Еңбекқорлығы, өмір сүруі, ойлауы, тіпті ізденісінің өзі ерекше бір жан бар. Оның музыканы сүюінің өзі ешкімге ұқсамайды. Бірақ сөйтіп жүріп -ақ қазақ халқының мəдениетіне, салт — дәстүріне өлшеусіз үлес қосып жүр. Ол — Бердалы ОСПАН.
Аға бірнеше сұраққа жауап берген еді. Сұраққа берген жауаптарының өзін оқып отырып, ой — өрісіңіз бен біліміңізді арттырасыз. Ендеше ерекше жанның ерекше жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оқып көрейік.
1. Сіз кішкентайыңыздан қабілетті бала болып өскенсіз ғой деймін. Суретпен де, музыкамен де айналысқансыз. Қазір көбіне қазақ халқының салт — дәстүрін зерттеумен айналысып жүрсіз. Бұған қалай келдіңіз?
— Барлық бала жан-жақты қабілетті болып дүниеге келеді. Бірақ өмірде қандай мамандықты таңдауы керек екенін анықтау қиын. Бала өсе келе осыны біле алса жақсы. Бұл сұрақтың жауабын табуға үлкендер көмектесуі керек.
Өзіме келер болсам, тақыр жерге шөп шықпайтыны белгілі ғой. Менің бабаларым өте білімді жандар болған. Арғы бабамыз Қалмұхамед Бақмұхамедұлы Абылай ханның рухани ұстазы – пірі болған. Атам Оспан жас кезінде домбыраны шебер тартқан, көкпаршы болған екен. Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлына атам бірде мынадай бір естелік айтып беріпті:
«Біздер тойға барып домбыра ойнайтынбыз. Сонда көпшілік арасында кішкентай балалар да келіп бізді тыңдайтын. Біраздан соң ол балалар ойнауға кетіп қалатын. Тек бір бала ғана мізбақпай бізді тыңдап отырушы еді. Ол кейін аты шыққан әнші Құрманбек Жандарбекұлы». Өздеріңіз білесіздер, Құрманбек Жандарбекұлы қазақ ұлттық театрының негізін қалаушылардың бірі.
Осы жерде бір ұсыныс айта кетейін. Қ.Жандарбекұлы 1925 жылы Шымкенттегі орталық саябағында Қазақстан жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбайұлына ескерткіш орнатуға қаржы жинау мақсатында, бір өзі 101 ән орындамақ болып концерт берген. Концерт осы саябақтың ашық кинотеары сахнасында үш сағаттан астам уақыт жүрген. Енді осы тамаша өнер иесіне ескерткіш тақта орнатылса қаламыздың өнер тарихына үлкен үлес қосылар еді. Кезінде осы саябақта концерт берген орыс әншісіне ескерткіш тақта орнатылғаны естеріңізде болар. Оған қарағанда Құрманбек Жандарбекұлы осындай құрметке нағыз лайық тұлға. Егер осы ұсынысымды қала басшылығы қабыл алса, керек дерекпен бөлісуге дайынмын.
Иә, сонымен әңгімемді жалғастырайын. Мен 8 балалы жанұяда өстім. 2 қыз, 6 ұлмыз. Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы Шымкент педагогикалық институтында әдебиет пен тарихты оқытты. Анам Оразкүл Батырбекқызы үйде бізге қарады. Әкем мен анам біздің қолымызды қаққан жоқ, қай үйірмеге барғымыз келсе де қолдап отырды.
Кейін білдім, мен музыкаға өте жақын екенмін. Шымкенттегі Жамбыл атындағы, нөмірі 26 мектепте бірінші сыныпта оқып жүргенде, бір күні бір кісілер келіп қатар тұрғызып, бәрімізге қол шапалақтатқаны еміс-еміс есімде. Бізді осылайша музыкалық мектепке оқуға іріктеген екен. Солайша ырғақ есту қабілетімізді тексеріпті. Мен талап етілген қол шапалақтауды қайталай алмадым. Кейін бұл әдіс дұрыс емес екені белгілі болған. Бірақ, ол кейін ғой. Ал, 1963 жылы осы бір дұрыс емес әдіске бола, мен музыкалық мектепке бара алмадым. Арамыздан бір қызды, сыныптасым Гаухар Әжиеваны таңдап алғаны есімде қалыпты.
Менің анық байқалған қабілетім – бала кезімнен сурет салғанды жақсы көрдім. Бәрі қызығушылықтан басталады ғой. Ағам Нұралы, кейін тамаша әңгімелер жазды, суретті жақсы салатын, соған қызығып мен де сурет салдым. Ол кезде сурет салуға табиғи қабілетім осылай білінгенін сезбедім. Біздің әулетте барлығымыз суретке әуес болдық. Інім Есалы фотоаппаратпен сурет түсіру үйірмесіне баратын. Мен және інім Ералы сурет мектебіне бардық. Қазір Ералы Қазақстандағы белгілі суретшілердің бірі. Ол қазақ тарихына байланысты суреттерді шебер салады. Көпшілік ғаламтор желісінде оның суреттерін көптеп көреді. Інім Сералы кішкентай кезінен алғыр болды. Әнді жақсы айтатын. Бірақ көпбалалы үйдің жағдайы басқа ғой. Оны музыкалық мектепке бере алмадық, себебі ол мектепте оқу біздің үйдің балаларына қымбат болды. Дегенмен ол өз бетінше гитара үйреніп, екеуміз кейін «Музей» атты топ құрдық. 1994 жылы біз, кенже інім Қанәлі бәріміз әлемдегі ең атақты «Битлз» тобының музыкасына арналған, Англияның Ливерпул қаласында өткен Бүкіләлемдік фестивалге қатыстық. Бізге дейін КСРО мемлекетінен ол фестивалға ешкім бармаған екен. ТМД елдері арасында да біз алғашқы болдық. Бұның бәрі кездейсоқтық емес.
Кейін білдім, әжем Алтын Дәуренбекқызының інісі, Мәжит нағашымыз көркемөнерге жақын болыпты. Әкемнің ағасы Шерехан бабамның сурет салатын қабілетін танып, Самарқанға сурет салуды оқытатын оқу орнына апарыпты. Бірақ Шерехан бабам «Апамды сағындым» деп қайтып келген кезде соғыс басталып, майданға аттанған. Соғыстан кейін бұйрықпен әскер қатарында қалдырылған. Бұйрықтың аты бұйрық. Кейін әскерден босаған кезде, ол кісі бізге сурет салып көрсетті. Сурет мектебін бітірген мен сонда оның суретті жақсы салатынын байқадым. Жалпы, Шерехан бабам соғыс болмағанда шебер суретші, немесе ғалым бола алатын еді. Мен бала кезімде Шерехан бабамдай әскери адам болуды армандайтынмын. Ол кісі өте білімді еді. Жүріс-тұрысы да ерекше болатын. Бала кезімізде фотоаппараттың не екенін сол кісі Германиядағы қызметінен демалысқа келіп бізді суретке түсіргенде білдік. Ол кісінің «Киев» атты сол фотоаппараты қазір менің қолымда сақтаулы.
Әкемнің інісі Шажат (туғанда берілген есімі Шахизатхан) көкем Алматыда оқып жүргенде сурет салған. Ұлы суретші Әбілхан Қастейұлымен таныс болған. Ә.Қастейұлы Шажат көкемнің салған оюларын Алматыдағы кілем фабрикасына ұсынып, кілемдер де шығарылған.
Әкемнің кенже інісі Шералы көкем інісі Жамбыл атындағы мектебін алтын медалмен бітірген. «Металлург» футбол командасында ойнаған. Ленинградта тұрды, сол жақтан «Бердалы мен Ералы сурет салуларын тастамасын» деп үйге хат жазады екен.
Осы жерде айта кетуім керек, маған әкемнің қарындасы Нұрлыхан әпкемнің әсері аз болмаған болуы керек. Көзім нашар көретіндіктен бала кезімде әпкем мені дәрігерлерге көп көрсеткені есімде. Ол кісі де мінезді, өз қызметіне мығым. Туған әпкелерім Шәрбану мен Шәрипа болса да осындай дәрежеге жетуіме үлкен қамқорлықтарын жасады. Шәрбану әпкем есте сақтау қабілеті өте күшті. Қазақтың атақты тұлғалары туралы, тарихта қай жылы не болды, бәрін білетін. Шәрбану әпкемнің түрлі деректерді есіне түсіруіне көп көмекші болғанын әкем өзі айтып отыратын. Шәрипа әпкем сабақты кілең беске оқып бәрімізге үлгі болды.
Өнерге түбегейлі жақындауыма әкемнің досы, бүкіл өмірін қазақтың ұлттық оюларын жинауға арнаған ұлы суретші, ұстазым Ғани Іләйұлының әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мен бесінші сыныпта оқып жүргенде Ғани аға Қазақстанда алғашқы балалар сурет мектебін ашты. Мен сол мектепте төрт жыл оқыдым. Балалар сурет мектебі Ғани ағаның атымен аталуы керек деп газеттерде, ғылыми конференцияларда бірнеше рет ұсыныс жасадым. Бұл ұсынысым іске асты ма білмедім.
Бала кезімнен кітап оқуды жақсы көрдім. Сабақ кезінде көбінесе терезе жаққа қарап отыратынмын. «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа сияқты «Қазақстан пионері» газетін соңғы бетінен бастап оқитынмын. Себебі қызықтың бәрі соңғы бетте жазылатын. Кейін осы кітапты жазған жазушы Бердібек Соқпақбайұлымен кездессем деп армандадым. 1985 жылдың 15 көкек күні Алматыда сүйікті жазушыммен жолығып, ұзақ әңгімелестім. Бердібек ағам «Өлгендер қайтып келмейді» атты кітабына «Бердіәлі інім, Мұратыңа жет!» деп жазып берді. Кейін осы бір естен кетпес жүздесу туралы естелік жаздым.
Мен мектепте шығарманы жақсы жазатынмын. Мектепті бітіргенде жазылған мінездемеде, мен туралы «Жазушылыққа бейімділігі бар» деп жазылған еді. Бірақ мен оған онша көңіл аудармадым. Ол кезде «Битлз» музыкасын жақсы көріп, есіл-дертім сол «Битлз» тобының жетекшісі Джон Леннон сияқты атақты музыкант болсам деп армандаған кезім еді.
Англиядан келген соң, Қабылбай Төледиярұлы басқарған «Өнер» орталығында қызмет еттім. Сол кісінің қолдауымен Түркістанның 2000 жылдығына арнап «Рокпар» музыкалық фестивалін өткіздік. Қазақтың ұлттық ойыны «Көкпар» мен «Рок музыканың» аттарынан «Рокпар» деп фестивалдің атын, суреттей белгісін де өзім ойлап таптым. Фестивал республикаға, көрші елдерге кеңінен танымал болды.
2005 жылы жазда әкем, күзде жұбайым қайтыс болды. Жұмыссыз қалдым. Ұлым екумізге оңай болған жоқ. Ұлым Бектас-Әлібек мектепті бітіріп Алматыға оқуға кеткен соң, мен де Шымкентте қалуды жөн көрмедім. Оған екі себеп болды. Біріншісі – бала кезімнен Алматыда тұрсам деген арманым болатын. Бір жағы, өзімді қалай көрсетсем де Шымкентте қолдау таппадым. Неге олай болғанын білмеймін. Шамасы біз «Битлз» тобының әндерін ағылшын тілінде айтқанымыздан болар. Мүмкін жергілікті басшылыққа сол ұнамаған шығар. Басқа да себептер болуы мүмкін. Мен әрқашан «Битлз» әндерін қазақ тілінде айтсам деп армандайтынмын. Бірақ ол кезде аударма жасауға ақындық шеберлігім жетпеді. Алматыға келген соң бірнеше жылдан кейін әлемдегі ең танымал топтың әндерін қазақ тіліне аударып айтатын болдым.
Мен мақала жазуды Шымкентте тұрған кезімде үйрендім. Жазғандарым жергілікті басылымдардардың бәрінде де жарық көрді десем болады. Кезінде мақалам шықса деп армандаған, қара шаңырақ газеттің аты «Оңтүстік Қазақстан» деген жазудың үстіне, еліміздің әнұранын шығарған композитор Шәмші Қалдаяқұлына үлкен ескерткіш орнатылуы керек деген ұсыныс мақалам да жарық көрген. Бұл мен үшін үлкен жетістік еді. Себебі мен мамани журналист не жазушы емеспін. Мықты журналист қарындасым Жәмила Мамырәлі, «Бердалы аға, мақалаңыз жарық көрді», деп қуана айтқаны әлі күнге дейін есімде. Өздеріңіз білесіздер, қазір Шымкенттің төрінде Шәмшіге биік ескерткіш тұр.
Әсіресе менің жазғандарымды үзбей жариялаған «Шұғыла» мен «Айғақ» газеттеріне алғысым шексіз.
Алматы үлкен қала, Қазақстанның өнер және ғылым орталығы. Бұл қалада өмір сүру оңай емес. Мен бір бөлмеде 10 адам тұратын хостелде 3 жыл тұрдым. Жасы алпыстағы ер адамға түрлі жастағы, мінезі әркелкі адамдармен үш жыл бір бөлмеде бірге тұру оңай емес екені белгілі. Бұл менің ойлаған мақсатыма жетудің, әрі өмірдің мені тексеруінің бір сатысы деп білемін. Осындай қиын кезде, бір сайт маған апта сайын қазақтың бір салты туралы мақала жазуыма ұсыныс білдірді. Қазақ саналылығының жетістіктері туралы деректерді бұрыннан жинап жүргенмін. Осының пайдасы болды.
Ары қарай өзім ғылыми ізденістер жасап, ұлттық салтымыз туралы 156 мақала жаздым. Барлық мақалаларымда тарихи дерек келтірдім. Қазір қазақ салттарының аттарының тізімін жасап жатырмын, бұл тізім қазақ есімдері сияқты ешқашан таусылмайтын түрі бар.
Мақалаларымның бір бөлігін «Адырна» ұлттық бірлестігі жеке кітап етіп шығарды. «Салттар әлеміне саяхат» кітабымның алғысөзін атақты ғалым, академик Хангелді Әбжанов жазды. Бұл кісінің алғысөз жазуы — мен үшін үлкен сыйлық әрі жауапкершілік. Кітаптың тұсаукесері Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылардың қатысуымен өтті.
Жалпы қазақтың бар болмысының бастауы да, негізі де — ұлттық салттарымыз. Мен бұны жақсы білемін. Ұлы кинорежиссер Шәкен Айманұлы «Қазақтың салттарының бәрі дұрыс» деген сөзінің дұрыстығын тарих мойындады. Қазақты қазақ ететін екі асылымыз — Ана тіліміз және Ұлттық салттарымыз. Қазақ салттарын біздің идеологиямыз деуге болады.
2. «Есімдер: Сақтардан қазақтарға дейін» кітабын шығаруға не əсер етті?
— Алматыда да оңай болған жоқ. Теледидардан жиі көрініп жүрген, Шымкентте ең танымал адамдардың бірі болған маған, бұндай жағдай тіпті қамшы болды деуге болады. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы көз жұмған 2005 жылы, Шымкентте бастаған «Есімдер: сақтардан қазақтарға дейін» кітабымды жазуды жалғастырдым. Бұл кітапқа деректерді сәл бұрын жинай бастағанмын. Еліміздің жағырапиялық қоғамының журналына қазақ есімдері турады мақала жазу керек екен. Сол журналдың қызметкерлерімен таныс інім Ералы, осындай бір мақала жазсаң деген ұсыныс айтты. Жаздым. Мақалам бірден ағылшын тіліне аударылып жарияланды.
Қазақ ономастика ғылымының негізін қалаған академик Телқожа Жанұзақұлының кітаптарымен кішкентай кезімнен таныспын. Қазақ есімдері өзінше бір әлем. Есімдер қазақ тұрмысы мен тарихының сырын шертетінін біреу білсе біреу білмейді. Байқасам, қазақ есімдері бір үлкен әлем екен. Мысалы, қазақтар ер балаларға түрлі есімдер бере береді, ал қыз балаларға көз өтпейді деп тек әдемі есімдер береді. Есімдердің түрлері де көп: ай аттарына, асыл тастарға, дене мүшелеріне, жан-жануарларға, заттарға, киімге, қару-жарақтарға, мамандыққа, өсімдіктерге, салмаққа, салттарға, сандарға, тағамға, туыстыққа, түс-ырымға, елді мекендерге, ыдысқа т.б. байланысты есімдер бар. Бұған қоса бүркеншік есімдер мен лақап есімдерді қосыңыз. Егіздерге, үшемдер мен төртемдерге берілетін есімдер тағы бар. Есімдер туралы мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, ұзын және қысқа есімдер, тағысын тағылар.
Менің кітабымды оқыған кім болса да өз есімінің қай кітаптың қай бетінде бар екенін және сол есімнің тарихи иесі кім екенін білуіне болады. Мысалы, танымал қыз есімдерінің бірі Гүлнәр. Менің кітабымнан осы есім туралы мынадай нақты дерек оқи аласыз:
Гүлнәр 4, 262. Ақын, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының қызы. Жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ағасы Разақтың қызы. Жазушы Ғабит Мүсірепұлының қызы. Көрнекті қоғам қайраткері, дәрігер, тарихшы Қошке Кемеңгерұлының немересі. Г.Қорабаева – «Менің атым Қожа» кинофильмінде Жанардың ролін ойнаған артис. «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Бақытжан Әкімханұлы Жұмаділдің қарындасы. Гүлнәр Тұяқбайқызы Әлпейіс – музыкатану ғылымдарының кандидаты. Г.Құдабаева – жазушы Сәбит Мұқанұлының жұбайы Мәриям Қожахметқызының «Сағынышым – Сәбитім» атты естелігін қағаз бетіне түсірген жазушы. Г.Салықбай – ақын. Г.Досматова – актриса. Гүлнәр Баяхметқызы Сахатова – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шахматшы. Ақын, аудармашы, сыншы Асқар Құрмашұлы Егеубайдың қызы.
Бұл тек бір жағы. Кітабыма жазған кіріспемнен қазақ есімдері қандай жағдайда беріледі, кімдер беретіні туралы тарихи деректерді келтірдім. Қазақтың ұлы тұлғаларына кім қандай жағдайда, қандай есім бергені туралы да біле аласыздар. Және қазақ пірлерінің үлкен тізімін де келтірдім.
Бұндай бөлімдердің алғы сөздерін жазу да оңай болған жоқ. Мен не жазсам да тарихи дерек келтіріп дәлелдеп жазамын. Менің жазғанымның дұрыс немесе бұрыстығын тексеру қай оқырманға болса да қиындық туғызбайды. Көзқарақты оқырман қазақ ұлтының барлық тарихи кезеңдеріндегі есімдерді таба алады. Сақ, ғұн және байырғы түркі заманындағы есімдерді қолымнан келгенінше көптеген тарихи әдебиеттерді аударыстырып қарап, теріп шықтым. Бұл еңбегімді 15 жыл жаздым.
Әрине, кейбір есімдерді түрлі адамдардан, мекемелердегі жазулардан, тіпті қайтыс болған адамдар жерленген қорымдардан да жинадым. Ол есімдер 21 санымен белгіленді. Қалған есімдердің бәрін нақты әдебиеттерден жинадым. Қазақта «Инемен құдық қазғандай» деген салыстырмалы сөз бар. Кітабымды жазуда осындай еңбек еттім. Анам Оразкүл Батырбекқызы «қазақ есімдері аспандағы жұлдыздардан да көп» деп айтатын. Есімдер жинауыма туыстарым, туған бауырларым, достарым мен сыныптастарым, тіпті кездейсоқ таныс емес адамдар көмектесті. Қазақ есімдерін жинауды бүгінде де жалғастырып жүрмін.
Қазақ есімдері мен жер-су аттарын зерттеуші, еліміздің ономастика ғылымының негізін қалаған ұлы ғалым Телқожа Жанұзақұлы ағамыз бұл еңбегіме «Тарихи еңбек жаздың» деп баға берді.
Енді бұл еңбегімді неге жазғанымды баяндайын. Менің әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы, ұлтымыздың мақтанышы, жазушы әрі теңдесі жоқ ғалым Мұхтар Әуезұлының өзі таңдап алған соңғы аспиранты болды. Әкем Оңтүстік ақындары Майлықожа, Мәделі, Құлыншақ, Ергөбек, Молда Мұса, тағы басқа да дәулескер ақындардың жыр-мұраларын ауылма -ауыл, көз майын тауыса жүріп жинап, зерттеп жарыққа шығарған ғалым. Әкем қоғам қайраткері ретінде де белгілі болды. Кезінде сақ патшасы Томирис туралы қазақ тілінде алғаш жазды. 1972 жылы 9 мамыр күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Қазығұрт қыраны» мақаласында генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеді. Бір айдан соң әкемнің осы мақаласы республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарық көріп, бүкіл қазақ елі генерал Сабыр Рақымовтай батыр ұлымен қайта қауышты.
Әкем батырдың атын жаңғырту үшін көптеген еңбек жасады. Шымкенттегі әскери мектеп-интернатқа батырдың атын бергізді. Мектеп алдына батырдың кеуде мүсінін орнатуға мұрындық болды. Басқа да еңбектері баршылық. Кейін әкемнің осындай еңбектерін иемденіп кетпек болған алаяқтарды әшкерелеп, сотқа да бердім. Менің шығармаларымды да ұрлағандар табылды.
Айтайын дегенім, ешқашан есімтанушы боламын деп ойлаған емеспін. «Есімдер: сақтардан қазақтарға дейін» кітабымды жазуға ғалым Әсілхан Оспанұлының балалары майдаланып кетіпті, деп айтпасын, деген намыс себеп болды. Әрине, мен суретші ретінде көптеген сурет көрмелеріне қатыстым, әлемдегі ең танымал «Битлз» тобы музыкасының Бүкіләлемдік фестиваліне қатыстым. Фестивал басшылығы Елбасымыз Н.Назарбаевтың атына «Құрметті Президент мырза! «Музей» тобы сіздің еліңіздің атын әлемдік музыкалық картаға енгізді» деген пікір білдіріп хат жолдады.
Дегенмен, әкем ғалым болғандықтан, кітаптан артық не бар деп, салмақты дүние жазғым келгенінің арқасында «Есімдер: сақтардан қазақтарға дейін» атты кітабымды жаздым. Бұл еңбегім жазылуы, жарық көруі де оңай болған жоқ.
«Есімдер: сақтардан қазақтарға дейін» кітабым мемлекет қайраткері Мұхтар Тәжин деген азаматтың көзіне түсіп, сол кісінің шешімімен 2019 жылы 3000 дана болып жарық көріп, Қазақстанның кітапханаларына таратылды. Әкем мен Анамның аруағы бұл ісіме көңілі толды ма, жоқ па білмеймін. Мен қолымнан келгенін жасадым. Әлі де қарап қалмаспын деген ойдамын.
3. «Алаш айнасы» сайтында «Халық саны көбею үшін мемлекет жас жұбайлар неке куəлігін алған күні оларға бір бөлмелі пəтер беруі керек. Жанұя өсіп -өніп басқа пəтер немесе жеке үй алса, бір бөлмелі пəтер тек жаңа үйленген жастарға берілуі шарт» депсіз. Осы туралы тағы өрбіте кетсеңіз…
— Иә, мен түрлі газеттерде, теледидар ток-шоуларында өз пікірімді талай білдірдім. Мысалы «Айтуға оңай» бағдарламасында да айттым. Сонда маған жүргізуші «Сіздің айтқаныңыз бұл тақырыпқа қатысы жоқ» деді. Мен сол сәтте, ток-шоулардың мақсаты тақырыптың үдесінен шығу емес, тек елдің құлағын көтеріп, көрермендерді көптеп жинау сияқты ма қалай, деген ойға қалдым.
Менің ұсынысым тығырықтан шығудың бір жолы деп білемін. Қазақстанда не көп – жер көп. Қазақстан жерінің аумағына 5 Франция сыйып кетеді екен. Сонымен не істеу керек? Көптеп мемлекеттік бір бөлмелі арзан үйлер салу керек. Қайталап айтайын, бұл үйлер жекешелендіруге болмайтын мемлекеттің меншігі болуы тиіс. Бұндай үйлер мемлекетке арзан болуы үшін шетелдердегідей пәтер-студия жобасымен салынуы тиіс. Бұндай пәтерде тұратын жер мен ас жасайтын орын бір бөлмеде орналасады. Пәтер-студияның аумағы 30 шаршы метрден аспайды. Бұл мемлекетке әрі арзан, әрі тиімді. Және ең бастысы бұл пәтерлер жас жанұяға, бірінші сәбиі дүниеге келгенде берілуі тиіс. Онда да бірден беріле қоймайды. Сәбиханадан шыққан күні есік алдында пәтердің кілті табысталсын. Бұны тексеріп отыру қиын емес. Аяғы ауыр жас келіншек емханада тіркеуде тұрған сәттен бастап бірден пәтер-студия алу кезегіне тіркеледі. Бұндай электрондық тізімді жасау қазіргі жағдайда еш қиындық тудырмайды.
Осындай бір балалы жанұя, кейін қанша балалы болса да осы пәтер студияда өмір бойы тұруға ерікті. Бірақ қай жанұя боса да болашақта үлкен үйде тұрсақ дейді, және бірнеше балалы болғанды армандайды емес пе? Сонымен пәтер-студияда тұрып жатқан жанұя жаңа үй алса, немесе үй салып көшетін болса, пәтер-студияны мемлекетке қайтарып береді. Ол пәтер сәбилі болған жаңа жас жанұяға беріледі. Осылай жалғаса береді. Мемлекет осылай жасаса жастарға үлкен ынталандыру болады, әрі ажырасу да күрт төмендейді.
