Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев, тәртіп сақшылары және Атамекен Кәсіпкерлік Палатасы қызметкерлерімен бірлесіп, тойханаларға тексеру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде той-томалақ пен мерекелік жиындардың алдын алу мақсатында Полиция департаменті қызметкерлері тойханалардың маңында 24/7 кезекшілік етуде.
Сондай-ақ рейд барысында Меgа және Цум сауда орталықтарындағы карантин талаптарының сақталуы да тексерілді. Аталған ірі ойын-сауық кешендерінде бірнеше сатушылар мен тұтынушылардың бетпердесіз жүргендігі және арақашықтықтың сақталмағандығы анықталды. Кей жерлерде санитайзерлер мен дезинфекциялық кілемшелер де жоқ. Бұл мәселелер бойынша сауда орталығының басшылығы мен әкімшілігіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісінше айыппұл салынды.
Карантин талабына сәйкес қоғамдық көлікте жолаушыларға бетперде тағу міндеттелген. Осыған байланысты автобустардағы жолаушыларға қаулы талаптары түсіндіріліп, бетпердесіз отырған жағдайда айыппұл салынатындығы ескертілді.
Құрметті шымкенттіктер, індетті одан әрі ушықтырмас үшін қоғамдық орындарда бетперде тағып, арақашықтықты қатаң сақтауға шақырамыз.
Comments