Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тарихи кезеңнің басталатынын мәлімдеп, Қазақстанның алдағы даму басымдықтарын жан-жақты баяндады. Конституцияның заңды күшіне енуі тек Ата заңның жаңаруы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік институттардың жаңа жағдайда жұмыс істеуіне жол ашатын маңызды бетбұрыс болып тұр.
Президент бұл отырыстың тарихи мәніне ерекше тоқталып, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қос палаталы Парламент өз миссиясын абыроймен атқарғанын атап өтті. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Парламент мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық жүйені қалыптастыруға, нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және елдің тұрақты дамуына зор үлес қосты. Осы уақыт аралығында үш жарым мыңға жуық заң қабылданып, олардың едәуір бөлігі депутаттардың бастамасымен әзірленді. Әрбір шақырылым елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге өз үлесін қосып, кәсіби парламенттік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі сегізінші шақырылым депутаттарының қызметіне де жоғары баға беріп, олардың ел үшін аса жауапты кезеңде еңбек еткенін айтты. Соңғы үш жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң қабылданып, жаңа Конституцияның талаптарына сәйкес заңнамалық база толықтай жаңартылды. Конституциялық заңдар мен жаңа кодекстер мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне құқықтық негіз қалыптастырды.
Жаңа кезеңде мемлекеттік билік «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидатына сүйеніп жұмыс істейді. Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Президент ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының кепілі, Конституцияның сақталуын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретінде өзінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асырады. Сонымен қатар заң шығару қызметі жаңа форматтағы Құрылтай арқылы ұйымдастырылып, оның жұмысында ашықтыққа, кәсібилікке және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануға басымдық беріледі.
Мемлекет басшысы заң шығару процесін толық цифрландырудың маңызын ерекше атап өтті. Осыған байланысты толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Заманауи цифрлық платформалар арқылы заң жобаларын қоғамдық талқылауға шығару, үлкен деректерді пайдалану, ықтимал экономикалық және әлеуметтік салдарды алдын ала модельдеу заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, Құрылтай қоғамдық пікірді тиімді жинақтайтын, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарын ескеретін ашық алаңға айналуға тиіс.
Саяси жаңғыртудың маңызды бағыты ретінде Қазақстан Халық Кеңесін құру ұсынылды. Жаңа консультативтік орган мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылардың және азаматтық қоғам институттарының басын қосып, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу кезінде қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуіне мүмкіндік береді. Президент мұны халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын одан әрі нығайтатын маңызды қадам ретінде бағалады.
Сөз барысында Президент әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық сын-қатерлердің күшейіп келе жатқанын айтып, мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету, инвестиция тарту және экономикалық өсімнің қарқынын сақтау екенін атап өтті.
Экономиканы жаңа үлгіге көшіру Мемлекет басшысы белгілеген негізгі стратегиялық міндеттердің бірі болды. Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асты. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 15 мың доллардан асып, соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайды. Сонымен бірге инфляция деңгейінің төмендеуі, ұлттық валютаның тұрақтылығы және қаржы жүйесінің сенімділігі макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштері ретінде аталды.
Президент өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше тоқталды. Соңғы жылдары жүздеген индустриялық жобалар жүзеге асырылып, ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта жаңа өндірістер іске қосылып, инвестиция көлемі ұлғаяды. Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастырып, оның экономикадағы үлесін арттыруға басымдық береді.
Инвестициялық саясаттың жаңа кезеңінде жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы маңызды қадам ретінде аталып өтті. Президент бұл жобаның Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық және инновациялық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы энергетика, инженерлік жүйелер және көлік-логистика ел экономикасының негізгі тірегі екенін атап өтті. Биыл коммуналдық және энергетикалық жүйелерді жаңғыртуға бағытталған ауқымды ұлттық жобаны жүзеге асыруға рекордтық көлемде қаржы бөлінеді. Газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, жаңа электр қуаттарын іске қосу және жоғары экологиялық талаптарға сәйкес жылу электр станцияларын салу жоспарланған.
Президент атом энергетикасының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, халықтың қолдауымен қабылданған шешім Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады.
Көлік-логистика саласы бойынша соңғы жылдары теміржол желілерінің құрылысы қарқын алып, жаңа халықаралық бағыттар ашылды. Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бірнеше есеге артты. Президент Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту үшін жаңа теміржолдар, автомобиль жолдары, әуежайлар, вокзалдар және логистикалық орталықтар салу жұмыстары жалғасатынын айтты. Сонымен қатар Астана қаласында жаңа халықаралық әуежай салу және авиациялық жүк тасымалы инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.
Цифрлық мемлекет құру Мемлекет басшысы айқындаған негізгі бес міндеттің бірі болды. Президент Қазақстан цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде қорғаған және жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында екенін айтты. «Digital Qazaqstan» стратегиясы, GovTech платформасы, Реттеу жөніндегі интеллект орталығы, суперкомпьютерлерді іске қосу, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы және халықаралық Alem.ai орталығы елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге жасанды интеллект университетін ашу, инновациялық мектептер құру және мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы жаңа буын мамандарын даярлау көзделіп отыр.
Президент адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Биыл әлеуметтік салаға 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға бағытталады. Соңғы жылдары жүздеген жаңа мектеп салынып, шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылды. Ғылым мен технологиялық саясатты қолдайтын жаңа заң қабылданып, жас ғалымдарға қолдау күшейтілді.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер жалғасуда. Соңғы жылдары мыңнан астам медициналық нысан іске қосылып, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігі артты. Мұғалімдердің, дәрігерлердің және әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейіп келеді.
Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қайтарылған қаражат әлеуметтік және коммуналдық нысандар салуға бағытталды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жинақтау жүйесі жас ұрпақтың болашағына инвестиция салудың жаңа тетігі ретінде іске асырылып жатыр.
Президент әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, зиянды өндірістерде еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау, шамадан тыс кредит алу, ойынқұмарлық, есірткі қылмысы және кибералаяқтықпен күреске бағытталған заңдардың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесіне де арнайы тоқталды. Ұлттық домбыра күні, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу, ұлттық өнерді қолдау және жастардың рухани тәрбиесін күшейту мемлекеттің мәдени саясатындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде аталды.
Президент сөзінің қорытындысында сегізінші шақырылым депутаттарының қызметіне тоқталып, олардың Үкіметке екі мыңнан астам депутаттық сауал жолдап, ондаған Үкімет сағаты мен парламенттік тыңдау өткізгенін атап өтті. Комитеттердің белсенді жұмысы, сарапшылар қауымдастығымен және азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимыл заң шығару сапасын арттыруға ықпал еткені айтылды.
Жалпы, Мемлекет басшысының Парламенттің бірлескен отырысында сөйлеген сөзі Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағытын айқындаған стратегиялық құжат сипатында болды. Онда мемлекеттік басқаруды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, адами капиталды нығайту және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы негізгі міндеттер жүйеленіп, елдің ұзақ мерзімді дамуына арналған басымдықтар белгіленді.
Осымен Парламент тарих қойнауына кетті. Жаңа Құрылтайдың құрылуы еліміздің жаңаша қадаммен жаңа белеске көшкені. Президент пен халық сенім артып тапсырған депутаттық мандаттың жауапкершілігін барынша ақтауға тырыстық. Азды-көпті еңбегімізге халық өз бағасын берер. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін!
Қайрат БАЛАБИЕВ













Comments