- Шымкентте бастауыш сынып оқушылары мектеп ауласына күн электр қондырғысын орнату жөнінде ғылыми жобаны қолға алған. Ізденістері жемісін беріп, халықаралық байқауларда танылып жүр. Балақайларға бағыт беріп, жетекшілік еткен ұстаз Шырынкүл Мұсабекова.
Шырын Есімқұлқызы қаладағы №28 мектебінде қызмет атқарады. Саналы ғұмырының 37 жылын осы салаға арнаған ұстаз еңбек жолында талай белесті бағындырып, шәкіртке білім нәрін беру жолында түрлі тәсілдерді қолдану үшін ізденіп жүреді.
–Үнемі ізденісте болу білім беруге шабыттандырады. «Былтыр өткен тақырып қой» деп сабаққа дайындықсыз бару, «бұрынғы өткен сабағымды қайталай саламын ғой» деген ой менде мүлдем болған емес. Жаңа технологияларды қолдана отырып, балаға бүгінгі заман тұрғысындағы көзқарасымен сабақтастыра отырып білім нәрімен сусындату мұғалімдердің басты мақсаты деп ойлаймын, -дейді ұстаз.
Өз шәкірттеріне дұрыс жолды нұсқаушы бағдаршам болуды мақсат еткен Шырынкүл Есімқұлқызы бастауыш сынып балақайларын ғылымға бағыттап жүр. Оқушылары күнгей өңіріміздің күн сәулесінен электр қуатын алу жөнінде ғылыми тәжірибе жүргізеді. Нәтижесі таң қаларлық. Оқушылардың ізденісі республикалық байқауларда топ жаруға жетеледі.
Екі шәкірті «Жел электр қуат станцияларын жасау мүмкіндігі» атты ғылыми жобасын республикада қорғап, жүлделі орыннан көрінді.
Тағы екі оқушысы «Мектеп ауласында күн электр қондырғысын орнату мүмкіндіктері» атты ғылыми жобасын республикалық байқауда қорғап, «Жас зерттеушілер» атағына ие болды. Олар халықаралық байқауға қатысуға сертификат жеңіп алды.
Осылайша ұстаз шәкірттерімен бірге Санкт-Петербург қаласында өткен «Дети Казахстана в мире без границ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан. Дариға Құралбай есімді оқушысы ғылыми жобасын үш тілде қорғап, І орынды иеленді.
Тәжірибелі мұғалім өз ұжымында да үлкен абыройға ие. Білім саласындағы жетістіктері мен мемлекеттік марапаты да аз емес. Балаларды жастайынан ғылымға баулыған ұстаздың қашанда мерейі үстем, жас мұғалімдерге үлгі.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments