ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ІРІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ НЫСАНДЫ УАҚТЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУДІ ТАПСЫРДЫ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ірі энергетикалық және өндірістік жобалардың қазіргі жай-күйімен танысып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Сапардың негізгі мақсаты – өңірде жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалардың құрылыс барысын бақылау, инвестициялық бастамалардың орындалу қарқынын бағалау және жауапты тұлғалармен өзекті мәселелерді талқылау.

Мемлекет басшысының Жолдауында 2029 жылға қарай еліміздің электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жетуі стратегиялық міндет ретінде айқындалған. Осыған орай энергетикалық дербестікті нығайту, қолданыстағы қуат көздерін жаңғырту және жаңа генерациялық нысандарды іске қосу жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Бұл бағыттағы жобалар ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етумен қатар, өңірлердегі электр энергиясына деген сұранысты өтеуге мүмкіндік береді.

Сайрам ауданындағы қуаты 1113,4 МВт «Түркістан» бу-газ қондырғысының құрылыс алаңына барған Нұрлыбек Нәлібаев оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын азайтуға, жаңа генерациялық қуаттарды іске қосуға және тұтынушыларды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобаның маңыздылығына тоқталды.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жалпы 2 455 адам еңбек етуде. Оның 2 281-і күндізгі ауысымда, 174-і түнгі ауысымда жұмыс істейді. Негізгі технологиялық жабдықтар, атап айтқанда, газ және бу турбиналары, кәдеге жаратушы қазандықтар толық жеткізілген. Siemens компаниясының төрт газ турбиналық қондырғысы түгел монтаждалып, іргетасына орнатылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 62 пайызға, электр желілерін тарту 96 пайызға орындалған. Газ құбырының құрылысы да аяқталған.

Жоба аясында жеті ұңғыма қарастырылған. Қазіргі таңда екі ұңғыма тәулігіне 960 текше метр су өндіруде. Стансаның алғашқы қуатын іске қосу үшін тәулігіне 240 текше метр су қажет. Сонымен қатар нысанға апаратын ұзындығы 3,1 шақырым кірме автожол пайдалануға берілген.

Құрылыс барысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары жобаның белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін ерекше атап өтті.

«Бұл – Мемлекет басшымыздың бақылауындағы маңызды нысан. Құрылыс бұдан әрі кешікпей, айтылған мерзімде аяқталуы керек. Жыл соңында бірінші қондырғыны қосып, тексереміз, ал 2027 жылдың мамырында электр желілеріне 382 МВт, тамыз айында тағы 382 МВт энергия, қыркүйек айына жалпы 764 МВт-ы пайдалануға береміз дедіңіздер. Әрі қарай да жұмысты тездету керек, 2028 жылдың наурыз-мамыры деген межені мүмкіндігінше 2027 жылдың соңына дейін жеделдету, толық қуатына жеткізу қажет. Бұл алып станса іске қосылғанда өңірге, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысына электр энергиясын бере алады. Жұмыс қарқыны күшейгені көрініп тұр. Жыл басында 15 пайыз еді, қазір 62 пайызға жеткен. Үкімет, әкімдік жан-жақты қолдау көрсетуде. Сіздердің міндеттеріңіз – жұмысты ұйымдастыру, берген уәдені орындау», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Ол жауапты мамандарға құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, технологиялық жабдықтарды іске қосуға дайындықты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жобаның әр кезеңінде белгіленген кестенің сақталуы мен сапа талаптарының орындалуына баса назар аудару қажеттігін жеткізді.

Сапар барысында келесі нысан Түлкібас ауданындағы «Састөбе» инновациялық кешені болды. Бұл – өңірдегі химия өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және импортты алмастыратын өнімдер шығаруға бағытталған ірі инвестициялық жоба.

Кешен толық қуатында іске қосылған кезде жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 миллион тонна цемент өндіру жоспарланған. Аталған өнімдер құрылыс, химия және өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады. Жобаның жүзеге асуы отандық өндірісті дамытуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы кешеннің әк өндіру желісі пайдалануға берілген. Қазіргі таңда өндірілген өнім отандық металлургия кәсіпорындары мен құрылыс материалдарын өндіруші компанияларға жеткізілуде. Бұл өндірістік нысанның алғашқы кезеңінің іске қосылып, өнім өткізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Инвестициялық жобаның келесі кезеңдерін іске қосу мерзімі қаржыландыру мәселелеріне байланысты қайта жоспарланған. Осыған орай сапар барысында жобаны одан әрі жүзеге асыруға қажетті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жауапты мемлекеттік органдарға қаржы көздерін қарастыру, инженерлік инфрақұрылым құрылысын аяқтау және инвестициялық жобаны белгіленген мерзімде іске асыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан энергетикалық және өндірістік жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Әсіресе, «Түркістан» бу-газ қондырғысының іске қосылуы оңтүстік өңірлердің электр энергиясымен қамтылуына ықпал етсе, «Састөбе» инновациялық кешенінің толық қуатында жұмыс істеуі отандық өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін бермек. Осы ретте Үкімет тарапынан ірі жобалардың орындалу барысын бақылау және туындаған мәселелерді жедел шешу жұмыстары жалғасуда.

СОЗАҚ АУДАНЫНДА ӨТКЕН ЖЫЛДАН БЕРІ 150-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛҒАН

Алдыңғы

«ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТАҒЫ ДА ҚҰРЫЛЫС»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «БӘЙДІБЕК АТА» СУ ҚОЙМАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН АЯҚТАУҒА 1,2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *