«Қуатты кәсіподақтар — еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында «Кәсіподақ жаныңда» тақырыбында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті. Бұл маңызды шара еңбеккерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және әрбір қызметкердің мүддесін қорғауға бағытталды.
Азаматтарды қабылдау шарасын «Маида» медиация және психология орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, тәжірибелі маман Салтанат Егізбекқызы Абдукаримова жүргізді. Кездесу барысында еңбек заңнамасын қолдану, даулы мәселелерді сотқа дейін реттеу және кәсіби ортадағы психологиялық ахуалды жақсарту мәселелері кеңінен қозғалды. Азаматтар еңбек шарттары бойынша құқықтық кеңес алып, медиация мен психологиялық қолдаудың маңызына қатысты маңызды жауаптарға қол жеткізді.
Қабылдау барысында еңбек қатынастары кезінде туындайтын түрлі мәселелер бойынша азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе еңбек шартын жасасу, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы міндеттер, еңбек құқықтарын сақтау және даулы жағдайларды өркениетті жолмен шешу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, маманнан нақты кеңестер алды.
Медиацияның даулы мәселелерді тараптардың өзара келісімі арқылы шешудегі тиімділігі де сөз болды. Көп жағдайда мәселені сотқа жеткізбей, екі тараптың келіссөз жүргізуі арқылы шешудің уақыт пен күшті үнемдеуге мүмкіндік беретіні түсіндірілді. Сонымен қатар жұмыс орнындағы қолайлы психологиялық ахуалдың еңбек өнімділігіне және ұжым мүшелері арасындағы өзара түсіністікке тікелей әсер ететіні атап өтілді.
Қазіргі таңда кәсіподақтар ұйымы әрбір еңбек адамының сенімді тірегіне айналып отыр. Мұндай ашық қабылдау күндері азаматтардың өз құқықтарын терең түсініп қана қоймай, кәсіподақ тарапынан нақты қолдау сезінуіне мүмкіндік береді. Кәсіподақтардың негізгі міндеттерінің бірі – еңбеккерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ету және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы тиімді байланысты қалыптастыру.
Сонымен қатар еңбек адамын қолдау, оның еңбегіне лайықты жағдай жасау және құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды негіздерінің бірі. Осы бағыттағы түсіндіру және кеңес беру жұмыстары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз мәселелерін заң аясында шешуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырылған науқан еңбек ұжымдарындағы өзара сенімді нығайтып, «Кәсіподақ еңбек адамымен бірге» қағидаты әрқашан басты бағдар болып қала беретінін көрсетті. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталмақ.
КӘСІПОДАҚ ЕҢБЕК АДАМЫМЕН БІРГЕ: КӘСІПОДАҚ ЖАНЫҢДА — АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУДЫҢ БІРЫҢҒАЙ КҮНІ













Comments