ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БЕРЕКЕ: АДАЛ ТАБЫСТЫҢ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНДЕГІ РӨЛІ

Бала тәрбиесі — ұлттың болашағын айқындайтын ең қасиетті құндылық. Ал сол тәрбиенің негізгі діңгегі мен алтын бесігі — отбасы. Қазіргі материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шыққан заманда балаға тек жақсы білім беру ғана емес, оның бойында дұрыс рухани бағдар қалыптастыру өте маңызды. Осы орайда, адал табыстың отбасына әкелетін берекесі мен баланы жастайынан еңбексүйгіштікке баулудың маңызы орасан зор. Еңбекпен тапқан нанның тәттілігін сезініп өскен бала — болашақта қоғамның масылы емес, тірегіне айналады.
Бала — ата-ананың айнасы. Ол үйдегі үлкендердің айтқан ақылдарынан қарағанда, олардың іс-әрекетін, өмір сүру салтын көбірек көріп, санасына тоқиды. Егер отбасында әке мен ана таңнан кешке дейін адал еңбек етіп, тапқан табысын отбасының берекесіне жаратып отырса, бала еңбектің қадірін жастайынан түсінеді.
Керісінше, үй ішінде «мемлекет неге көмектеспейді?», «бізге кім не беруі керек?» деген масылдық сипаттағы әңгімелер жиі айтылса, баланың да бойында патерналистік көңіл-күй, яғни дайынға үйрену психологиясы қалыптасады. Адал еңбекпен келген табыстың отбасы тәрбиесіндегі басты рөлі — ол балаға өмірдегі ең үлкен жетістік тек маңдай термен, адалдықпен келетінін ұқтыруында.
Баланы еңбекқорлыққа тәрбиелеуді мектеп қабырғасына немесе есейген шаққа қалдыруға болмайды. Бұл процесс үйдегі қарапайым тұрмыстық міндеттерден басталуы тиіс. Өз ойыншықтарын жинау, төсегін түзету, дастархан әзірлеуге көмектесу немесе үй жануарларына қарау — баланың жауапкершілікті сезінуіне жол ашатын алғашқы баспалдақтар.
Қазіргі таңда көптеген ата-аналар «балам таршылық көрмесін, мен қиналғанды ол көрмесін» деген соқыр сезіммен баланың барлық қалауын еш қиындықсыз орындауға тырысады. Бұл — үлкен қателік. Күш-жігер жұмсамай, еңбек етпей барлық игілікке оңай қол жеткізген бала қанағатсыз, жалқау және өзімшіл болып өседі. Оған «нанның дастарханға қалай келетінін», ата-анасының сол нәпақа үшін қаншалықты тер төгетінін түсіндіру — оның жүрегінде үлкендерге деген құрмет сезімін оятады.
Қазақ халқында «Еңбегімен ер сыйлы, адалдығымен жан сыйлы» деген даналық сөз бар. Адал табыспен өскен шаңырақтың ішкі атмосферасы мен тәрбиесі де бөлек болады. Ондай отбасында тәрбиеленген бала ешкімнің ала жібін аттамайды, өзгенің еңбегін бағалай біледі. Жас кезінен еңбекпен тапқан нанның тәттілігін сезінген жеткіншек ертең қоғамға араласқанда жұмыс талғамайды, қиындықтардан қашпайды.
Еңбекқорлық — масылдық кеселіне қарсы ең күшті рухани екпе. Шымкент сияқты үлкен мегаполистің болашағы — дәл осындай адал еңбекті қасиет тұтқан, өз күшіне сенетін, жауапкершіліктен қашпайтын жаңа буынның қолында.
Отбасындағы береке — байлықтың көптігінде емес, сол байлықтың қандай жолмен келгенінде және оның бала санасына қалай әсер еткенінде. Баланы жастайынан еңбекті сүюге, масыл болмауға, өз нәпақасын өзі табуға баулу — ата-ананың перзент алдындағы ең үлкен рухани қарызы. Еңбекпен келген берекені сезініп өскен ұрпақ ешқашан адаспайды, елінің қалаулы, халқының елеулі азаматына айналады. Тәрбиенің ең сенімді әрі сыналған жолы — адал еңбек пен шынайы өнеге.

БОС ЖҰМЫС ОРНЫ КӨП, БІРАҚ ЖҰМЫССЫЗ БА?

Алдыңғы

ДИПЛОМ ЕМЕС, ДАҒДЫ МАҢЫЗДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *