АймақЖаңалықтарҚоғамСпорт

СПОРТШЫЛАРҒА 86 ВЕЛОСИПЕД ТАБЫСТАЛДЫ

аШымкенттегі №2 олимпиадалық резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларына салтанатты жағдайда 86 велосипед табыс етілді.

Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев қатысты.

— Спорт – адам саулығының тәрбие мектебі. Баланың сабақтан тыс уақытын бос өткізбей, тұрақты әрі мақсатты түрде спортпен шұғылдануы жасөспірімдердің жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Бүгін еліміздің болашақ велоспортшылары үшін 86 велосипед тапсырылып отыр. Мұнда басқарма басшысы мен мектеп директорының еңбегі ерен. Себебі, осыдан бір жарым жыл бұрын мектепке келгенде спортта жетістікке жету үшін базаны дамыту қажет екені айтылды. Кей проблемалар айтылған жерде ескерусіз қалып қояды. Ал, Бегалы Анарбеков осы істі соңына дейін жеткізіп, нәтижесінде қала бюджетінен 50 миллион теңге қаржы қаралды. Енді оқушылардың спортпен тыңғылықты айналысып, әлемдік додаларда жеңіспен оралуына тілектеспіз, — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М. Исахов.

Б.Тұманбаевтың айтуынша, спорт мектебінде 176 оқушы велоспортпен шұғылданады.

– 10‐15 жылдан бері мектептегі велосипедтер жаңартылмаған болатын. Бұл – біздің мектептің спортшылары үшін ерекше қолдау. Алынған 86 велосипедтің 47‐сі тас жолға, 27‐сі маутинбайк түріне арналса, 12 велосипед трекпен шұғылдануға бейімделген. Әрбір қолдау – оқушыларға үлкен серпін, жігер береді, ‐ деді мектеп директоры Бегалы Анарбеков.

Айта кетейік, мектепте 676 оқушы спорттың жеңіл атлетика, велоспорт және президенттік көпсайыс түрінен тегін білім алып жүр. Оның ішінде 23 оқушы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер және 10 спорт шебері бар. Спортшыларды сайысқа 49 жаттықтырушы даярлайды.

Ақбөпе НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ

БАСПАНАНЫ ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫН СУБСИДИЯЛАУ МЕХАНИЗМІ ТҮСІНДІРІЛДІ  

Алдыңғы

«АЛАШТЫҚ» САТУШЫЛАР РЕВАКЦИНАЦИЯДАН ӨТТІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *