ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениет

ТҮРКІСТАННЫҢ ТАРИХЫН ТАНЫТҚАН КӨРМЕ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі Айнабек Оспановтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Түркістанды тану» атты шығармашылық көрмесі өтті. Өнерсүйер қауымның басын қосқан мәдени шарада суретшінің әр жылдары салған туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара аясында «Түркістанды тану» атты көрме жинағының тұсауы кесілді. Аталған басылымда автордың шығармашылық ізденістері мен туған өлкенің тарихын, мәдениетін және рухани құндылықтарын бейнелейтін еңбектері топтастырылған.

Көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, мерейтой иесін құттықтады.

– Айнабек Мыңжасарұлы – қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өзіндік үлес қосып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге еңбек сіңірген бірегей суретші. Сіз өзіңіздің сан жылдық шығармашылық ізденісіңіз бен еңбегіңіздің нәтижесінде ұлттық болмысымызды, туған жердің тарихы мен рухани құндылықтарын көркем бейнелеу арқылы танытып келесіз. Әсіресе, Түркістанның бай тарихын, қасиетті мекеннің қадір-қасиетін, тарихи тұлғалар мен туған өлкенің көркем келбетін өнер тілімен бейнелеген шығармаларыңыздың орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, озық ойлы ұлт қалыптастыруда мәдениет пен өнердің, ұлттық руханияттың маңызы зор. Бүгінгі мерейтой аясында ұйымдастырылып отырған «Түркістанды тану» жеке шығармашылық көрмесі – суретшінің сан жылғы еңбегі мен ізденістерін көпшілікке таныстыратын, ұлттық өнерімізді дәріптейтін маңызды мәдени оқиға. Сонымен қатар бұл көрме Түркістанның тарихи-мәдени келбетін өнер арқылы танытуға және өңірдің рухани-мәдени әлеуетін кеңінен насихаттауға өз үлесін қосады деп сенеміз. Сізді мерейлі 70 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сондай-ақ іс-шара барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиевтің атынан бірқатар қонақтарға марапаттар табысталды. Бұл марапаттар мәдениет пен өнер саласының дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалауға және шығармашылық орта өкілдеріне құрмет көрсетуге бағытталды.

Мерейтой иесін құттықтау үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, белгілі суретші-кескіндемеші Жанұзақ Мүсәпір, белгілі өнертанушы, суретші-кескіндемеші, график, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Мәдениетті қолдау жылы» эмблемасының авторы, көрме каталогының авторы Жеңіс Нұрлыбаев, М. Әуезов атындағы университеттің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Садыбек Бейсенбаев, сондай-ақ Орталық Азия инновациялық университетінің «Ақпараттық технология және дизайн» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Егенберді Теңізбаев сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.

Құттықтау сөздерінде өнер иесінің қазақ бейнелеу өнеріндегі орны, ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі және шығармашылық ізденістерінің маңызы атап өтілді. Сонымен қатар суретшінің еңбектері арқылы жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға, тарихи мұраны бағалауға және ұлттық өнерге қызығушылығын қалыптастыруға мүмкіндік мол екені айтылды.

«Түркістанды тану» көрмесінің мазмұны да осы мақсаттармен сабақтас. Тарихи шаһардың сәулеттік келбеті, киелі орындары, өткен дәуірлерден сыр шертетін көріністері мен туған өлкенің табиғаты суретшінің шығармашылық көзқарасы арқылы бейнеленген. Мұндай туындылар көрерменге Түркістанның тек тарихи орталық ретіндегі ерекшелігін ғана емес, оның халықтың рухани өміріндегі орнын да тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Өнер арқылы тарихты таныту – мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды жолдарының бірі.

Көрме авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркем академиясының академигі Айнабек Оспанов қорытынды сөз сөйлеп, көрменің ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Ол шығармашылық жолындағы қолдау мен әріптестерінің ықыласы үшін ризашылығын жеткізіп, туған жердің тарихы мен мәдениетін бейнелеу алдағы уақытта да шығармашылығының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Іс-шара соңында қонақтар көрмені тамашалап, суретшінің туындыларымен жақынырақ танысты. Қатысушылар шығармалар жөнінде пікір алмасып, естелік фотосуретке түсті. Мерейтой аясында ұйымдастырылған шығармашылық көрме қазақ бейнелеу өнерін насихаттауға, Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытуға және өңірдің рухани өмірін байытуға бағытталған маңызды мәдени шара болды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚУАТТЫЛЫҒЫ ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ТОННА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Алдыңғы

МАҚТА, ЖЫЛЫЖАЙ, ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІСКЕ АРНАЛҒАН ӨНЕРКӘСІП ПАРКІ: СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨНДІРУШІЛЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *