ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

КӘСІПОДАҚ ЕҢБЕК АДАМЫМЕН БІРГЕ

Қазақы қонақжайлылық пен еңбек мәдениеті: Руханият пен заңнама тоғысқан жиын
ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Әдет — ғұрып және салт — дәстүр орталығында қызметкерлердің кезекті апталық жиналысы өтті. Бұл жолғы басқосудың ерекшелігі сол, дәстүрлі форматтағы танымдық баяндама еңбек адамының құқығы, әлеуметтік қорғалуы және қауіпсіз жұмыс ортасы мәселелерімен сабақтастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының мамандары арнайы қатысып, ұлттық құндылықтар мен қазіргі заманғы еңбек заңнамасының байланысын айқындай түсті.
Басқосуда Әдет – ғұрып және салт – дәстүр орталығы директорының орынбасары Нұрмағамбетов Мұратбай Қуантқанұлы кіріспе сөз сөйлеп, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі. Жиналыстың негізгі баяндамашысы, орталықтың әдіскері Таңсұлу Егенбердиева «Қазақтың қонақжайлылық дәстүрі» тақырыбында терең мағыналы мағлұматтарды ұсынды. Ол өз баяндамасында халқымыздың «қонағын құдайындай сыйлаған» асыл қасиетінің тек дастархан мәдениетімен шектелмейтінін, бұл адамдар арасындағы құрметтің, мейірім мен сенімнің биік көрінісі екенін ерекше атап өтті. Әдіскер қонақжайлылықтың тарихи тамыры мен бүгінгі қоғамдағы маңыздылығын ғылыми тұрғыдан талдап, бұл дәстүрдің ұжымдағы өзара ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне тоқталды. Оның ұсынылған материалдары әдіскердің зерттеу жұмыстарына тың деректер қосып, ұжымдық ауызбіршілікті дәріптеуге жол ашты.
Осы орайда, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының мамандары қонақжайлылық мәдениетін еңбек ұжымындағы корпоративтік этикамен ұштастырды. Мамандар еліміздегі еңбек заңнамасының негізгі нормаларына, жұмысшылардың құқықтарын қорғау тетіктеріне және қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Әрбір қызметкердің өз жұмыс орнында өзін қауіпсіз сезінуі, еңбегінің әділ бағалануы және әлеуметтік кепілдіктердің толық сақталуы — кәсіподақ ұйымдарының басты басымдығы екені жеткізілді. Жиында сонымен қатар ұжымдық шарттардың қызметкерлердің мүддесін қорғаудағы рөлі мен еңбек дауларын сотқа дейін реттеудің заңды жолдары түсіндірілді.
Басқосу барысында қазақы қонақжайлылықтағы «қонаққа деген құрмет» қағидасы мен еңбек қатынастарындағы «адамды бағалау» қағидаты бір — бірімен тығыз байланысты екендігіне назар аударылды. Адал еңбек — ел дамуының негізі болса, қызметкерлерге деген құрмет, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау — еңбек мәдениетінің жоғары деңгейінің көрсеткіші. Қонақжайлық таныту, мейірімділік пен өзара түсіністік атмосферасы жұмыс өнімділігін арттырып, ұжымдағы тұрақтылықты сақтауға жол ашады.
Жиын соңында кәсіподақ мүшелері өз ойларымен бөлісіп, толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Рухани құндылықтарды насихаттау мен еңбек адамының құқығын қорғауды бір арнаға тоғыстырған бұл бастама ұжымдағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен септігін тигізді. Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің тек ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың құқықтық сауаттылығын көтеруде де маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЕЛ ӨҢІРЛЕРІНЕН ЖИНАЛҒАН МИБ, ПИК ТӨРАҒАЛАРЫ МЕН САРАПШЫЛАРМЕН ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Алдыңғы

КӘСІПОДАҚ ЕҢБЕК АДАМЫМЕН БІРГЕ: КӘСІПОДАҚ ЖАНЫҢДА — АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУДЫҢ БІРЫҢҒАЙ КҮНІ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *