Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін нақты экономикаға енгізу және отандық ғалымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңыздылығын жүйелі түрде атап өтіп келеді. Осы бағытта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ғалымдары халықаралық академиялық кеңістікте жоғары ғылыми әлеуеті мен маңдай тер еңбегін паш етуде. Мемлекеттік деңгейдегі «Еңбек адамы» идеологиясы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы ғалымның тынымсыз ізденісімен тығыз сабақтасып жатыр.
2026 жылғы 17–20 қараша күндері Мәскеуде Ресей халықтар достығы университеті (РУДН) алаңында «Цивилизацияның тұрақты дамуы жолында: ынтымақтастық, ғылым, білім, технологиялар. ШЫҰ+ елдерінің 17 ТДМ-ға жету жолы: кешенді тәсіл» атты V халықаралық ғылыми конференция өтті. 18 елден 170-тен астам сарапшы қатысқан форумда тұрақты даму, ғылым, технология және халықаралық ынтымақтастық мәселелері кеңінен қамтылды.
Аталған халықаралық конференцияда Әуезов университетінің өкілі, Рае Квон Чунг атындағы Жаңа климаттық экономика және тұрақты даму орталығының директоры Жадра Атырханқызы Шыңғысбаева жасанды интеллектіні биоэкономикада қолдану тақырыбында баяндама жасады. Оның ғылыми тұжырымдары мен ұсынылған концепциясы халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, форумның ең назар аударған басты баяндамаларының бірі ретінде танылды.
Ғалым өз баяндамасында жасанды интеллект пен биоэкономиканы ұштастыру арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және төмен көміртекті технологияларды дамыту мүмкіндіктерін ғылыми негізде дәлелдеді. Негізгі идея – табиғи ресурстардың шектеулілігін дайын шешімдерге иек артпай, жаңа технологиялар мен терең ғылыми ізденіс арқылы нақты экономикалық мүмкіндікке айналдыру. Мұндай тәсіл жасанды интеллектіні масылдықпен қолдануға емес, оны еліміздің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын өндірістік құралға айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді нақты өндірістік сұраныстармен ұштастыру зерттеушілердің жауапкершілігін күшейтіп, отандық ғылымның қолданбалы әлеуетін айтарлықтай арттырады.
Отандық ғалымның бұл жетістігі – үздіксіз зерттеу мен адал ғылыми еңбектің жемісі. Әлемдік ғылыми орталықтармен байланыс пен тәжірибе алмасу Әуезов университетінің халықаралық беделін арттырып, ғылыми жаңалықтардың өндірісте қолданылуын кеңейтеді. Бұл еліміздің болашағы үшін адал қызмет ететін ғалымдар еңбегінің жарқын үлгісі болып табылады.












Comments