ӘдебиетҚоғамМәдениетРуханият

ОЙЫН

Журналистика саласында жастайынан қаламы қарымды қаламгер атанған  Жәмила Мамырәлі оқырманына ой саларлық әңгімелер де жазады. Оның қай шығармасы да қоғамдағы келеңсіздіктерді түйрейді. Шығармалары әр жылдары шыққан түрлі жинақтарға енген. Жазғанын түрлі басылымдарға бере бермейтін, бойына адамгершілік қасиетті сіңірген талантты жанның бүгін «Ойын» атты әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

***          ***         ***

– Оны өлтіру керек!
– Қалай?
Төменде тұрған. Екі аттап мұның жанына жетіп келді де сұқ саусағымен кеудесінен нұқып, «Кәдімгідей!» деді.
Төрдегі төртеу өре түрегелді. Төзімдері таусылған.
– Бұл неғылған бассыздық?! Бүгін «сдача» ғой!
– Үш күн… үш-ақ күн қалды! Біз әлі дайын емеспіз. Күн сайын өзгертесің!
– Автор бұл шешіміңмен келісе ме?
– «Сдачаға» автор неге келмеген?
Жарыса сөйлегендердің дауын қаракөлеңкелі бұрыштан шыққан дауыс тыйды. Тамағын тырнай жөткірінген, әлде жасанды жөтелген дауысқа барлығы жалт бұрылды.
– Ее, бұ қайсың?!
– Кім бар мұнда?
– Неғылған адамсың?
– Бөгде адам неге жүр?
Ең жоғарғы қатардағы қаракөлеңкелі тұстан ұзын бойлы ер азаматтың сұлбасы көрінді. Орнынан тұрып орындықтар арасындағы баспалдақпен төмендеп келеді. Елеңдегендер қара плащты, қара шляпалы, қара көзілдірікті адам қарасынан ер азамат екенін ғана шырамытты. Фойеден қараңғы залға жамыраса енген жарықтың жолын бөгеген бөгде адам есікті жауып үлгерді. Сахнада тұрған сұлу ғана ашылып жабылған есік жаққа мойын соза түсіп жылы жымиды. Жоқ. Шаттанды. Қол шапалақтап, бір орнында допша жоғары секіріп секіріп қояды.
– Мен қазір….
Қара шляпалы, ұзын қара плащты, қара көзілдірікті, қаракөлеңкелі тұстан шыққан бөгде адамның соңынан жүгіре шыққан режиссер тез-ақ оралды.
Сахнада тұрғандарға тағы да екі аттап жетіп келді. Екеуге алма кезек қарап:
– Сен өлесің! Сен оны өлтіресің! Болды, бітті! – деп баспалдақтан бұл жолы асықпай түсті. Аңтарылып тұрған көрермен залындағы төртеуге «Талқыланбайды! Солай шешілді!» деді миықтан күлімсіреген болып.
– Неге талқыланбайды екен?
– Солай енді, талқыланбайды екен…. Автор жаңа ғана… иә, телефон шалып, менің шешіміммен толықтай келісетіндігін жеткізді. Біз қоғамды тәрбиелеушіміз. Жезөкшелерге деген жиіркенішті арттыра түсуіміз керек. Арсыздық жақсылық әкелмейтінін, оның ақыры жақсы болмайтындығын жұрттың санасына құя беруіміз керек, құя беруіміз керек!
– Бірақ, басты кейіпкерді өлтіру, аяныш тудыру, көрерменнің ебіл-дебілін шығара жылату арқылы ұпай жинау «модадан» қалған! Тұрмыста онсыз да трагедия жетіп артылады. Ел қайғысын ұмытып, театрдан сергіп қайтқысы бар. Олар бақытты өмірді баяндайтын дүниеге зар. Ал, дәл мына жағдайда кейіпкердің де көрерменнің де жақсылықтан үмітін үздірмейміз. Адасқанға ақыл айтып, айналаға немқұрайлы болмай, «көмек бер», «қатігез болма», «ол да адам баласы…», «Түзу жолға салайық» дегенді айту керек. Мұндай да махаббат болатынын, шынайы болса қиындықты жеңетінін айтсақ айып па? Ғашықтардың мақсат-мұратына жеткенін қалаймын…
– Бұл жерде шешімді екі-ақ адам қабылдайды! Мен және… Автор! Оның үстіне ол кісі де-ме-еу-ші-іміз! Меценат! Айтқаны заң!
Төртеудің төрелігі шешімді өзгерте алмады. Тәжікілескендерден бойларын аулақ салып тұрған екеуге «Дайындықты жалғастырамыз!» деген бұйрық берілді.
***
Шымылдық түрілді.
Аядай бөлмеге аптыға енгенімен қып-қызыл оттай төсеніштің үстінде керіліп жатқан сұлуды қапсыра құшақтап, әдеттегідей құшырлана сүюге бұл жолы асықпады. Байлаулы сөзін айтуға келген. Енді ала болып тұр. Іші түбегейлі өлген жоқ, бір суып, бір қызады. Тар бөлмеде әрі жүреді, бері жүреді.
– Шала бүлінбей жақындасаңшы…
Кербез келіншек өрт түстес төсекте құшағын аша түсті.
– Сен… сен…
– Мен не?
– Мен жоқта сен не істедің?!
Маңадан бері түкке түсінбеген келіншек енді күлкісін тия алмады.
– Ойбүйииии, ыңдыны жарымаған байғұсым-ау! Не істеуші едім? Күнімді көрдім…
– Солай деуге ұялмайсың ба?!
– Сенен бе? Сен қашан келер екениииии деп, тағы да бұқаларын сатып, қалаға қай күні жетеді екенииии деп күтіп отыруым керек пе еді?! Күлкімді келтірмеші!
– Сенде сүйю, күйю деген мүлдем жоқ па? Махаббат дегенді білесің бе өзі?!
– Немене?!
– Мен саған ғашық болып қалдым…
«Ха-ха-халап» басталған арсыз күлкі бөлмеде жаңғырып жатыр.
Арсыз күлкісін тия алмаған күйі әйел «Маңадан бері солай демейсің бе, байғұсым-ау?» деді.
Өрттей қып-қызыл жібек маталы төсектен керіле түрегеп мұның мойнына келіп асылды.
– Жанеееееем, сол!
– Жаным деме! Сен бұл сөзді қанша адамға айтасың күніне?!
Мойнын ораған қос білекті бекем ұстап тұрып, сілкіледі.
Шар айнасы шалқасынан түскен мына тірліктің қиюы қай жерден кертілгеніне мән беріп жатқан сылқым жоқ. Мысқылдай күліп әлі тұр. Зығырданын қайнатып тұрған да осы күлкі.
– Білем, менен де бай еркектер жетіп артылады. Бірақ, мен сені жақсы көремін! Түсінесің бе, жақсы көреееееееміііін!
– Түсінбейтін несі бар? Сен де көп байшыкештің бірісің! Қалай еді… фермер… бизнесменсің! Қора-қора малың бар. Бірақ, мен бұқаларыңның сатылғанын сарыла күтетін сенің басыбайлы әйелің емеспін. Сағаттық ләззатыңмын! Естимісің?! Сағаттық қана ләззатыңмың!
Сылқым сұлу төсекке қайтып жақындамады. Қос қолын қанат етіп, көбелекше шыр айналып билеп жүр.
– Сен өзі ар, намыс, ұят дегенді білесің бе?!
Ашуға түтігіп тұрып, түптен тартып көрмек.
– Ұят? Ол қандай болады?!
Жаңа ғана қыпша бел сұлудың үстінен сусылдап жерге түскен қып-қызыл от түстес жібек матамен тысталған көрпе табанының астында жатыр. Шоқ басқандай ыршып түсті. Қос қолымен умаждай ұстап әйелдің бетіне әкеп лақтырды.
– Міне, мынадай болады, ұят деген!
Аядай бөлмеде айқай мен арсыз күлкі арпалысып жатыр. Қып-қызыл матамен тысталған көрпені беліне ораған әйел манадан бері лыпасыз тұрғанына еш қымсынбады. Безірейе түсіп, бетпақтана бастады.
– Ей, жоқтан бар болған байшыкеш, бері қара! Сенің не білгенің бар? Ар, ұят дейді ғой… Біздейлердің ұятын ұрлап, арын сен сияқтылар сатқан! Саудалаған! Жақында бір дөкей келді. Сәния қатын талай сұлуды алдына қойша иірді. Базардан мата таңдаған қатынша анау әрқайсымызды сипалап, умаждап шықты. «Бұлардан жасырағы жоқ па?» деді. Жас қыз керек оған! Сәнияға саудасы жүрсе болды. Біреудің ұяты, ары кімге керек?! «Кожвеннен» тексеруден өткен бе?» деп сұрайды ғой тағы.
Мен сол дөкейді теледидардан көріп қалдым. Біздейлерді теледидар көрмейді. «Мені танымайды» дейтін болар. Мен оны бірден таныдым. Кілең жастардың алдында лепіріп тұр. Сен сияқты ар, ұят, рух, тәрбие… де-е-е-епп. «Патриот болыңдар!» деп қояды. Осыдан тағы бір келер, бетіне түкірем! Түкіргенім бар ондайларға!
Сонау қияннан бұның жолына барын сарп етіп, сағынышын құшақтап жеткендегі ғашығының сиқы мынау. Шерменде болған сұлудың айтары көп еді. Салпаңдап келген оның сөзін әрі қарай тыңдаған жоқ. Жанарымен жалаңаш сұлуды аймалай бастады.
«Іңкәр қылған қылығы қайда? Іштен қарайып туған ба?» Түс тоқтатып қараған еді ғой, бір түндік ләззатқа енді неге сонша ынтық болды? «Мүмкін емес. Бұл жақсы қыз. Алданып, адасып жүр». Сұлуды сүйеді. «Шығатын есік таппай жүрген мына торға алданып түскен ғой». Санасындағы сызатқа осындай ой түсті. Көрікті көбелегін мына құрсаулы тордан алып шығуы керек.
Айтты. Бәрін түел баяндады. «Мен сені әйелдікке аламын» деді.
Серінің ағыл-тегіл сезіміне селт етпеген сұлу сықылқтап күле берді, күле берді. Аузын ашып ақтарылып жатыр. Анау одан сайын күледі. Мазақ болды.
– Сен де жүрек бар ма? -деді билеп жүрген бикештің білегінен шап беріп ұстап алып.
– Қайдағы жүрек? Менің жүрегім маскүнем әке күн сайын ұрыс шығаратын шайпауыз шешені балталап жатқанда ұшып кеткен!
Аядай бөлменің астан-кестені шықты.
–Астапыра-а-а-ал-ла-а-а-а!
Құлағы тұңып қалды. Ғашығы көз алдында өзінің шашын қос қолдап жұлмалап жатыр.
Есі ауыса екіленген екеу енді бір-біріне одырая қарады. Сылқым сұлу есін тез-ақ жинады.
– Қалталы клиенттерімнің бірі келуі керек…
Апыл-ғұпыл жиналған, шашын тарап әлекке түскен әйелге өшікті. Кес-кестеп адымын аштырмай, жолына тұрып алды.
– Сен адам емессің! Сен… адам… емессің!
– Иә, адам емеспін! Арсызбын! Жезөкшемін!
– Онда сені өлтіруім керек! Арсыздықтың ақыры осылай аяқталсын! Маған бұйырмайды екенсің, басқаға да жоқсын! Мен сені өлтіремін!
– Өлтір! Ал, өлтір!
Шатынай түскен әйел өзіне ентелеп келе жатқан еркектің қанталаған көзінен қорықты. Ойбайға басты. Аядай бөлмеден шыққан ащы дауыс әлемге жайылды. Бірақ ешкім көмекке келмеді. Қос қолдың иесі буындырып жатқан тамақтан қарысып қалған саусақтарын ажырата алмаған күйі ғашығының үстіне құлай кетті…
Шымылдық жабылды.
***
Көрермен ұзақ қол шапалақтады.
«Браво!», «Жарайсыңдар!» дегендерге қосылып «Сауап болды, анаған!», «Сол керек!», «Мына спектаклді көшедегілерді қамап қойып көрсету керек!» деушілердің дауыстары сахынадағыларға анық естілді.
***
–Қалай болды?
Кеудесіне басын қойып, кіндігінің айналасын маңадан бері сұқ саусағымен шиырлап жатқан сұлуға сабырмен сұрақ қойған.
– Жақсы болды! «Мұндай аншлаг бұрын соңды болмаған» деп анау мәз. Құшағым букетке толды.
– Банкетте болдың ба?
– Соңына дейін қалмадым…
– Қалай өтті?
– Бәрі «Автор неге келмеген?» деп жатты. «Біздің меценат…» деп сені мақтады…
– Сосын?
– Сосын… әйелің сені тығыз шаруалармен Астанаға ұшып кеткеніңді, келуге сондай тырысқаныңды баяндады. «Сіздерге үлкен рақмет» деп барлығымызға сыйлық ұсынды. Анау тұрған иіссу сол. Қолына ұстатқан дорбаны иіліп тұрып, жалбалақтап қабылдап алды ғой жұрттар…
– Сосын?
– Маған да букет гүл берді? Бетімнен сүйді…Түүүүии, қойшы, мен сені әйеліңнең қызғанамын. Қиналып жүрмін. Әсіресе, дайындыққа келіп тұрып, жолықпай кеткенің есіме түссе… Негізі сен сол жолы мен үшін келдің! Менің қалай ойнайтынымды көру үшін келдің! Солай ма? Сен үшін аянып қалмай барымды салып ойнадым ғой, я?!
Еркелеген келіншекті бір бүйіріне қарай аударып сап, жастықтан басын көтерген күйі төсектің шетінде жерге қарап біраз отырды.
Қол созым жердегі халатын иығына іле, орнынан тұрды. Темекісін тұтатты. Құшырлана сорды. Іштен ауыр күрсініспен қосарлана шыққан ұзақ деммен будақтаған түтін әп-сәтте бөлмені тұмандатты.
– Әйеліме не айттың?
– Не айтыппын?
– Сұраққа жауап бер!
– Мен… әншейін, әзілдедім. Жаным, мен мұны сені жақсы көргендіктен жасадым. Тек мендік болғаныңды қалаймын.
– Не айттың деймін?!
Аядай бөлме безбенге түскен ар-ұят пен абыройсыздыққа тағы да тарлық етті. Көзі шатынап, бүкіл денесі дірілдеп кетті. Сабыры жеңіліп, ашуы билік құруда.
– Құлың болайын! Ренжімеші. Мен… мен оны ойнап айттым ғой!
– Ойнап?
– Иә, ол әншейін ойын болатын. Әзілдедім.
– Ойын де…
Бет-аузын жас жуған сұлуға «жуынып кел!» деп бұйырды. Өзінің терісі тарылып барады. Талайдан бері ойыны болған әдемісі керісінше мұны ойыншық көріпті. Шаруа теріс айналды. Сатқындыққа ұласқан сайқалдығын кешіре ала ма? Шоққа отырғызғанды аямау керек деген принципін қайтпек?!
… Жаңа ғана кірпігімен су сүзіп, жаспен бетін жуған сұлу енді ернін бояп тұр. Қарға аунаған түлкідей түрленіп шыға келген, айнадағы түріне риза кейіпте еді. Ту сыртынан қадалған жанар шошытты. Жалт қарағанымен алға жылжи алмады. Кірпіктері дамылсыз қағылып, кейін шегіне берді, шегіне берді. Жуынатын бөлменің қай бұрышынан пана тапқандай?! Тордағы торғайдай тыпырлап тұр. Тым таныс жағдай. Дәл өзі! Партнерының, премьерада, буындырмаққа бекінгендегі көздері дәл осындай еді-ау. Зәре-құты қашты. Шегіншектеп барады. Отты көз тап берді. Сүрініп барып оңбай құлады. Сылқ етті…
***
Үстел үстіндегі көп қағазды қопарып жатып, көзінің қиығы сол қанаттағы үлкен мониторға түсті. Таныс адам. Іші сырты бірдей сылқ етті. Былғары креслоның жақтауына шалқая түсіп отырды. Көзін монитордан алмады. «Мені іздеп келіп отыр». «Не үшін келді екен?»
Біз өкшесін безілдете енген хатшы қыз қабылдау бөлмесіндегі адамды таныстырып әлек. «Режиссер екен. Сіздің пьесаңызды қойғанын айтты. Театрдан келіпті» дейді. Таныс адамды таныстырып жатыр. Бұл монитордан көзін алмай әлі отыр.
– Ассалаумағалейкү-ү-ү-ү-ү-үм!
Жауап қатпады. Сол қапталдағы экраннан асып, жанары терезеге тірелген.
– Мазаңызды алғаныма кешірім сұраймын. Бүйімтайым бар еді… Бір актрисамыз өмірден өтті. Жақсы адам еді.
Кеуде тұсы шыыым етті. Анау айтып жатыр. Естіп отыр. Бірақ, бұрылып бетіне қарағысы жоқ.
– Өте талантты болатын… Сіз оны танисыз…
Дәті шыдамады. Маңғазданған күйі алдында отырған адамға мойнын бұрды да
– Танымаймын! – деді.
– Сіздің… спектакльде ойнаған.
«Солай ма?» деген ишараны қатулы қабағымен айтты.
– Жанашыры жоқ. Театр ғана жоқтап отырмыз. Әруағына арнап ас беріп, бейітінің басына белгі орнатсақ дейміз…
– Қанша керек?
Сөйлеуге шамасы әзер жетті. Оң қапталдағы түймені басты. Тықылдаған әдемі туфлилі хатшы қыз кірді. Бұрышта тұрған сейфті көзбен көрсетті. Темір жәшік жұтып тұрған кілтті жұлқына бұрап ашқан хатшы қыз ақша санап жаттыр. Қолына тигенді жалма-жан қалтасына сүңгітіп жіберіп, есіктен шыға бере, креслосында әлі шалқайып отырған бұған бетін бұрып:
– Келіңіз, күтеміз. Құран ішінде болыңыз, — деді.
***
Шақырылған уақыттан ертерек келді.
Сол ұзын қара плащ, баста қара шляпа, көзде қара көзілдірік. Бұрынғыдай емес, бұл жолы жиналған жұртқа жұғыса, топ-топ болып тұрғандардың жанынан жанаса өтті.
– Бір жыл! Демде өтіп кетті-ау…
– Былтырғыға қарағанда биыл күз ерте түсті. Суық қой, тегі.
Осылайша өткенді, кеткенді сөз еткен, бірде мұңайып, бірде қарқылдай күліскен топтың іргесінде тұр.
– Ойбай-ау, мұнда неғып тұрсыз? Жүріңіз, ішке кіріңіз…, — деген режиссер білегінен ұстаған күйі дедектетіп алып барады. Қалтасынан қолын шығармаған бұл ілесе еріп келеді. Дастархан басына жиналғандардың көбісі таныс. Көзілдірігін шешті. Бір-екеуі бұған жымия қарап, басын изеп амандасып жатыр. Салқын сәлемдесті. Сыртқа білдірмегенмен құр сүлдерін сүйретіп келген. Іш-зынданында арыстан ақырып, өзегін тырнап жатыр.
Құран оқылып, дұғаға ел қол жайғаны сол есіктен еріне басып, оттай қып-қызыл орамалды басына бос тастай салған, көзін қара көзілдірікпен көлегейлеген келіншек енді. Кешігіп келгенін айналасына әдепкі жағдай етіп қабылдатқысы бар. Дәл ортадағы орынға жайғасты. Қос жанары алақандарының ұшына ауған ел, «әумин» десіп жатып бұл келіске мән берген де жоқ. Ал, мұның көзі қарсы алдындағы қос қол-уысынан ауып, кешігіп келген келіншектің жүзіне барып жайғасты да қалды. «Апыр-ау, мынау кім? Таныс қой…»
– Әумин деп қойдық, — деді бүйірінен түрте сол жағында отырған бейтаныс. Алақанын әлі жайып отырғанын білді.
Алақтай қарап, жанары қайтадан жанағы, дәмханаға еркелей еніп, еріне басып ортадағы орынға жайғасқан жанға барып қайта тірелді. «Көзілдірігіңді алшы…». Жан дауысы шығып жатыр. Іштей.
Ыдыс-аяқтың салдыр-сұлдыр дыбысымен жарысып, жиналғандар әңгіме дүкен құрған.
– Соңғы рөлін бекер ойнады. Тағдыры болып жабысты-ау сол рөлі…
– Қайсысын айтасың?
– Жардан құлаған Айшаның рөлі ше?
– Е-е-е, одан кейін ол клипке де түсті ғой.
– Онда да өліп қалды. Атып өлтірген…
– Иәәәәә, соңғы кезде тек өлген адамдардың рөлін ойнаған екен…
«О, Тәңірім! Мыналар не айтып отыр?! Қайтыс болған кім? Кімнің әруағына бағыштап құран оқылды?». Өз ойының шырмауында отырып соңғы сұраққа келгенде дауысы шығып кетті. Оң жағында отырған режиссер:
– Біздегі Маржан апай ше… Сіздің спектакльде Сания — жеңгетай болып ойнаған. Өткенде алдыңызға барғанда айтып едім ғой. Бір міндеттен құтылдық. Алла сізге разы болсын! Үлкен сауап іс жасадыңыз. Жақсылығыңызды біздің ұжым ұмытпайды.
Қызыл орамалды басына бос тастай салған, кешігіп келген сұлу бұл отырған үстелге бетін бұрыпты. Көзілдіріктің арғы жағынан екеуінің жанары жолықты. Жымиды. Маржандай әп-пақ тістері көрінді. «Құдайым-ау, мынау кім? Мүмкін емес…»
– Анау отырған келіншек кім?
Танып тұр. Дәл өзі. Бірақ, көңілі иланар емес.
– Қайсы? Қайсы келіншекті айтасыз?- деп алақтаған режиссерға көз алмай отырған келіншекті енді саусағын шошайта көрсетті.
– А-а-а, ол баяғы сіздің басты кейіпкеріңізді сомдаған қызымыз ғой. Өте талантты актриса. Сырқатына байланысты біраз емделіп, ортамызға қайта оралды. Күннен күнге құлпырып барады құрғыр. Көздің құрты.
Таныс жанды таныстырып жатқан режиссер жымындап сала берді.
Бұл екеуін бақылап отырған сұлу «Мені танымай отырсың ба?» дегендей көзілдірігін шешті.
«Дәл өзі! Сол! Мүмкін емес…» Өз көзімен көрді ғой. Оңбай құлады. Көмектеспекке ұмтылып еді, басынан сау етіп қан ақты. Есі шыға есікке қарай жүгірді. Жүгіре берді… жүгіре берді…
Талай рет титықталды. Өзін сужүрек санады. Жаны қиналғанда өзін қоярға жер таппады. Тірлігі өнбей қойды. Түндерді күзетті. Күндерді күрсінумен батырды. Ал, ол қарсы алдында отыр. Бұған қарап жымияды.
– Танымай қалдың ғой?
Іңкәр қылған қылық сол қалпында. Ел тарқаған. Дәмханада бөгеліп екеу отыр. Ессіз ғашық болғаны, өлдіге санап, өзегін өртеп жүргені, жанында тұр. Тірі.
– Жағдайың қалай?
Жауап беруге даусы әзер шықты.
– Ауруханада жатқанымда анам телефонымнан сенің нөміріңді өшіріп тастаған екен. Мені іздемедің де. Ренжідім. Ойнамаймын, сенімен!
Балаға ұқсап аузын бұртитып келіп, иығына асылды.
– Бұл қалай болғаны?
– Нені айтасың?
– Сен… сен…
– Мен, мына мен өлген жоқпыыыыын! Ол ойын болатын.
– Ойын? Қайдағы ойын?
– Иә, ойыыын. Кәдімгідей ойыыыын….
***
Ой кіргелі әдет еткен әуенінен жаңылып, баяғы әуес көрген әдемісінің әп-сәтте табылғанына қуанып, тұттай жалаңаш денесіне көз тіге, қайта тояттап, түн күзетіп, түндігін түріп жүр. Кеше ғана аяусыз шоққа отырғызған сұлуы түп етегінен ұстап алғанын байқайды.
Бәрін де біледі. Сезеді. Бірақ нәпсісін тия алмай жүр. Енді өзі ойын болды. Бұл – ОЙЫН!

Жәмила МАМЫРӘЛІ.
2015 жыл.

ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР ҚИСАЙҒАН СҮЙЕККЕ АЛҒАШ РЕТ ОТА ЖАСАДЫ

Алдыңғы

ШЫМКЕНТТЕ ГИД-ЭКСКУРСОВОДТАРҒА СҰРАНЫС АРТҚАН

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *