгілеп отырамыз, — деді Бақдәулет қажы Абдрахманов.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

ШЫМКЕНТ СПОРТШЫЛАРЫНАН 135 АЛТЫН ЖҮЛДЕ  

Алдыңғы

ТАЗАЛЫҚҚА ӘРБІР АДАМ ЖАУАПТЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *