Мадридте өткізілген БҰҰ Дүниежүзілік Туристік Ұйымы Бас Ассамблеясының (ЮНВТО) 24-ші сессиясына әлемнің 120 елінен 1000-нан астам делегат қатысты.
Сессия барысында туризмді тұрақты қалпына келтіру, білім беру және ауылдық туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Ұйымның жаңа мүшесі ретінде Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің қосылуын ратификациялау туралы шешімнің қабылдануы маңызды оқиға болды.
Осылайша, туризм және қонақжайлылық университеті осы тұрғыда ЮНВТО бекіткен ҚР алғашқы жоғары оқу орны болды.
ЮНВТО-ға мүшелік кейіннен университет жанынан ЮНВТО білім беру орталығын ашу мәселесін ілгерілетуге ықпал ететін болады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы наурыздағы қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті құрылғаны белгілі.
Еліміздегі туризм саласын дамыту қажеттігіне байланысты бұл жобаның маңызы зор.
Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті туризм және қонақжайлылық саласында халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандарды дайындайтын Қазақстандағы бірінші мемлекеттік бейінді университет болып табылады.
Comments