Биылғы жылы әлемнің көптеген спортшылары үшін ең маңызды жыл болғалы тұр. Өйткені 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында 32-ші жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл олимпиадаға Шымкент қаласының қоржынында бүгінгі күні спорттың 7 түрі бойынша 11 олимпиадалық лицензиячы бар. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, кездесуде алдағы жауапты жарыста сәттілік тілеп, байрақты бәсекеде жеңіспен келулеріне сенім білдірді. Қала әкімі өз сөзінде: «Спорт — бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, еліміздің көк туын мақтанышпен жоғары көтеріп жүр. Спортшыларымыз — біздің мақтаныштарымыз! Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз және тілеулеспіз. Сіздердің жеңіспен оралатындарыңызға сенім білдіреміз!- деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етті. Айта кететін жайт, Шымкент қаласынан стенд атудан — Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя, оқ атудан — Юрий Юрков, каратэден — Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев, бокстан — Закир Сафиуллин, көркем гимнастикадан — Алина Адилханова, байдарка және каноэден — Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов, дзюдодан — Галбадрах Отгонцэцэг қатысатын болады. Сонымен қатар Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына енді. Осынау байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғап, сынға түсетін сайыпқыран спортшыларымызға сәттілік тілейміз!
Comments