Әрине, өмірде түрлі жағдайлар болып жатады. Бұндай пәтер-студия жалғыз аналарға да берілуі тиіс. Егер жас жұбайлар ажырасып кетсе, пәтер-студияда жас келіншек баласымен тұра береді. Сонда ол келіншектің жаңа жанұя құруына да мүмкіншілігі болады.
Қазақ ұлтының санын көбейту туралы айтатындар көп әйел алуға рұқсат берілуі керек дегенді алға тартады. Көп әйелді бұрынғы кезде тек байлар ғана алған. Демек бұндай заң қабылданса кедейлер тарапынан үлкен әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін. Бұл саны аз мемлекеттің болашағына балта шабу болып табылады. Қазіргі өркениет дамуы табиғаттың өз заңдылықтары бар екенін ұмыттырып жібергендей. Баланың көптігі әйел санымен өлшенбейді. Мысалы ақын Абайдың әулетін алайық. Мен Абай энциклопедиясынан, ақынның бабасы Кеңгірбайдан бастап қанша әйел алғандарын, олардан қанша бала дүниеге келгенін есептедім. 15 әйел алыпты, әрқайсынсына шаққанда бір әйелге 2,5 жарым баладан келді. Мен осылай деп «Айтуға оңай» бағдарламасында да айттым. Басқа жерлерде де айтып жүрмін.
Қазақта көп балалы жанұя әрқашан құрметті саналған. Сол құрметті күшейту керек. Әр сәбиге берілетін жәрдемақы көп болуы шарт. Көп балалы аналарға жұмыс істегендей өтіл жазылып, зейнетақы алуы заң бойынша қамтамасыз етілуі тиіс деп білемін.
Жас кезімде газеттен оқыған едім, Румынияда төрт балалы әйел үйде жұмыс істемей отыруына болады екен. Ал Прибалтика республикаларында қыз-келіншектер механизаторлық жұмысқа жіберілмейді. Қазақстанда да қыз баланың болашақ ана екені еске алынып олардың денсаулығын дұрыс сақтау үшін мемлекеттік тарапынан осындай қамқорлықтар жасалынуы тиіс.
4. Жастарды ғылым мен білімге ұмтылдыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
— Үлкендер жастарға ғылым мен білімге ұмтылдырудың үлгісін күніге көрсету керек. Бұл жасы үлкен ұрпақтың міндеті. Ата-ана бала жарық дүние есігін ашқаннан бастап ана тілінде сөйлеуі тиіс. Сонда бала таза сөйлеуді, қандай білім алса да қандай тіл үйренсе де дұрыс үйрену әдетін қалыптастырады.
Ата-ана ертегі оқып, кейін кітапты бірге оқып, көркем фильмдер мен мультфильмдерді бірге көру, күніге әңгімелесу, бірге қыдыру қалыпты жағдай болса, бала кейін үлкен азамат болып қалыптасады.
Үлкен азамат болу дегеніміз отаншыл, мемлекетшіл болу, ал мемлекетшілдердің арасынан тамаша басшылар шығары сөзсіз. Сонда Қазақ елі өркениеттің ең биік деген сатыларына көтеріледі.
Үзілген жіпті жалғау өте қиын екені бәрімізге белгілі. Ата-ана мен балалардың қатынасы ешқашан үзілмеуі тиіс. Бұл дүниеде ең құнды байлық — Ата-ана мен балалардың арасындағы сыйластық. Ал бұндай сыйластық түсіністіктен басталып ары қарай қалыптасады.
Егер Ата-Ананың әңгімесі күнделікті күйбең тіршілік тақырыптарынан аспаса, саны шексіз телехикаялар мен арзанқол күлкілі телебағдарламалар аясынан аспаса, бұндай жанұялардың ұрпақтарының болашағы бақытты бола қоюы күмәнді.
Бала жарық дүниені өз үйіндегі заттарды көріп танудан бастайды. Егер үйде ғылым мен білімнің көрінісі болып табылатын кітапты көрмесе, онда ол әлемді тануы тереңге бармайды. Әрине, кітаптардың да кітаптары бар. Біздің үйде қазақ ақын-жазушыларының барлығының дерлік жеке кітаптары, немесе түрлі жинақтар болды. Түрлі ғылыми және тарихи әдебиет те аз болған жоқ. Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы мектепте оқып жүрген кезімде: «Қолыңа алған кітапты оқып болғанша сөреге қойма. Қойсаң кейін оқымайсың», деп айтып еді. Әкемнің сол сөзі маған ереже болды. Мен қазір де кейбір кітаптарды қолыма алмаймын. Алсам қалайда оқып шығамын.
Әке-шешеміз бәрімізді кітап оқуға бала кезімізден баулыды. Бір күні әкем бәрімізді төргі бөлмеге жинады. Содан соң «Бүгін Бердалының туған күні, құттықтаймыз» деп маған жазушы Ғабит Мүсірепұлының «Қазақ солдаты» кітабын сыйға тартты.
