Шымкент қаласы әкімінің апта сайынғы аудан белсенділерімен кездесуі жалғасуда. Мұрат Әйтенов бүгін қарамағына 24 елді мекен кіретін Қаратау ауданының ауыл билері және белсенді тұрғындарымен кездесті.»Бетпе-бет» форматта өткен басқосуда екі апта бұрын болған кездесуде көтерілген 14 мәселелердің орындалу барысы талқыланды.
«Нұртас» шағын ауданы жастарының тәрбиесі бойынша көтерілген мәселенің орындалуы баяндалған жиналыста айтылған мәселелердің бүгінде үшеуі орындалып, қалғандары бойнша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қаратау ауданы аумағында жастар саны 53 662 кұрайды. Бұл аудан аумағындағы барлық тұрғындардың 21,6 пайызы. Аудан жастарының басқосып тұруға қолайлы орындарға талдау жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы қыркүйек айынан бастап Қаратау ауданының жастары үшін «Жастар ресурстық орталығы» ашылып, қазіргі таңда қызмет көрсетуде. Ғимарат көп функционалды, бір мезетте 80-100 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Онда жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, коворкинг орталығы, еріктілерді қолдау, кітапхана және психологиялық кеңес беру бағыттары бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, Шапырашты тұрғын алабында жаңадан салынған ойын алаңшасында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме тарапынан кемшіліктерді ретке келтіру жұмыстары атқарылып жатқаны баяндалды.
Азық-түлік дүкендеріндегі тауарлардың бағасына қатысты мәселенің орындалуы бойынша, «Қайтпас» шағынауданындағы азық-түлік және сауда орталықтары мен дүкендерде Қаратау ауданы әкімі аппаратының мамандары тарапынан тауарлар бағасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгені, алдағы уақытта тұрақты түрде аудан аумағындағы тауар бағаларына мониторинг жүргізілетіні айтылды.
Қала әкімі әрбір белсенді қозғаған мәселесін мұқият қарап, шешу жолын қарастыруды жүктеді. Мұрат Дүйсенбекұлы осындай кездесулер мәселелердің маңызын айқындау және бірлесе жұмыс атқару үшін өте қажет екенін атап өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments