Жаңалықтар

Қару мен қаржы қызметін қатар меңгерген ару

Әскери қызмет – тек жауынгерлік дайындық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Әскери бөлімдердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда қаржы саласы мамандарының да еңбегі зор. Әсіресе жеке құрамның ақшалай үлесін уақытылы әрі дұрыс есептеу – аса жауапты міндеттердің бірі.
15 қараша – Ұлттық валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 3650 әскери бөлімінде қызмет атқаратын сержант Венера Қайдаулованың еңбек жолына тоқталуды жөн көрдік.
Венера Серікпайқызы 1989 жылғы 12 қаңтарда Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Ұлттық ұлан қатарына әскери қызметке қабылданып, еңбек жолын Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде бастаған.
Алты жыл аталған әскери бөлімде қызмет атқарған ол 2015 жылы Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөліміне ауысып, 2021 жылға дейін әскери міндетін орындады. Сол жылдан бастап Алматы қаласындағы 3650 әскери бөлімінде қызметін жалғастырып келеді.
Әскери қызметпен қатар білімін жетілдіруге де ерекше көңіл бөлген Венера Қайдаулова 2014 жылы Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін тәмамдап, жоғары білім алған.
Бүгінде ол 3650 әскери бөлімі қаржы қызметінің аға маманы (бухгалтер) лауазымында еңбек етеді. Оның негізгі міндеті – әскери қызметшілердің ақшалай үлесін дұрыс есептеп, белгіленген мерзімде төленуін қамтамасыз ету.
Қаржы саласындағы қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Әрбір есептің дәлдігі, құжаттардың дұрыс рәсімделуі және төлемдердің уақытылы жүргізілуі әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.
– Менің негізгі міндетім – әскери қызметшілердің ақшалай үлесін уақытылы әрі дұрыс есептеп, белгіленген мерзімде төленуін қамтамасыз ету. Бұл жұмыс асқан мұқияттылықты, дәлдік пен адалдықты талап етеді. Әрбір әскери қызметшінің өзіне тиесілі қаражатты уақытында алуы мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан күнделікті жұмысымда әрбір есепке ерекше мән беремін, – дейді сержант Венера Қайдаулова.
Оның айтуынша, әскери қаржы қызметінде кәсіби біліктілікпен қатар тәртіп пен ұжымдық үйлесімділіктің де маңызы зор. Өйткені бірлескен жұмыстың нәтижесі әр маманның өз міндетіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынына байланысты.
– Әскери ұжымда тәртіп, жауапкершілік және ұйымшылдық бірінші орында тұрады. Әріптестер арасындағы өзара сыйластық пен түсіністік жұмыстың сапалы орындалуына ықпал етеді. Біз ортақ мақсат жолында еңбек етеміз. Сондықтан әрқайсымыз өз міндетімізді адал атқаруға тиіспіз, – дейді ол.
Он жеті жылға жуық әскери қызмет барысында Венера Қайдаулова еліміздің бірнеше өңірінде еңбек етіп, әскери өмірдің өзіндік ерекшеліктерін бастан өткерді. Әртүрлі әскери ұжымда қызмет атқару оның кәсіби тәжірибесін толықтырып, жауапкершілігін арттыра түсті.
Қызметте талапшыл маман болғанымен, отбасында ол – аяулы жар, үш баланың мейірімді анасы. Жолдасы Ринат Ибрагимов – запастағы полковник. Әскери қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін жақсы білетін ерлі-зайыптылар бүгінде Тамерлан, Арыстан және Асмира есімді үш перзент тәрбиелеп отыр.
Әскери қызмет пен отбасы алдындағы міндетті қатар алып жүру әйел адамнан үлкен төзімділік пен уақытты тиімді пайдалануды талап етеді. Бұл ретте Венера Серікпайқызы жақындарының қолдауын ерекше бағалайды.
– Отбасымның қолдауы мен үшін өте маңызды. Жақындарымның түсіністігі мен сенімі қызметімді абыроймен атқаруға күш береді. Қандай жауапты жұмыс болмасын, үйге оралғанда отбасыңның жылуын сезіну – үлкен бақыт. Отбасымның қолдауы маған кез келген қиындықты еңсеруге жігер береді, – дейді ұландық ару.
Оның өмір жолы әскери қызметте тек батылдық пен табандылық қана емес, ұқыптылық, кәсіби біліктілік және адалдық та жоғары бағаланатынын көрсетеді.
Сержант Венера Қайдаулованың қызмет жолы – әскери борышқа адалдықтың, кәсіби жауапкершілік пен отбасылық құндылықтарды қатар ұстанудың бір көрінісі.

ШЫМКЕНТТЕ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Алдыңғы

Почти 17 лет в погонах: необычная история казахстанки

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *