Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан кәсіпорындарға барып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысып, өңір фермерлерімен кездесті. Сапар аясында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірқатар жобаның жұмысы қаралды. Сонымен қатар инвестициялық бастамаларды іске асыру барысы мен алдағы даму жоспарлары талқыланды.
Жергілікті өндіріске арналған өнеркәсіптік алаң
Шардарада вице-премьер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге өндірістерді орналастыру және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мақсатында құрылған шағын өнеркәсіптік паркке барды.
1 гектар аумақта алты өндірістік ғимарат салынса, тағы бесеуінің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтауы мен құрылыс материалын шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Өндірістік алаңның негізгі мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілеріне дайын инфрақұрылымы бар өндірістік орын ұсынып, отандық өнім өндіру көлемін арттыруға жағдай жасау. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің өндірісті жолға қоюына және өз өнімдерін ішкі нарыққа ұсынуына мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптік парк газ, электр және сумен жабдықтау, кәріз және кірме жолды қосқанда, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Қосымша өндірістік үй-жай салу резидент санын кеңейтуге және шағын бизнесті дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай алаңдарда өндіріс орындарының шоғырлануы инженерлік желілерді тиімді пайдалануға, кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланысты нығайтуға және жергілікті еңбек ресурстарын жұмыспен қамтуға ықпал етеді.
Түркістанда Серік Жұманғарин «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субаймақ жұмысымен танысты. Онда ауданы 290 гектар аумақта 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 16 инвестициялық жоба орналастырылған. Бүгінгі таңда 665 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін алты кәсіпорын іске қосылған. Арнайы экономикалық аймақтың дамуы өңірге инвестиция тартуға, жаңа өндірістік бағыттарды қалыптастыруға және өнеркәсіп саласындағы экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған.
АЭА резиденттері полимерлі құбырлар, буып-түю материалдары, тау-кен металлургия кешеніне арналған өнеркәсіптік жабдық, сэндвич-панельдер, ауыл шаруашылығы техникасы мен тоқыма өндірісін дамытуда. Бұл кәсіпорындар құрылыс, өнеркәсіп және аграрлық сектордың қажеттіліктерін отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өндіріс түрлерінің әртараптандырылуы өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, импорттық өнімдерді алмастыруға да ықпал етеді.
Толық циклді мақта агрокешені
АЭА аумағында Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешенінің бөлігі ретінде бірнеше кәсіпорынды салу қарастырылған. Бұл – мақта-тоқыма кластеріне кіретін облыстағы ірі жобаның бірі. Қытайлық Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын құны 146 млрд теңге тұратын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-ның жобасы мақта өсіру мен толық өңдеуден бастап, дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі тұтас өндірістік циклді құрайды. Кешен аясында барлығы 11 кәсіпорын салу жоспарланған.
Жобаның басты ерекшелігі – мақтаны тек шикізат ретінде өндірумен шектелмей, оны бірнеше кезеңнен өткізіп, қосылған құны жоғары дайын өнімге айналдыру. Мұндай өндірістік жүйе мақта шаруашылығының тиімділігін арттырып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа мүмкіндік береді. Сонымен бірге жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тұрақты өткізу нарығын қалыптастыруға және отандық тоқыма өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады.
Қазіргі уақытта жоба бойынша сегіз өндірістік нысан пайдалануға берілді. Бұлар – төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспасын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбыры зауыты, иіру фабрикасы мен мақта тұқымын қайта өңдеу зауыты. Кәсіпорындардың кезең-кезеңімен іске қосылуы өндірістік тізбектің қалыптасуына және кешеннің жалпы қуатын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар кешеннің шикізат базасы дамуда. Суды үнемдеу технологиясын қолдана отырып, 52 мың гектар жерге мақта егілді. Өнімділік гектарына 56 центнерге жеткен. 2024-2026 жылдары жобаны жүзеге асыру арқылы 1 200 адам жұмыспен қамтылды. Жобаны одан әрі дамыту шеңберінде тоқыма емес материал шығаратын зауыт, бояу зауыты мен тігін фабрикасы салынбақ. Бұл өндіріс орындарының іске қосылуы мақтаны өңдеудің соңғы кезеңдерін де өңір аумағында жүзеге асыруға жол ашады.
Мақта агроөнеркәсіп кешенінің дамуы су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесімен де тығыз байланысты. Тамшылатып суару технологиясының енгізілуі егістік алқаптарында суды үнемдеуге және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған. Бұл Түркістан облысы үшін маңызды, себебі өңір экономикасында суармалы егіншілік пен мақта шаруашылығының өзіндік орны бар.
Жұмыс сапарының соңында Серік Жұманғарин Түркістан облысының фермерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін, мемлекеттік қолдау шаралары мен басқа да жәйттерді талқылады. Кездесу барысында аграрлық сектордағы өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану, шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыру мәселелері назарға алынды.
Жалпы, жұмыс сапары барысында таныстырылған жобалар Түркістан облысында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қатар дамып келе жатқанын көрсетеді. Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту, инвестиция тарту және шикізатты терең өңдеу бағытындағы бастамалар өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнім өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған.













Comments