«Әділет» партиясы мен Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Күз бен біз» атты әдеби-мәдени шара ұйымдастырылды.
Кездесуге «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков, кітапхана қызметкерлері мен тұрақты оқырмандар қатысты.
Күз тақырыбы арқау болған басқосуда кітап оқу мәдениеті, әдеби шығармалардың адам дүниетанымына әсері және рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері сөз болды. Қатысушылар өздері оқыған шығармалар туралы ой бөлісіп, әдебиетке деген қызығушылығын ортаға салды.
Ербол Байқонысов кітаптың адам санасын дамытудағы рөліне тоқталып, кітап оқудың тек білім алудың ғана емес, ойлау мәдениетін қалыптастырудың да маңызды құралы екенін атап өтті.
«Біз кітап оқу арқылы ғана зияткер ұлтқа айнала аламыз. Ақылына ақы сұрамайтын кітаппен дос болған адамның ой-өрісі де, дүниеге көзқарасы да өзгереді. Сондықтан кітапты әр адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруымыз керек. Осы ретте айта кеткім келеді, «Әділет» партиясы көру қабілеті бұзылған және денсаулығында мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға да ерекше мән береді. Бұл бағытта партияның арнайы жобалары жүзеге асырылып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді», – деді Ербол Байқонысов.
Кездесу барысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жүзеге асуына белсенді атсалысып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Әдеби кеш тек кітап туралы әңгімемен шектелген жоқ. Қатысушылар ән айтып, өлең оқыды. Зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, белсенділік танытып, зеректігімен көзге түскен жандарға сыйлықтар берілді.
Кітаптың қолжетімді болуы – оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі. Әсіресе көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін әдебиетке қол жеткізу арнайы технологиялар мен бейімделген ресурстарды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкенттегі арнайы кітапхананың атқарып отырған жұмысы айрықша.
1969 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кітапхананың бүгінде 22 мың оқырманы бар. Жыл сайын кітапханаға 115 мыңнан астам адам келеді. Ал кітап қоры 105 мыңнан асады.
Мұнда көру қабілеті бұзылған азаматтарға әдебиет пен ақпаратты еркін пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи адаптивтік технологиялар мен арнайы жабдықтар қарастырылған. Оқырмандар үшін аудиокітаптар, дауыстық сүйемелдеумен ұсынылатын электрондық ресурстар және басқа да бейімделген ақпарат көздері қолжетімді.












Comments