Республика күні қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді оркестрі Алматыдағы Көк-Төбе алаңында ашық аспан астында концерт берді. Guard Next музыкалық жобасы аясындағы кеште қала тұрғындары мен қонақтары әскери музыканттардың орындауындағы танымал әуендерді тыңдады.
Концерт бағдарламасына қазақстандық эстраданың танымал әндері мен әскери-патриоттық шығармалар енді. Таныс әуендер демалып жүрген жұрттың назарын аударды. Бірі музыканттарға қосылып ән айтса, енді бірі концертті ұялы телефонына түсіріп, әртістерді зор ықыласпен қолдады.
Музыкалық кеш Көк-Төбедегі кешкі серуеннің сәнін келтірді. Әртүрлі жанрдағы шығармалар мен әскери музыканттардың шебер орындауы әр жастағы көрерменнің қызығушылығын оятты.
Көрерменнің назарын Ұлттық ұланның Құрмет қарауылы ротасының өнер көрсетуі де аударды. Ұландықтардың қимыл дәлдігі, үйлесімді әрекеті мен саптық даярлықтың әсерлі элементтері жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Guard Next жобасы оркестрлік музыканы насихаттап, әскери оркестрлердің заманауи үнін кең аудиторияға таныстыруды көздейді. Жоба аясында әскери музыканттар қоғамдық орындарда өнер көрсетіп, өз шығармашылығын көпшілікке паш етеді.
Бұған дейін Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі Астана, Петропавл және Қарағанды қалаларында ашық аспан астында концерт берген. Жоба аясындағы өнер көрсетілімдерінің географиясы кеңейіп келеді. Концерттер еліміздің түрлі қалаларында, соның ішінде жоғары оқу орындарының алаңдарында да ұйымдастырылады.












Comments