ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамТаза Қазақстан

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН 200-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында биыл жыл басынан бері «Даму» қорының қолдауымен 185 жоба жүзеге асуда. Оларға көрсетілген қаржылық қолдаудың жалпы көлемі — 31,8 млрд теңге. Қолдау — жеңілдетілген қаржыландыру, несиеге кепілдік беру және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Осы мақсатта БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды.

Сапар аясында журналистер қауымы алдымен Түркістан қаласындағы «BEKZAT SATTARKHANOV FUTBOL MEKTEP INTERNATY» ЖШС-ң 550 оқушыға арналған футбол академиясымен танысты. Кешен құрамында 200 орындық жатақхана, оқу және спорттық ғимараттар бар. Жоба — балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және кәсіби спортшылар даярлауға бағытталған. Кәсіпорынға сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы қолдау көрсетілуде.

Одан кейін БАҚ өкілдері 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «KAZTOR LTD» ЖШС металл торлар мен қоршау конструкцияларын өндіретін кәсіпорынға барды. Онда 3D-панельдер, арматуралық және қалау торлары секілді құрылысқа қажетті өнімдер шығарылады. Компания жобасы «Өрлеу» бағдарламасы және Кепілдік қорының қолдауы арқылы жүзеге асырылуда.

Сапар соңында журналистер Ордабасы ауданында орналасқан Қазақ-Қытай бірлескен «NUR GROUP» ЖШС-ң құрылыс пен ғимарат қасбеттерін әрлеуге арналған алюминий панельдерін өндіретін кәсіпорынмен танысты. Онда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірістік кешеннің бірінші кезеңі 5 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Жобалық қуаты жылына 3 миллион шаршы метрге дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорынға кепілдік қоры арқылы қолдау көрсетілуде.

Айта кетейік, 2015–2025 жылдар аралығында Түркістан облысында «Даму» қорының қолдауымен 5 615 жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке төленген салықтардың жалпы сомасы 590 млрд теңгені құраған. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары мен қатысу шарттары туралы толық ақпаратты damu.kz сайтынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыруға жол ашады

Алдыңғы

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *