Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізу, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметте адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп келеді. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алып қана қоймай, қоғамда оған деген төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, әлеуметтік әділеттілікке және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне кері әсер ететін келеңсіз құбылыс. Сондықтан онымен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ жауапкершілігі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ең алдымен қоғамның оған деген көзқарасын өзгертіп, заңсыз әрекеттерге төзбеушілікті қалыптастыру маңызды.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың маңызды міндеттерінің бірі. Осы ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет адамның заңды құрметтеуінен, адалдық пен әділдікті жоғары бағалауынан және заңсыз әрекеттерге жол бермеуінен басталады.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 91 кездесу өткізіліп,
13 мыңға жуық адам қамтылды. Кездесулер барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, қызметтік әдеп нормалары және адал мемлекеттік қызмет қағидаттары түсіндірілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі де маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын қатаң сақтауы және азаматтардың өтініштеріне әділ әрі объективті қарауы мемлекеттік қызметке деген сенімді нығайтудың маңызды шарты болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті тек мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты қалыптаспайды. Оның негізі отбасында, білім беру ұйымдарында және қоғамда қаланады. Жастардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет құндылықтарын қалыптастыру – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ұзақ мерзімді нәтижесін қамтамасыз ететін маңызды бағыт.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті. Адалдық пен әділдік құндылықтарын жоғары қоятын қоғам ғана дамыған әрі болашағы жарқын мемлекет құра алады.












Comments