Жұртшылық арасында мемлекетке арқа сүйеп отыру психологиясынан арылып, масылдықты төмендету, жастар арасында еңбексүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және жас ұрпақты жастайынан адал тапсыс табуға баулу – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл бағытта Шымкент қаласында жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдер мен студенттерді уақытша жұмыспен қамту және оларға қолайлы еңбек жағдайларын жасау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Үстіміздегі жылдың маусым айында Шымкент қаласының Еңбек мобильділігі орталығына 161 мекемеден 661 бос жұмыс орны бойынша өтінім келіп түсті. Ұсынылған әрбір жұмыс орны орталық мамандары тарапынан жан-жақты зерделенді. Тексеру барысында жұмыс берушілердің салық төлемдерін уақытылы жүргізуі, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуі және еңбек қауіпсіздігі нормаларын қатаң сақтауы басты назарға алынды. Зерделеу нәтижесінде талаптарға толық сай келетін 47 мекемеден 192 жұмыс орны арнайы бекітілді.
Бүгінгі таңда аудандық мансап орталықтары арқылы 156 жасөспірім ақылы қоғамдық жұмысқа жолданып, өздерінің алғашқы еңбек жолдарын бастады. Еңбекке тартылғандардың 129-ы – арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері болса, 27-сі – мектептердің жоғары сынып оқушылары. Бекітілген жұмыс орындарының басым бөлігі әкімдік құрылымдарында, оқу орындарында және қоғамдық бірлестіктерде орналасқан.
Жасөспірімдердің еңбек құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында арнайы ережелер бекітілген. Жұмыс кестесі аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс. Бағдарламаға қатысушы жастардың еңбекақысы 28 айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген және бұл қаражат мемлекет тарапынан толық субсидияланады. Сонымен қатар, жасөспірімдердің еңбек жағдайын арнайы құрылған мониторинг тобы тұрақты бақылауда ұстайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, ақылы қоғамдық жұмыстарға 16 жасқа толған жасөспірімдер қабылданады. Ал 14-15 жастағы мектеп оқушылары үшін жұмыс берушілер Enbek.kz порталындағы Менің жазғы демалысым бөлімі арқылы арнайы бос орындар жариялап, еңбекақы мөлшерін өздері белгілей алады. Мұндай шаралар жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, алғашқы кәсіби дағдыларды меңгеруге және адал еңбекпен табыс табу мәдениетін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.












Comments