Сол күні кітапты бас алмастан оқуды бастап кеттім. Кітап балалар үйінен қашқан Қайроштың әңгімесінен басталады: «Қашып келем, қашып келем…»… Кітаптың ішіне кіріп кеткен мен де қаша жөнелдім десем болады. Мектеп бітірерде қазақ әдебиетінен шығарма жазғанда «Менің сүйікті кітабым» деген тақырыпты таңдап алып, осы «Қазақ солдаты» туралы шығарма жаздым. Сонда мені оқытқан ұтаздарым шығармамды үлкен әңгіме етіп, өте таң қалған болатын. Сондықтан болар менің мінездемемде «Жазушылыққа бейімі бар» деген жазылғаны. Сол шығармамды қазір оқысам ғой, шіркін!…
Жас ұрпақты ғылым мен білімге жақындастыруда Ата-ананың орны зор. Бала үйде қай тілді есітсе, сол тілді жақсы біліп өседі. Тілін сыйлап өскен бала Отанын сыйлап өседі. Менің әкем қазақ тілін аса құрметтейтін еді. Бұнысымен көп адамдарға үлгі болғаны да шындық. Мынадай бір оқиға әлі есімнен кетпейді. Мен күзде туғандықтан, туған күнімді бірнеше жыл қатарынан мақта терімінде атап өттім.
Оныншы сыныпта оқып жүргенде мақта теріміне Жетісай ауданының, ұмытпасам Ленин совхозына бардық. Бұл 1972 жылдың қазан айы болатын. Ол кезде барлық жерде тек орыс тілінде жазылатын «заман» еді ғой. Бір күні маған үйден жеделхат келді. Онда әкем қазақ тілінде «Туған күнің құтты болсын құлыным! Есәлі тентекке сәлем» деген бір ауыз ғана сөз жазыпты. Сонда мектепте бірге оқитын сыныптастарым таң қалғаны есімде. Ұстаздарым да «Сенің әкең нағыз қазақ!» деп айтқандары кеудемде қуаныш сезімін оятқаны дәл бүгінгідей есімде. Ата-анама байланысты осындай қуаныш сезімдер мені бүгінде де алға жетелеп келеді.
5. «Шымкент келбеті» газетіне берген бір сұхбатыңызда «60-тан асқанда ұстаздың алдына барып домбыра үйрендім» депсіз. Нотамен үйрендіңіз бе? Қай күйді жақсы тартасыз?
— Мен Шымкент ұстаздар институтының көркем графика факультетінде оқыдым. Дегенмен музыкант боламын деген арманым орындалып зейнеткерлікке музыкант ретінде шықтым.
Бірақ бірінші сыныпта оқып жүргенде мектептен қайтқанда, қазіргі Абай және Гагарин көшелері бұрышындағы «Шұғыла» әмбебап дүкенінің бірінші қабатындағы сату бөлімінде, ілініп тұратын гитараларға қарап жүретінмін. Айтайын дегенім бала кезімде радиодан күйлер берілгенде әкем сол күйлердің, немесе опера арияларының түсін түстеп, атын айтып отыратын. Мен ажырата алмайтынмын.
Кейін «Битлз» әндері маған өте қатты әсер етті. Сондай әндердің алғашқысы «Мен жақсырақ білгім келеді» деген Джон Леннон шығарған ән. Қатты әсер еткені соншалық, тек сол топтың музыкасынан басқаға көңіл аудармайтын болдым. Маған гитара әперіңдер деп үйдің тынышын алдым. Кейде гитара алып бермегеніне өкпелеп үйден қашып кеткен кездерім де болды. Бірақ ол кезде гитара табылуы өте қиын болатын. Балалық қой… Кейін 1994 жылы тамыз айында Англияға барып, «Битлз» тобының музыкасының Бүкіләлемдік фестиваліне барып келген соң, анам Оразкүл айтады, «Еее, сол кезде Бердалының арқасы қысып жүр екен ғой» деп.
Менің дыбысты жақсы естігеніммен әуен құрылымын есту қабілетім өте төмен болды. Музыканы дұрыс ести білу де сурет салу, есепке жүйрік болу сияқты барлық адамға беріле бермейді. Мысалы менің інім Сералы бір естіген әнін тез жаттап алатын. Ал маған әуенді жаттау үшін көп рет қайталауым керек еді.
Анамыз Оразкүл Батырбекқызы айтатын: «Соғыс жылдары ауылға ақындар келеді. Түні бойы ән, терме айтады. Сонда ол кезде ақша жоқ, әйелдер ақынның алдындағы орамалға сақина білезіктерін тастайтын. Мен сонда бір естігенімді бірден жаттап аламын да ертең өзім қатарлы қыздар мен балаларға айнытпай айтып беремін». Анама еріп талай тойға бардық. Сонда анамызға сөз бергенде, өз жанынан 40 шумаққа дейін өлең шығарып той иелерін жастарды, туыстарды құттықтағанын талай көрдік. Сонда анама көпшілік риза болып кейбірі қолына, кейірі орамалына ақша қыстырып жататын. Сонда, баламын ғой, осы ақшаны маған берсе, деп қызығатынмын. Анам ол жиналған ақшаны сол жерде жас жұбайларға, туыстарына таратып жіберетін. Бірақ анамның музыкалық қабілеті маған ауыспапты. Бірақ өлең, ән шығаратыным бар.
