Әл-Фараби ауданы әкімдігі биыл экономика секторына тартылатын инвестиция көлемін былтырғы 25 млрд. теңгеден 40 млрд. теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте хабарлады. Брифинг барысында Рашид Мамытұлы өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар жөнінде баян етті. Сондай-ақ аудан басшысы кешегі нөсерлі жауыннан кейінгі болған төтенше жағдайдан соң аумақта ирригациялық жүйелерді дамыту қолға алынатынын жеткізді.
— Қаланың шалғайында орналасқан Ақтас елді мекенінде ауыз су жүйесіне қосылған тұрғындарды абоненттеу және табиғи газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Текесу елді мекенінде ауыз су құбырын тарту үшін ЖСҚ құжаттары әзірленеді. Әл-Фараби ауданында 400 ауланың 318-і абаттандырылды. Биылғы жылы демеушілер есебінен 9 спорт алаңшасы салынатын болады. 16 топырақ жолға тас төселеді, — деді Р.Мыңбаев.
Аудан әкімі баяндамасында өткен жылы Әл-Фараби аумағында 96 инвестициялық жоба іске асырылғанын, соның нәтижесінде 1,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқанын атап өтті. Сонымен бірге, биыл Айқап шағынауданына кәріз жүйесін тарту жұмыстары іске асырылады. Рашид Мамытұлының мәлімдеуінше, осы жылы демеушілер есебінен 100, бюджет қаражатына 250 қоқыс тастайтын контейнерлер сатып алу көзделуде.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
Comments