Қариялар – елдің өткенін бүгінмен сабақтастырып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп отырған тағылымы мол тұлғалар. Олардың жүріп өткен өмір жолы, ел игілігі жолындағы еңбегі мен жинаған мол тәжірибесі – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Үлкенді сыйлау, ақсақалдың батасын алу, ақ жаулықты әжелердің өнегесін құрметтеу – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі.
Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету – олардың еңбегін бағалап, өмірлік тәжірибесіне тағзым етудің белгісі. Қариялардың ақылы мен өнегесі жас ұрпақтың тәрбиесінде ерекше орын алады. Сондықтан қарттарды ардақтау, олардың көңіліне қуаныш сыйлау – қоғамның ортақ міндеті.
Осы мақсатта Қарттар күніне орай Сауран ауданында «Үлкенге құрмет — ұрпаққа міндет» атты салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға «Әділет» партиясы Сауран аудандық филиалының басшысы Сағынбек Асылбеков, Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердәлі Баймұратов, Шорнақ ауылының әкімі Нұрсейіт Бабичев, ардагерлер мен ақ жаулықты әжелер қатысты.
Шара барысында аға буын өкілдеріне ізгі тілектер айтылып, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесі атап өтілді. Қарияларға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әсем әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй сыйланды.
Іс-шара барысында «Әділет» партиясы Сауран аудандық филиалының басшысы Сағынбек Асылбеков ардагерлерге арнайы Алғыс хаттар табыстап, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердәлі Баймұратов та бірқатар аға буын өкілдеріне Алғыс хаттар табыстады.
Мерекелік жиында ардагерлерге деген құрмет пен ізгі ниет білдіріліп, олардың ел өміріндегі орны ерекше екені атап өтілді. Өз кезегінде қариялар көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер ақ батасын беріп, елге амандық, жұртқа береке, кейінгі ұрпаққа жарқын болашақ тіледі.
Қариясын қадірлеген елдің қазынасы мол. Аға буынның өнегелі өмір жолы мен ақыл-кеңесі – ұрпақ тәрбиесіндегі баға жетпес мұра. Осындай тағылымды кездесулер үлкенге құрмет көрсетіп қана қоймай, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, үлкенді сыйлауға және ізеттілікке тәрбиелеуге жол ашады.












Comments