ӘдебиетҚоғамМәдениетРуханият

Арайлым САТТАРОВА: Өз үйінде бақытты адам — ең бақытты жан!

 

1. МЕН КІММІН ЖӘНЕ ҚАЙДА БАРАМЫН ДЕП ОЙЛАНЫП КӨРДІҢ БЕ?

— Мен ең әуелі Алланың құлы, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың үмбетімін. Онан соң адам болуға талпынып жүрген және перзенттерімді де адамдыққа тәрбиелеп жүрген анамын. Көп ойланамын. Өз ісімнің маманы болсам деймін. Елден алғанымды еселеп қайта халыққа қайтара алатындай берерім бар болса мен өзімнің кім екенімді мойындар едім. Алдымда өзіме ғана аян бір жарық бар. Ол өте биікте. Сол биіктіктікке бір иығыма отбасымды, екінші иығыма өнерімді, арқама тағдыр тарихын арқалап, үміт шырағын қолыма алып жол салып барамын. Ол нұр — өзіммін. Себебі, өмірден алғаным мен бергенімді көрсетіп, өз бағамның деңгейін бағалайтын сол заңғарлы шың ғана менің адам бола алғаным мен қарапайымдылығымды жоғалтпауымның айнасы болады.

2. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚПЕН АЙНАЛЫСУЫҢА НЕ ӘСЕР ЕТТІ?

— Өнер — киелі ғой. Бұл, Тәңірдің маған берген тәтті сыйы. Онан соң әке қанымен баба рухы жебеп аян арқылы бойыма біткен қастерлі өнер. Әкем марқұм өнерлі, данышпан жан еді. Ең алғаш қолыма домбыра ұстатқан да әкем. Әкемнің маған артқан үмітін ақтауға бел будым.

3. ӨЗІҢЕ ҚАЙ ШЫҒАРМАҢ ҰНАЙДЫ?
НЕЛІКТЕН?

— Ән тербейді жүрегімді әлдилеп.
Менің ойымша сазгер — бүкіл дүниені құшағына сыйдырып, әлемді әнімен тербете алатын қасиетке ие. Әнді — адам жанын көзге көрінбес өзге әлемге жетелейтін, ғаламды уысында ұстап, бүкіл болмысыңды сиқырлап тастайтын қасиетті күшке ие деп білемін. Мен, сол ән әлемінің әдемілігін жүрек көзіммен көріп және оның үнін тыңдадым. Сондай бір сезіммен туған әндерімнің ішіндегі ең жаныма жақыны «Ән болып төгіл назды үнім» деген әнім. Бұл ән туғанда мен әнмен бірге дүниеге қайта келгендей болдым. Күнәдан пәк сәбиге айналдым. Сол сәт ғажапқа малынған жүрек нұры жанарымнан төгіліп, сәби үні естіліп, әлем аспаны әнге бөленді.

4. ҰСТАЗЫҢ БАР МА?
КІМДІ ҮЛГІ ТҰТАСЫҢ?

— Ұстазым — өмір. Әкемді үлгі тұтамын. Әкем — мен үшін де, бауырлары мен достары үшін де тұғырдан түспейтін бағасы биік асқар тау.

5. АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТЫҢ ОРЫНДАЛЫП КЕЛЕ МЕ?

— Адамда арман таусылмас. Әуелі Жаратқанға тәуба! Қиял — жүйрік. Сол жүйрік тұлпарды тізгіндеп, арманнан аттап, мақсатқа жол тарттым. Мақсатқа жетеріме сенемін.
Меніңше мақсатқа жету бір бөлек те, сол жетістіктен алғаныңды халыққа еселеп қайтара алу, ол — мықтылық. Сол үшін де адамға құлық, білік, ыждағат керек. Еңбегіңді бағалайтын елің барда есімің мәңгі тарихта қалары даусыз. Сондықтан Елдің менен көргісі келген нәрсесін мен өзім аңсаған биігімдегі жарыққа жету арқылы дәлелдеп, сол сәулемен бүкіл әлемді нұрға бөлесем екен деймін.

6. БАҚЫТ ДЕП НЕНІ ТҮСІНЕСІҢ?

— Шындығында қарапайым ғана нәрсе ол, өз шаңырағыңда бақытты болу. Өз үйінде бақытты адам — ең бақытты жан. Мен бақыттымын. Елім бар, Жерім бар, бауыр да, бала да, тілеулес достарым да бар.

Ең бастысы пейілім ақ, ниетім түзу, арманым асқақ. Сол себепті де мен бақытқа тап болған жанмын. Рахат сезім адамды бақытқа бөлейді ғой. Өз жұмысымнан өнерімнен жаным рахат табады. Біреуді қуанту да бақыт. Сол арқылы өзің де бақытты екеніңді сезесің.

7. ӨЗІҢНЕН КЕЙІНГІ ЖАСТАРҒА КӨҢІЛІҢ ТОЛА МА?

— Иә, жастарға көңілім толады. Қазіргі таңда адамға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі жастарымыз ақылды, білімді, әдемі. Иманды, өнерлі жастарымыз да көп.
Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Мен жастарға сенемін!»

8. БАЛАНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІ НЕДЕ ДЕП ОЙЛАЙСЫҢ?

— Адамға ең бірінші тәрбие керек. Әуелгі тәрбие имандылық, жүрек тазалығы, рухани бай болуы, адамдылық пен білімділік. Адамға — адам болу, ойлай білу, тыңдай білу — осы үш қасиет керек деген аталарымыз. «Ұлдың ұяты — әкеде, қыздың ұяты — шешеде» дейді ғой. Ұрпағың жақсы болу үшін, әуелі өзің жақсы болуың керек. Бір күн түсіндіргенше, бір сағат істеп көрсеткен дұрыс. Бала көргенін жасайды. Сондықтан да мен ұрпағыма үлгі боларлық жақсы істі, түзу сөзді, шыншылдықты сүйемін.

9. КҮНДЕЛІКТІ ЖОСПАРМЕН ЖҮРГЕН ДҰРЫС ПА, ӘЛДЕ ӨМІР АҒЫНЫНА ІЛЕСКЕН ЖӨН БЕ?

— Өмірде қатып қалған қағида жоқ. Бәрі де өзгереді. Өз ойым, уақыттың төрелігін көріп, өмір ағынымен жүрген дұрыс деп ойлаймын.

 

Сұхбатты  жүргізген: Базаркүл  ҚАЛБЫР

Екпе салдыру — індетті тоқтатудың бірден-бір жолы

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *