Жаңалықтар

АҚЫНЫН АРДАҚТАУДА ЕЛІ БҮГІН

Исраил САПАРБАЙ – 80 жас
АҚЫНЫН АРДАҚТАУДА ЕЛІ БҮГІН
Биыл даңқты жерлесіміз, ақиық ақын, дарабоз драматург, айтулы аудармашы, сырлы сазгер, Түркі поэзиясы Халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағы Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев атындағы Халықаралық сыйлықтарының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы Исраил (Исрафил) Сапарбай сексен жасқа толады. Махаббатты мадақтап, маздатқан ақынды айтулы мерейтойымен шынайы құттықтап, оның өмірі мен шығармашылық жолы жайлы әңгіме өрбітпекшіміз.
Исраил Сапарбайдың атамекені – тәбәрік Түркістан өңірі екен. Алайда, тағдыр тауқыметімен, ашаршылық нәубетімен Нәзір Төреқұловтай атпал азаматтың септесуімен олардың ата-бабалары, жүзге жуық отбасы сонау шалғайдағы Самарқан облысының Қушрабад қыстағына қарай қоныс аударыпты. Сонда жарық дүние есігін ашқан балақай бес жасқа толғанда олардың отбасы Мырзашөл маңайына көшіп келеді. Орта мектепті бітіріп, қолына кәмелеттік аттестат алғанша туу туралы куәліксіз жүре берген көрінеді. Сөйтіп, тылсым табиғатпен қоса-қабат күллі адамзаттың жасаратын, жаңғыратын кезеңі — көгілдір көктемді жан-тәнімен жақсы көретін болашақ ақынның туған күні 1941 жылдың 15 мамыры деп жазылып кетіпті.
Шымкент педагогикалық институтының (қазіргі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті) қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің түлегі. Сөз орайы келгенде ол Әбсаттар Дербісәлиев, Оңғар Тәжиев сынды курстастарымен бірге осы оқу орнын үздік дипломмен бітіргенін тілге тиек ете кетейік. Аталмыш жоғары орнын әр жылдары тәмамдағандардың арасында Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Әбілда Аймақ, Бақытжан Алдияр секілді айтулы ақындар шыққанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек.
Жоғары білімді жас маман бірнеше жыл Шымкент (қазіргі Түркістан) облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет істеген. 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1976-1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент (қазіргі Түркістан) облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарған.
1983 жылы арман қала – Алматыға аттанған. «Жалын» баспасында аға редактор, 1984-1985 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. Сол кездері Келес ауданында өткен қазақтың майдангер ақыны Тоқаш Бердияровтың 60 жасқа толған мерейтойына қатысқан. 1985-1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильм» телестудиясы Бас редакторының орынбасары қызметін атқарған.
Кейіннен дипломатиялық қызметке ауысып, 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері бойынша Департаментінің бірінші хатшысы, 1998-1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің екінші хатшысы болып істеген. Сол кезеңде жергілікті халық Төтенше және Өкілетті елшіге қарағанда ақынды етене танитын, айрықша сыйлайтын. Осы жолдардың авторы сол тұста Ташкентте қазақ тілінде жарық көретін республикалық «Нұрлы жол» газетінің редакциясында жауапты хатшысының орынбасары болып қызмет істегендіктен, ақынмен арагідік болса да жүздесіп тұратын. Оның қазақ тілінде журнал ашу жөніндегі әрекеті аяқсыз қалғанын да біледі. Ақын Нұрбибі Омарованың алғашқы жыр жинағына алғысөз жазғанынан да хабардар.

2000-2001 жылдары Исраил Сапарбайдың Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасында қызмет атқарғанын біреу білсе, екеу білмес. Ол осы жерден құрметті еңбек демалысына шыққан.
О,Құдірет!
О, Өлең!
Сенсіз өмір өмір емес, жай ғана…
Құшағыңа ал,
Құшырлан,
Сүй,
Аймала! –
деп жырлаған Исраил аға шын мәнінде өзінің поэзия әлемін жасап алған бақытты ақын екені даусыз. Мөлдір мұң мен тылсым ойға оранып, сағынышпен зерленген ақын әлемі жырсүйер жұртшылықты өзіне еріксіз тартатыны да сондықтан. Ақын поэзиясы шын мәнінде де ауыз ашқызып, көз жұмғызатын ғажайып қазына. Жауһарға толы өлең-жырларындағы әсем өрімдерге, сөз саздылығына, ырғақ әуенділігіне, ұйқас байлығына, теңеулер сұлулығына тәнті боп айрықша таң қаласыз.
Ақынның шығармашылық жолы жайлы сөз ететін болсақ, бір топ өлеңдері алғаш рет 1975 жылы «Көктем тынысы» деп аталатын ұжымдық жыр жинағында жарық көрген. Кейіннен «Аққу арман» (1976); «Раушан ғұмыр» (1978); «Бозқараған» (1980); «Қызыл-жасыл дүние» (1984); «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» (1986); «Қызыл тіл» (1989); «Қызыл жел» (1998), «Ғашықтың тілі»; «Бармақтай бақ»; «Бір жүз түн» (2005); «Махаббат пен Ғадауат» (поэтикалық драма, 2009); «Балауыз шам»; «Түнгі әуендер»; «Түнгі әуендер: ғашықтық, сүйіспеншілік жырлары», «Балауыз шам» жыр жинағы, «Рухнама» жыр жинағы» деп аталатын үш томдық шығармалар жинағы, 2011); «Тар төсекте төсіңді…», «Өзімді саған сыйладым…» (2015); «Бір тамшы көздің жасындай» (ой-толғамдар, 2015); «Рух мейманасы» (трактат, 2018); «Ойтұмар», тағы басқа кітаптары; «Сәлемдеме»; «Наурызнама»; «Мәлике данышпанның мың бір сауалы»; «Бір тал гүл» (сайрамдық өзбек ақыны Абдурахим Пратовтан тәржімалаған) сияқты аудармалары, «Сағыныш сазы» атты әндер жинағы баспадан шыққан.
Сазгер «Жұлдызым», «Сені көргім келеді де тұрады», «Бір тамшы көздің жасындай», «Махаббат – мәңгі ертегі» секілді жетпіске жуық ән мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. Шынтуайтында, оның сыршыл сезімге толы әндерін Жазира Байырбекова, Гүлнұр Оразымбетова, Қайрат Игіліков, Жұлдыз Өскенбаева, Бақытай Ержанқызы, Аягөз Ахметова, Талғат пен Жанар Ысқақовтар, Ербол Құдайбергенов, Шолпан Жаңабайқызы, Айгүл Кәденқызы, Сымбат Мінатайқызы, Нұрлан Сағынай, Мөлдір Бақытжанқызы, Гүлден Жаңабай, Әсем Айнақұлова, Дәрібаевтар ансамблі, «Декар» тобы тәрізді танымал эстрада жұлдыздарымен қатар қарапайым жұртшылық та сүйсіне орындап жүргенін бәріңіз жақсы білесіздер.
Драматургтың «Ауылдан келген ару»; «Әмір Темір»; «Абай – Тоғжан»; «Сыған серенадасы»; «Махаббат мейрамы» пьесалары республика театрларында, соның ішінде Шымкент сахнасында қойылып жүр. Ақын шығармашылығы жайында Е. Исатай «Ақынның дәстүршілдігі» (2010); Қ. Қабділмәжит «Муза ғарыштан келеді, қартаймайтын Исраилды періште сүйіп жүреді» (2013); Қ. Мұқаш «Асығың алшысынан түссін!» (2014) деп аталатын мақалалар жазған.
Қалың қазақтың Қадырына айналған Мырза Әли: «Исраил Сапарбай – әдебиетке «капитальный» келген ақын. Әдебиеттің тұрақты өкілі. Ол әдебиетке нықтап келген ақын, мықтап қала береді де», — деп оны бостан-босқа дәріптемеген. Ізбасар інісі Қасымхан Бегманов: «Кемеліне келген тарлан таланттың бірнеше жанрда шашасына шаң жұқтырмай, тынбай шапқан шабысына біз бүгін бәріміз куә боп жүрміз. Исраил Сапарбай бірде театрларда Шәмші болып егілсе, ал енді бірде аспаннан сұлу саз боп төгіледі. Бірде көкке қарай жыр боп қалықтаса, ал енді бірде философиялық терең ойлар боп кемелдене түседі», — деп ақын ағасының абыройын асқақтатып, беделін биіктетеді.
Исраил Сапарбай мәңгілік таусылмас тақырып – Махаббатты, сүйіспеншілік сезімді жырлаудан әсте жалыққан емес, жалықпайды да. Бұған оның жауһар жырлары, әсем әуенді әндері куә. Осыдан біраз уақыт бұрын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректораты мен деканаттары аталмыш жоғары оқу орнының бірнеше факультетінде тамаша жыр кештерін өткізген ақын Исраил Сапарбайға «Махаббат шайыры» деген мәртебелі атақ берген болатын. Иә, несі бар, жиырмадан астам жыр жинағы мен екі жүзден астам әннің авторы шын мәнінде де соған әбден лайық жан. «Қазақ вальсінің падишасы» Шәмші Қалдаяқовтың ізін басқан талантты шәкіртін – «Махаббат сазгерін» қалай мақтасақ та, онымен қалай мақтансақ та әбден жарасады. Осы орайда шырайлы Шымкент шаһарында республикалық, тіпті Халықаралық деңгейде айтулы ақын-сазгердің ән фестивалін өткізуді неліктен қолға алмасқа деген ой туындайды. Әрине, бұл ізгілікті де игілікті ұсынысты жергілікті билік өкілдері, халық қалаулылары, зиялы қауым, кәсіпкерлер, қала берді қарапайм жұртшылық қызу қолдайды деген үміттеміз.
Осыдан бес жыл бұрын Исраил ағаның 75 жасқа толған мерейтойы Алматымен қоса-қабат Шымкентте де кеңінен атап өтілгені жұртшылық жадында. Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы (қазіргі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы), Шымкент қаласындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында мерейтойлық жыр кештері ұйымдастырылып, оған қатысушылар рухани ләззат алып тарасқан.
Әбдісаттар ӘЛІП,
ақын, «Шымкентім, шырайлым!» республикалық әдеби-көркем альманағының Бас директоы – Бас редакторы.

Елге еңбегімен танылған азамат

Алдыңғы

Табиғат — тіршілік көзі

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *