Шымкент қаласындағы «Достық» қонақүйінде Ерікті ұлттық шолуды талқылау және халықтың пікірін ескере отырып Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) басым міндеттерін айқындау тақырыбында семинар өтті.
Семинарға үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіпкерлер, студент жастар, мемлекеттік орган өкілдері және азаматтық қоғам белсенділері қатысты. Жиында «Тұрақты даму саласындағы мақсаттар: «Іс-әрекеттерге шақыру», «Стокгольм+50: жалпыға ортақ өркендеу үшін сау планета–біздің жауапкершілігіміз, біздің мүмкіндігіміз» тақырыптары бойынша талқылаулар өтіп, «Миссия — 2030» іскерлік ойыны ұйымдастырылды.
– БҰҰ-ға бүгінгі таңда 193 мемлекет мүше. Ұйым 2030 жылға тұрақты даму міндетін қабылдады. Ол кедейшілікті жоюға, теңсіздікпен күресуге, ұлттардың хал-ахуалын жақсартуға бағытталған. Күн тәртібіне қойылған жаһандық мақсат экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді және оларды шешу жолдарын қамтиды. Семинарда осы 3 проблема аясында пікірталастар ұйымдастырылып, қатысушылардың идеялары есепке алынады, — деді семинарды ұйымдастырған «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ТДМ жөніндегі хатшылықтың директоры Бақытгүл Хамбар.
БҰҰ мүше мемлекеттердің ұлттық және жергілікті деңгейде ТДМ-ға қол жеткізу жолында тұрақты шолулар жүргізуге мұрындық болып отыр. Сондықтан жыл сайын БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі саяси форумында мүше елдер 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсатын іске асыру туралы ерікті ұлттық шолуды ұсынады.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
Comments