Созақ ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгін тағы 17 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен жаңа қоныс иелері қатысып, қуанышты сәттің куәсі болды.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы жаңа баспаналы болған отбасыларды қоныс тойымен құттықтап, тұрғын үймен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мен қолжетімді баспана мәселесін шешудің маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Өз кезегінде жаңа пәтер иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыстарын білдіріп, баспанаға қол жеткізу өздері үшін үлкен қуаныш екенін айтты. Олар жаңа қоныстың әр отбасы үшін береке мен бірліктің, жайлы тұрмыстың бастауы болуына тілектестік білдірді.
Айта кетейік, ауданда тұрғын үй құрылысы мен халықты баспанамен қамту жұмыстары соңғы жылдары қарқын алып келеді. Аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында 2025 жылдың басынан бері 118 пәтер пайдалануға берілген. Оның 102-сі жеке инвесторлар есебінен салынса, 16 пәтер «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС мен «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» қолдауымен бой көтерген. Ал бүгін пайдалануға берілген 17 пәтер де инвесторлардың қолдауымен салынған. Осылайша, өткен жылдан бері ауданда баспаналы болған отбасылар саны 135-ке жетіп отыр.
Бұл көрсеткіш аудандағы тұрғын үй құрылысына жеке сектор мен ірі кәсіпорындардың да белсенді атсалысып жатқанын көрсетеді. Әсіресе, инвесторлардың әлеуметтік жауапкершілік аясында тұрғын үй салуға қолдау білдіруі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Мұндай әріптестік жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге және ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта тағы 4 пәтер пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда оларды құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін баспаналар заңды иелеріне табысталатын болады. Бұдан бөлек, 20 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталған жұмыстардың жалғасы болмақ.
Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба да аудан тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Құрылыс жұмыстарының жүзеге асуы нәтижесінде тағы бірқатар отбасы заманауи талаптарға сай баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алады.
Жалпы, тұрғын үймен қамту – ауданның әлеуметтік дамуындағы басым бағыттардың бірі. Жаңа баспаналардың пайдалануға берілуі халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, елді мекендердің дамуына да оң ықпал етеді. Осы ретте жеке инвесторлар мен кәсіпорындардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар Созақ ауданындағы тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешуге өз үлесін қосып келеді.
Алдағы уақытта да тұрғын үй құрылысы мен баспанамен қамту бағытындағы бастамаларды жүзеге асыру арқылы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасын таппақ.













Comments