Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы білім беру мен білікті маман даярлауда тәжірибеге бағытталған еңбек пен шығармашылық ізденістің маңызын үнемі атап өтіп келеді. Осы бағытта Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде болашақ ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік деңгейдегі «Еңбек адамы» идеологиясы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы университет қабырғасындағы әрбір тәжірибелік сабақтың мазмұнымен үндесіп, жас мамандардың еңбекқорлығы мен жауапкершілігін шыңдайды. Қарапайым еңбек иелерінің – педагогтер мен болашақ мамандардың күнделікті кәсіби еңбегін дәріптеу қоғамда адал еңбектің беделін арттыруға ықпал етеді.
Биология кафедрасының доценті, биология ғылымдарының кандидаты С.М. Сихимбаева «Биология сабағында іскерлік ойын технологиясын кіріктіріп сценарий даярлау және ұйымдастыру» тапсырмасы бойынша стандартты емес форматтағы практикалық сабақ өткізді. Сабаққа биология педагогын даярлау білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері мен магистранттар қатысып, буындар арасындағы тәжірибелік сабақтастық қалыптасты. Тәжірибелі ғалым-педагогтің бағыт-бағдары жастардың кәсіби дағдыларды нақты іс үстінде меңгеруіне жол ашты.
Сабақ барысында магистранттар өздері дайындаған тақырыптық іскерлік және рольдік ойын элементтерін интеграциялау сценариін әзірлеп, оны апробациялау тәжірибесін ұсынды. Дайын әдістемелік өнімге немесе масылдық, патерналистік көңіл-күйге сүйенбей, өз ізденісі мен кәсіби ой елегінен өткізіп жасаған бұл жұмыстар білім алушылардың дербес еңбек етуге деген ынтасын айқын көрсетті. Әрбір сценарийді сабақта қолдану тәсілі нақты тәжірибе арқылы сыналды.
Дәрістің соңынан ұйымдастырылған дебрифинг қатысушыларға атқарылған жұмысты жан-жақты талдап, жетістіктер мен түйткілді тұстарды ашық саралауға мүмкіндік берді. Магистранттар авторлық іскерлік ойын сценарийлерін практикалық тұрғыда ұйымдастыруды сәтті қорғап шыға алды. Мұндай формат студенттер мен магистранттарды өз еңбегінің нәтижесіне жауап беруге, әріптестік пікірді құрметтеуге және кәсіби өсуге баулиды.
Ұстаздық еңбек – үздіксіз ізденіс пен адалдықты талап ететін қастерлі іс. ОҚПУ-дағы мұндай мазмұнды практикалық сабақтар болашақ биология мұғалімдерінің шеберлігін ұштап, еліміздің білім саласына өз ісіне адал, еңбекқор мамандар даярлауға берік негіз қалайды.












Comments