Жұртшылық арасында мемлекетке арқа сүйеп отыру психологиясынан арылып, масылдықты төмендету, жас мамандарды алғашқы еңбек жолына баулу және Еңбек адамының мәртебесін көтеру – бүгінгі қоғамдық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Жоғары немесе арнаулы орта оқу орнын тәмамдаған жастардың дайынға сүйенбей, өз білімі мен қабілетіне сүйеніп еңбек нарығынан өз орнын табуы өте маңызды. Осы орайда мемлекет тарапынан ұсынылып отырған Жастар практикасы бағдарламасы жас түлектердің кәсіби дағдыларын шыңдап, алғашқы тәжірибе жинақтауына үлкен серпін беріп келеді.
Биыл Шымкент қаласында осы тиімді бағдарлама аясында 1 721 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 336 жас маман өз мамандығы бойынша түрлі мекемелерде тәжірибе жинақтап, адал еңбектің алғашқы мектебінен өтуде. Солардың бірі – Нұргүл Жанет. Оқуды аяқтағаннан кейін жас түлек мамандығы бойынша жұмыс іздеп, Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен ол Орталық Азия инновациялық университеті жанындағы Бастапқы әскери дайындық және денешынықтыру кафедрасына әдіскер болып жұмысқа орналасты. Нұргүлдің бұл қадамы – өзіне сеніп, адал еңбекпен жетістікке жетуге ұмтылған нағыз Еңбек адамының сәтті үлгісі.
Жастар практикасы бағдарламасының ұзақтығы 12 айды құрайды. Оған жасы 35-тен аспаған, соңғы үш жыл ішінде оқу орнын аяқтаған және жұмыссыз ретінде тіркелген жас мамандар қатыса алады. Бағдарлама қатысушыларына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы төленіп, бұл қаржы мемлекет тарапынан субсидияланады. Мұндай қолдау жастардың қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбекке деген ынтасын арттырады. Осылайша, жас түлектер еңбек нарығының бәсекесіне бейімделіп, өз ісінің маманы болуға мүмкіндік алады.
Жалпы Шымкент қаласында Жастар практикасы, Қоғамдық жұмыс, Күміс жас және Әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламалары арқылы 4 335 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде бұл бағдарламаларға 1 367 адам белсенді қатысуда. Жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан мұндай шаралар тұрғындардың еңбекқорлығын арттырып, қаладағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге зор үлес қосуда.
Бағдарламаның жастар үшін тағы бір басты артықшылығы – жинақтаған іс-тәжірибесінің ресми түрде еңбек өтілі ретінде есептелуінде. Мұндай қолдау жас мамандардың бойындағы сенімсіздікті сейілтіп, кәсіби ортада өзін толыққанды тұлға ретінде қалыптастыруына, сондай-ақ болашақта тұрақты жұмыс орнына орналасуына зор мүмкіндік береді. Нұргүл сияқты өз кәсібін сүйіп, адал еңбек етуге ұмтылған жастардың қатары күн санап артып келеді. Осындай нәтижелі жобалар арқылы қоғамда адал еңбектің мәртебесі артып, еңбекқор жастардың жаңа толқыны қалыптасуда.












Comments