Қоғам

«Ұрпағымыз соғыс көрмесін!»

Кəлмен көкенің бүгінгі көлік мінген суретін көріп, ештеңе жазбай отыра алмадым.

Дегенде, біздің Ордабасы ауданы əкімі Нұрбол Тұрашбеков сол бір сұрапыл соғыстан аман оралып, талай жыл шаруашылықта түрлі жұмыс істеген еңбек ардагері К. Мұратовқа көлік сыйлап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алатынын дəлелдеді.
* * *
Сонау бір жылдары Сталин деп аталатын колхоз болған. Менің нағашы əжем Орынкүл сонда келін болып түсіп, анам Ханзада (кейін Қанзия аталып кеткен) мен нағашы ағам Тілеубергенді өмірге келтірген екен. Атың өшкір сұм соғыс басталып, Құдай қосқан қосағы Нияз Елмұратов та көппен бірге қан майданға аттанады. Кейін Нияз атадан бір — ақ рет хат келеді де, сонан хабарсыз кетеді. Көршісі Бибісалы əженің бір ұлы мен қызы бар -тын. Ұлының есімі Кəлмен. Он сегізге толғанда ол да соғысқа аттаныпты. Өмірі бар да, кейін сол қолынан жараланып, екінші дəрежелі мүгедек болып, елге аман оралады.
Сонымен Ұмсын атты ұзын бойлы, аузын ашса жүрегі көрінетін қараторы қызға үйленеді. Өмірдің сан түрлі қызығы да, қиындығы да толы ғой. Бибісалы əженің емшілік қасиеті бар. Балаларды түкіріп, қолынан келген емін үлкендерге де көрсетіп жатады. Бірақ келіні Ұмсын бала көтергенімен, тұрақтамай, шетінеп кете беретін болған. Өзгенің балаларына қонған ем өз немерелеріне қонбай қояды. Осылай 8 сəби өмірмен қоштасады. Қазақы қасиеті бұзылмаған кез емес пе, бұрынғының жолымен қос жас əулие аралайды. «Құдайдың құдіреті күшті ғой. Ақын -Жақып əулиенің басына түнеген күні Кəлмен түс көреді. Сонда бір ата келіп: «Үлкеніңнің атын Ақын, онан кейінгіңнің атын Жақып қой» деп таң алагеуімде аян береді. Адам айтса сенгісіз, осы оқиғадан кейін қыз өмірге келіп, есімі Ақын, онан кейін ұл Жақып аталады. Осыдан бастап дүние есігін ашқандардың бəрі аман — есен болды» дейтін əжем сол күндерді еске түсіріп. Екеуінен кейін менің құрбым Жарқын (соған еріп мен де көке деп кеткенмін), Нақып, Бақыт, Қанат, Сағат, Батыр өмірге келеді. Бибісалы əже ұлының соңынан ерген сегіз баланың алтауын көріп барып, өмірден озды.
Иə… Кəлмен көке мен Ұмсын апа екеуі де балаларға сондай жайлы болатын. Тілеуберген көкем əскерге кеткенде (мені əкем мен шешем ақылдасып нағашы Орынкүл əжемді жалғыз қалмасын деп берген ғой) Ұмсын апа күн сайын кешке шəй ішуге үйіне шақырады немесе біздің үйге өзі келетін. Шыны керек, менің олардың үйіне барғым келіп тұрады. Өйткені бəріміз бір рахаттанып жастықты ат етіп ойнаймыз шуылдап. Сонда олардың екеуі де лəм -мим деп ешкімге ұрыспайды. Не деген шыдамдылық деп таң қаламын қазір… Күліп, шəйлерін ішіп, əңгімелерін айтып отыра береді. Кейін ол ауылдан сонда отырған 24 отбасы жан — жаққа көшіп кетті. Ал қос көрші Бадамға көшіп келді. Мұнда да екі үйіміз туыстай болып, құрттай қатынастық. Балаларының бəрі жоғары білім алды. Қазір ұлдары ұяда, қос қызы қияда. Бірнеше немере мен шөбере сүйіп отыр. Осыдан бес жыл бұрын Кəлмен көкені ортаға алып, бар балалары жиналып, Ақын -Жақып əулиенің басына құран оқытты. Бұл күнде нағашы əжем, Жарқынның анасы Ұмсын, нағашы ағам Тілеуберген арамызда жоқ. Əжемнің ұлы мен қызынан, Ұмсын апаның балаларынан бірнеше немере сүйіп кеткенін құрбым Жарқын екеуміз медеу етеміз.
Кəлмен көке биыл 97 жасқа келді. Əлі тың, қозғалысы ширақ. «Енді соғыс дегенді ұрпағымыз көрмесін. Ол кез келмеске кетсін» дейді.
Жаны жайсаң, болар -болмасқа ренжуді білмейтін Кəлмен көке аман болып, шөпшегінің қолынан май жалауды нəсіп еткей!
Осыны оқыған əрбір жанға Кəлмен көкенің жасын берсін! Аспанымыз ашық, Көк Туымыз биікте желбіресін!
Базаркүл Қалбыр.

МЕНІҢ ƏКЕМ МАЙДАНГЕР

Алдыңғы

Қос ішекті домбыраны серік еткен Мәнзура

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *