Жұртшылық арасында мемлекетке арқа сүйеп отыру психологиясынан арылып, масылдықты төмендету, әлеуметтік санаттағы азаматтарды өз бетінше табыс табуға баулу және Еңбек адамының мәртебесін көтеру – бүгінгі қоғамдық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет тарапынан ұсынылатын қайтарымсыз гранттар мен несиелік қолдаулар дайын қаржыға сүйеніп отыру емес, жеке кәсіпті ашуға және өзге де азаматтарды жұмыспен қамтуға берілген зор мүмкіндік. Осы бағытта Шымкент қаласында тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және оларды адал еңбекке тарту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Сондай сәтті кейстердің бірі – шымкенттік көп балалы ана Гүлжан Жандарәлінің өмірлік жолы. Мамандығы фельдшер Гүлжанның медицина саласында 10 жылдық мол тәжірибесі бар, оның ішінде балалар массажы бағытында 5 жылдан бері табанды түрде қызмет көрсетіп келеді. Өз білімі мен тәжірибесіне сенген ол 2025 жылы өзінің бизнес-жобасын комиссия алдында сәтті қорғап, 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Берілген қаржыны тиімді пайдаланған кәсіпкер ана екі заманауи гидро-ванна құрылғысын сатып алды. Мұндай қадам оған қызмет көрсету сапасын арттыруға және ісін жаңа деңгейге көтеруге жол ашты.
Бүгінде бұл заманауи құрылғылар балалар мен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді оңалтуда өзіндік жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Гүлжан Нұрбекқызы осы гидро-ванналардың көмегімен қызмет көрсету ауқымын кеңейтіп, ем алған балалардың денсаулығында оң нәтижелерге қол жеткізді. Егер мемлекеттік қолдауға дейін айына 30 балаға массаж жасалса, қазіргі таңда заманауи жабдықтардың арқасында бұл көрсеткіш 50 балаға дейін артқан. Ең бастысы, кәсіпкер ана өз ісін кеңейтіп қана қоймай, тағы бір азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл – дайынға сүйенбей, өз еңбегімен табыс тауып отырған нағыз Еңбек адамының айқын үлгісі.
Жалпы Шымкент қаласында 2025 жылы арнайы комиссия шешімімен әлеуметтік санаттағы 431 азаматқа қайтарымсыз грант беріліп, олардың өз бизнесін бастауына жағдай жасалды. Ағымдағы жылы да бұл игі бастама жалғасын тауып, әлеуметтік санаттағы 400 адамның бизнес-жобасын қолдау жоспарланып отыр. Мұндай қолдаулар азаматтардың еңбекқорлығын арттырып, шағын кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.












Comments