Шымкент қаласына жұмыс сапарымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов келді.
Іс-сапар аясында ҚХА Төрағасының орынбасары Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында қалалық этномәдени бірлестіктер және ассамблея жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен ұйымның алдағы мақсаттары мен міндеттері жөнінде кездесу өткізді. Жиынды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ассамблея төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан жүргізіп отырды.
— Қаңтар оқиғасында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар зардап шекті. Ол оқиға қазақстандықтардың бірлігі сыналған шақ болды. Бұл сынақтан да аман-есен өттік. Оған Қазақстан халқы ассамблеясының қосқан үлесі зор, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
ҚХА Төрағасының орынбасары М.Әзілханов қаңтар оқиғасынан соң көп нәрсе өзгергенін жеткізді. Осы ретте ассамблеяның жұмысын қайта жүйелеу, реформалау қажеттігін айтып, бұл орайда қалалық этномәдени бірлестік жетекшілерінің ойлары маңызды екенін атап өтті.
Жиында қалалық ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Б.Жалмұрзаев, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі В.Жаринов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі қалалық өкілдігінің басшысы Н.Мейірбеков баяндама жасап, ассамблея жұмысын жетілдіру жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге, кездесуде Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының бүгінге дейінгі жетістіктері мен атқарған жұмыстары баяндалды. Айталық бүгінде 17 этномәдени бірлестік жанынан 38 шығармашылық ұйым мен 8 жексенбілік мектеп ашылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалды рөлін күшейту мақсатында қалалық және аудандық деңгейлерде қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, жастар қозғалысы, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, журналистер мен блогерлер клубы сынды қоғамдық құрылымдар қызмет атқарады.
Ассамблеяның «Қазақтану» жобасы бойынша қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін ілгерілетуде Шымкент қаласында республикалық «Мың жүйрік» жобасы жүзеге асты. «TILTANYM» онлайн дәрістері YouTube арнасына орналастырылып, қазақ тілін оқып-үйренушілерге тиімді құралға айналып отыр. «Мен қазақша сөйлеймін» бүкілхалықтық челленджі бойынша шымкенттік ассамблея мүшелері 18 бейнеролик әзірлеп, Қазақстан өңірлеріндегі әріптестеріне жолдады. Қазақстан халқының тілдері күніне орай ассамблея алаңында «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» онлайн форумы өтті. Қалалық ассамблеяның тапсырысымен «Бірлігі бекем ел» телебағдарламасы тұрақты эфирге шығып, олардың түсірілімдеріне қазақ тілін еркін меңгерген этнос өкілдерінің отбасылары кеңінен тартылуда. Қала аумағындағы кәсіпкерлік субъектілерінде тіл туралы заң талаптарының орындалуын үйлестіру жөніндегі арнайы жұмысшы тобының құрамына ассамблея өкілдері енгізіліп, кең көлемді түсіндіру жұмыстары атқарылып келеді.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ
Comments