Инвесторлар үшін қауіпсіздік пен саяси тұрақтылық басты факторлардың біріне жатады. Мұның екеуі де қазіргі таңда біздің елімізде бар. Соның нәтижесінде еліміздің экономикасын дамытуға шетелдерден миллиардтаған қаржы құйылуда. Инвестиция құюға қауіпсіз әрі жайлы аймақтың бірі – Шымкент қаласы. Ол инвестиция тартудың арқасында ірі өнеркәсіпті қаланың біріне айналып отыр. Бұл күнде 689 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Әсіресе, құрылысқа инвестиция көп тартылды. 98 мектеп пен 470 балабақша, 6 мемлекеттік, 21 жекеменшік аурухана пайдалануға берілді. Сонымен қатар түрлі ірі сауда орындары да заман ағымына сай халыққа қызмет етуде. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде былтырғы, яғни 2020 жылғы қорытынды бойынша экономикалық көрсеткіштердің бірі — инвестицияның нақты көлем индексі – 141 пайызға жеткен. Тағы бір қаладағы қуантарлық жағдай – 2020-2025 жылдарға арналған 1,4 триллион теңгені құрайтын инвестициялық 157 жоба базасы бар. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен 300 жұмыс орнымен 5 жоба іске асырылған. Міне, мұның бәрі қаланың экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Comments