Жаңалықтар

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ: №50 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯДА ТАНЫМДЫҚ САЙЫС ӨТТІ

Құқықтық мәдениеті жоғары, заң талаптарын құрметтейтін және өз ісіне жауапты ұрпақ тәрбиелеу – қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың басты шарты. Осы бағытта Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға және тәртіп сақтауға тәрбиелеу мақсатында танымдық сайыс ұйымдастырылды. Мемлекеттік деңгейдегі «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Еңбек адамы» құндылықтарымен үндескен бұл шара мектептегі тәрбие жұмысының мазмұнын байыта түсті.

Іс-шараға үш сынып оқушылары қатысып, өзара білім мен тапқырлықтарын ортаға салды. Сайыс барысында оқушылар заң талаптары мен күнделікті тәртіп ережелеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, құқықтық білімдерін іс жүзінде көрсете білді. Мұндай жарыстар оқушыларды дайын жауапты күту немесе масылдық, патерналистік көңіл-күйге емес, өз бетінше ізденуге, ойын нақты жеткізуге және әрбір әрекеттің салдарын түсінуге үйретеді. Заңды білу мен ішкі тәртіпті сақтау – адамның өз еркімен қабылдайтын саналы таңдауы әрі қоғам алдындағы жауапкершілігі.

Шара соңында оқушылардың шығармашылық жұмыстары бойынша сурет көрмесі ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар марапатталды. Оқушылардың өз еңбегімен дайындаған суреттері арқылы заң мен тәртіпті бейнелеуі – еңбекқорлық пен шығармашылық ізденістің үйлесімін танытты. Еңбегімен ерекшеленген оқушыларды марапаттау адал еңбек пен табандылықтың қадірін ұғындырып, басқа балаларды да алға ұмтылуға ынталандырады.

Мектеп қабырғасындағы құқықтық тәрбие бір күндік науқан емес, оқушының күнделікті жүріс-тұрысы мен өзгелерге деген құрметі арқылы орнығатын үздіксіз үдеріс. Заң талабына саналы түрде бағыну және ережеге сай әрекет ету баланың өз құқығын қорғап қана қоймай, өзгенің құқығын да таптамауға үйретеді. Осылайша ерте жастан қалыптасқан құқықтық тәртіп болашақ еңбек жолында да адалдық пен әділдікті ту еткен азаматты тәрбиелейді.

Іс-шараны ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген ұстаз Г. Назарованың кәсіби еңбегі ерекше атап өтуге лайық. Педагогтің оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға, оларды тәртіп пен адалдыққа баулуға сіңірген еңбегі – мектептегі тәрбиенің нақты нәтижесі. Ұстаздың шыдамдылығы мен ізденісі балалардың заңды құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне берік негіз қалайды.

«Заңды білу – міндет, тәртіпті сақтау – жауапкершілік!» деген қағидатты берік ұстанған №50 мектеп-гимназия ұжымы алдағы уақытта да оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, адалдық пен тәртіпке негізделген орта қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.

 

ЖАН ДҮНИЕНІҢ ТІРЕГІ: МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ КӘСІБИ ЕҢБЕГІ

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *