Қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық иесі болу – әрбір азаматтың тұрақты табыс табуы мен жеке дамуының басты кепілі. Масылдық пен патерналистік көңіл-күйден арылып, өз еңбегімен нан табуды көздейтін тұрғындар үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары үздіксіз жүзеге асырылуда. Осы бағытта Шымкент қаласында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жұмыссыз азаматтарды білім беру ұйымдарына кәсіптік оқуға жолдаудың кезекті кезеңі басталды.
Биыл қалада жалпы 610 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқумен қамту жоспарланған. Осы уақытқа дейін 420 азамат арнайы оқуға жолдама алып, жаңа мамандық меңгеріп жатса, жуырда өңірлік комиссияның шешімімен қосымша 190 орын бекітілді. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия жұмыссыз азаматтарды оқытуға ниетті білім беру ұйымдарының өтінімдерін мұқият қарап, еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу орындарын айқындады.
Қосымша бөлінген орындар мен мамандықтар: Бөлінген 190 орын еңбек нарығында тікелей жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары мынадай бағыттарды қамтиды:
- Тоқу машинасының операторы – 70 орын;
- Тігінші – 35 орын;
- Шаштараз-стилист – 20 орын;
- Аспаз – 15 орын және визажист – 15 орын;
- Бухгалтер-кассир – 10 орын;
- Кондитер – 10 орын;
- Электрондық есептеу машиналарының операторы – 10 орын;
- Тәрбиешінің көмекшісі – 5 орын.
Оқу шарты, шәкіртақы және қажетті құжаттар: Кәсіптік оқу мерзімі – 3 айды құрайды. Оның 1 айы теориялық білімге, ал 2 айы тікелей өндірістік тәжірибеге арналған. Оқу кезеңінде қатысушыларға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуды сәтті аяқтаған азаматтарға белгіленген үлгідегі арнайы сертификат табысталып, тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасалады.
Кәсіптік оқуға жолдама алу үшін азамат алдымен жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Қажетті құжаттар тізімі: жеке куәлік, шәкіртақы аударуға арналған банк есепшотының деректемелері, №075 нысанындағы медициналық анықтама және білімі туралы құжат (бар болса).
Азаматтар қосымша ақпарат алу және оқуға жолдама алу үшін мына мекенжайлар бойынша аудандық мансап орталықтарына жүгіне алады:
- Абай және Тұран аудандары: Арғынбеков көшесі, 243/3;
- Еңбекші ауданы: Астана шағынауданы, 106.
Өз тағдырын өз қолына алып, адал еңбекпен табыс тапқысы келетін кез келген азамат үшін бұл – үлкен мүмкіндік!












Comments