Сонымен мен музыка естуді қалай үйрендім дейсіз ғой? «Музей» тобын құрған соң, аптасына 3 рет дайындық жасаймыз. «Битлздың» әндерін өзімізше қайталап айта береміз. Бірте бірте құлағым ашыла бастады. Дегенмен мен сияқтыларды музыка тіліне бала кезден үйрету керек.
Сонымен көп жылдар бойы ән-күйді жанымдай жақсы көріп жүрдім. Бірақ музыка күші баурай берді. Кейін жылдар өте музыканы басқаша еститін болдым, әуенді жаттауым да басқаша болды. Сонда байырғы арманыма қайта оралдым.
Менің білуімше әлемдегі ең үздік әуенді аспап – домбыра. Басқа аспаптар да тамаша. Дегенмен, адамға, әсіресе қазаққа ең жақыны домбыра. Ол сенің досың сияқты. Сен оны жақсы түсінесің, ол да сені солай түсінеді. Жалпы, мен ойлаймын, домбыра тарта алатын адамдар дүниедегі ең бақытты жандар.
Жасым 60 келген кез. Алматыда хостелде, бір бөлмеде екі деңгейлі бес кереует, 10 адам тұрамыз. Сонда маған ой келді. Қашанғы армандаймын. Одан да іске көшейін, дедім өзіме өзім. Жақын жерде «Көкіл» атты елге белгілі орта мектеп бар болатын. Ол мектептің оқушыларының бәрі басқа пәндерді оқумен қатар домбыра аспабында ойнауға міндетті. Домбыра ойнамаймын дегендер ол мектепке қабылданбайды. Мектептің басшысы, атақты күйші, ғалым Абдулхамит Райымбергенұлына барып бұйымтайымды айттым. Ол кісі бұнымды мақұл көрді де мектеп ұстаздарының біріне айтты. Сонымен ай сайын мектепке ақысын төлеп домбыра үйрене бастадым. Қазір Қазақстанда домбыра үйренудің екі жолы бар. Есте сақтап үйрену және нота танып үйрену. Мен әрине біріншісін қаладым. Нотамен ойнау менің қиялымды, сезінуімді шектейтін болғандықтан одан бас тарттым.
Бірнеше күй үйрендім. Қазір таңертең сол күйлерді тартуды әдетке айналдырдым. Домбыраны кез келген жаста үйренуге болады. Домбыра арқылы, қазақ есімдерін жинау, зерттеу барысында, қазақ салттары туралы мақалалар жазып мен өз ұлтымды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім.
6. Əлемде қазақ ұлты сақталып қалу үшін сіздің ойыңызша не істеу керек?
— Бұл әлем, Жер планетасы қандай мәңгілік болса, Қазақ та сондай мәңгілік ұлт. Өткен мыңжылдықтарда небір жоқ болып кететін кезде мойымай, қиыншылықтарды жеңіп тәуелсіздігіне жеткен Қазақ ұлты енді ешкімге де бас имейді деп сенемін. Оған мүмкіншілік те баршылық.
30 жыл бұрынғы жағдаймен бүгінгі күнді салыстырып көріңізші. Есіңізде ме, жарық жоқ, жылу жоқ, жұмыс жоқ, дүкендерде алатын азық жоқ. Кеңес ақшасының арзандап, кейбір болмашы заттардың 40000 сом болғанын да көрдім. Өнеркәсіптер тоқтап, зейнеткерлерге зейнетақы төлеу қиын болған кез болды емес пе? Көп қабатты үйлердерде тұратындар есік алдына кірпіштен ошақ құрастырып, саябақтан ағаш сындырып әкеліп тамақ пісірген кездері есімде. Соның бәрі кейбіреулердің есінен шығып кетті.
Алдымызда әлі де талай қиыншылықтар мен тосқауылдар тұрғаны анық. Оларды қалай жеңеміз? Ата заңымызбен қамтамасыз етілген адам құқығының бұзылмауын қамтамасыз ететін қоғамды орнатуға атсалысуымыз керек. Барлық адам өзінен бастауы тиіс. Ол үшін үлкен демей, жас демей білім алуы керек. Үлкендер жастарға үлгі көрсете жүріп, білімін үзбей толықтырып отыруы керек. Әр адам заң аясында өмір сүруге талпыну керек. Заң аясында өмір сүруді басқалардан қалай талап етсең, өзіңнен де солай талап етуге тиіссің. Барлық жерде. Сонда ғана еліміз өркендейді деп сенемін.
Болашақтың кілті өз қолымызда.
7. Қазір енді не жазып жүрсіз?
-Алматыда ертегілер жаза бастадым. Бұл бір қызық болды, өздері келеді. Мен тек жазамын.
«Джон Леннонның күнделігі»атты кітабымды аяқтадым.
Алматыда 3 жыл хостелде тұрдым.
Қазір «ХОСТЕЛ» деген кітап (шағын әңгімелер жинағы) жазып жатырмын.
— Әңгімеңізге көп рақмет.
Сұхбатты жүргізген Базаркүл ҚАЛБЫР.
Comments