Бүгінгі таңда Шымкент тұрғындарының арасында үй жағдайында немесе дәріхананың егу бөлмесінде ем аламын деп өкпесін 90%-ға дейін зақымдап, ажал аузына байланған тұрғындар көбейіп отыр. Аурухананың реанимация бөлімінен бір-ақ шыққанда кәсіби дәрігерлердің жұмысына оң баға беріп, алғысын жаудыруға әлі жетпей жатқандар қаншама… Қалада күніне 15-22 науқас көз жұмып жатыр.
Мұндай қайғылы көріністер мен сандық мәліметтерді азайтып, алдын алу үшін не істемек керек?
Шымкент қаласындағы Ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Жадыра Агишанова, №1 қалалық емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуов, №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаева, №5 қалалық емхананың бас дәрігері Жібек Сейдалина мәліметтерімен бөлісіп, қала тұрғындарына бірқатар ақыл-кеңестерін айтты.
–Бүгінгі күні қалада МСАК деңгейінде 211 мобильді топ, сонымен қатар әр емханада аудио және бейне қоңыраулар арқылы қашықтықтан консультациялық медициналық көмек көрсету үшін 2-3 консультациялық топ жұмыс істейді.
ЖРВИ белгілері бар пациенттерге, ковид инфекциясына күдікті, COVID -инфекциясы бар пациенттерден ПТР сынамасын алуды, жақын байланыста болғандарды, сондай-ақ үй ауруханаларында медициналық процедураларды жүргізуді, симптоматикалық нысандағы COVID оң нәтижелі науқастарға амбулаторлық деңгейде қызмет көрсету мобильді топтардың функциясына кіреді. Барлық МТ қажетті заттармен тізім бойынша жабдықталған, қажет болған жағдайда МТ дәрігерлері науқастарды амбулаторлық деңгейде емдеуге немесе жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызуға шешім қабылдайды. Симптомсыз түрі болса, үйде ем тағайындап, 14 күн үй оқшаулануында болады. Мобильді топтарда күнделікті жұмыс жүктемесі артып келеді, сондықтан орта есеппен бір МТ шамамен 20 шақыртуға барады, — деді №1 қалалық емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуов.
Ал №6 емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаеваның айтуынша, бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде 3424 науқас бақылауға алынған, оның 2554-і симптоматикалық түрімен, қалғандары Ковид инфекциясының асимптоматикалық түрімен ауырады. Кеше, демалыс күндеріне қарамастан, мобильді топ дәрігерлері 3000-ға жуық тексерілуге мұқтаж болған науқасқа барып, үйде емделуді тағайындады. Сонымен қатар, Ковидке күдікті және олармен байланыста болған адамдар шамамен 1500 болды, олардан үйде ПТР сынамасы алынды.
Учаскедегі әрбір науқасты нақты және қатаң бақылау қажет. Ауру белгілері пайда болған жағдайда жергілікті дәрігерге шұғыл жүгінуі керек. Көбінесе пациенттер ақылы емханаларға, дәріханалардағы емделу бөлмелеріне тікелей барады және емделушілер өз бетінше емделеді. «Менде КВИ емес, ларингит, фарингит» деп дәріханаға барып өз бетінше ем бастайды. Дәріханадағы фармацевт оған физертіндіге глюкоза қосып салып береді. Одан өкпеге су жиналып, ахуалы одан сайын қиындайды. Ал қант диабеті барларға глюкоза алуға тыйым салынады. Әсілі, фармацевтер өз міндетін емдеу ісі дәрігерінің міндетімен шатастырып алған сияқты. Науқасқа ем тағайындауға провизордың ешқандай құқығы жоқ. Дәріханадағы егу бөлмесінен клиникалық протоколға енбейтін препараттарды алып алады да, ақыр соңында өкпесі әбден зақымданып жағдайы тым қиындағанда бізге хабарласады. Аурудың өршу сатысында (цитакеновый шторм) ол науқасқа ем қонуы қиын болады. Бұл ауру белгісі басталғаннан 14 күн өте қауіпті кезең болып есептеледі. Сол кезде клиникалық протоколға сай ем қабылдаса, жазылып кетеді. Егер КТ-ға түскенде өкпе зақымдануы көрінбесе, онда антикоагулянт ішуге мүлде болмайды. Яғни, ауыра бастаса, мобильді топ шақырып дәрігерге көріну керек, — дейді Айгүл Орынбасарқызы.
№5 қалалық емхананың бас дәрігері Жібек Сейдалина қазір адамдардың «сарафанды радионы» ғана тыңдап, емдеудің алтын ережесін ұмытып кеткендерін айтады. Бірақ, түптің түбінде кәсіби мамандар ғана бұл ауруды емдеп жаза алады. Себебі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бекітілген емдеудің клиникалық ережелері мен қаулысы бар. «Біздің міндет — барлық тұрғындарымызды аурудың ықтимал салдары туралы ақпаратпен мүмкіндігінше қамту. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барынша ұқыптылық танытып, жауапкершілікпен қарап, егер ПТР сынама нәтижесі оң болса, оқшаулау мен карантин режимін қатаң сақтап, мобильдік топ дәрігері немесе емдеуші дәрігер тағайындаған клиникалық хаттамаға сәйкес емделу қажет екендігін, өзіңіз және жақын байланыстағылар туралы мәлімет беруді, учаскелік қызметкерлердің сұранысы бойынша карантиндік шараларды сақтау жөніндегі міндеттемелер туралы түбіртек беру, БСД Қаулысының нұсқауларын орындауды тұрғындарға жеткізгім келеді», — деді Жібек Маратқызы.
–Министрлікпен бекітілген емдеу протоколына сәйкес, температура 38 С-тан жоғары көтерілсе, 3-5 тәулік бойына парацетамол, қабыну процесін төмендету үшін ибупрофен (200-400 мг) 5 күн 3 мезгілден ішу керек. Одан қайтпаса жеке көрсеткіштері болса Апиксабан (2,5 мг) 10 күн бойы күніне 2 рет, Дабигатрана этексилат (110 мг) 10 күн бойы күніне 2 рет, Ривасоксабан (10 мг) 10 күн бойы күніне 1 рет қабылдау қажет.
Ал балалар ауырса, ибупрофен немесе парацетамол беру керек. Оларға антибиотик не иммуномодулятор беруге болмайды. Жүкті әйелдерге де солай. Ең бастысы, ауру белгісі білінгеннен учаскелік дәрігерге хабар беру керек. Ол мобильді топ жібереді, — дейді Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Жадыра Мұхамбетқызы.
Comments