ӘлеуметЖаңалықтарҚоғам

АГРАРЛЫ АЙМАҚТЫҢ ҮЗДІК ДИҚАНДАРЫ

Шымкент – тек зәулім ғимараттар мен өндіріс орындарының ғана емес, құйқалы қабат, құнарлы топырақтың да мекені. Мегаполис мәртебесін алса да, қала маңындағы елді мекендерде ауыл шаруашылығын серік етіп, жер емген диқандардың еңбегі ерекше. Күннің ыстық-суығына қарамай, бел жазбай еңбек ететін бұл жандар – Шымкент қаласы мен еліміздің нарығын бал татыған отандық өнімдермен, көкөніспен және жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп отырған нағыз еңбек адамдары.
Шымкент қаласы жылыжай шаруашылығының дамуы жағынан республика бойынша алдыңғы қатарда. Қала маңындағы Қаратөбе, Мартобе, Сайрам сияқты тұрғын алаптарда заманауи үлгідегі ірі жылыжай кешендері де, шағын отбасылық қожалықтар да қарқынды жұмыс істеп тұр. Сыртта қыстың қаһарлы аязы немесе ерте көктемнің құбылмалы ауа райы орнап тұрғанда, бұл кешендердің ішінде жасыл желек жайқалып, қызанақ, қияр мен түрлі көктер пісіп жетіледі.
Жылыжайда жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен нәзік күтімді қажет ететін еңбек. Әрбір көшеттің температурасын сақтау, уақытылы суару және зиянкестерден қорғау диқаннан терең білім мен төзімділікті талап етеді. Шымкенттік диқандардың осы маңдай терінің арқасында қыс ортасында да дастарханымыздан балғын өнімдер үзілмейді. Бұл өнімдер тек жергілікті нарықты ғана емес, еліміздің солтүстік өңірлерін де қамтып отыр.
Жадыраған жаз шыға салысымен Шымкент маңындағы ашық егістік алқаптарында қызу жұмыс басталады. Мұндағы шаруалар қауын-қарбыз, картоп, сәбіз және бау-бақша өнімдерін баптайды. Оңтүстіктің аптап ыстығында, күннің астында жүріп егін жинау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жанкешті еңбек.
Қазіргі шымкенттік диқандар тек кетпенмен ғана емес, озық технологиялармен де жұмыс істеуді меңгерген. Олар суды үнемдейтін тамшылатып суару әдісін енгізіп, топырақтың құнарын арттырудың жаңа жолдарын қолдануда. Жерді баптай білген шаруалар жылына 2-3 рет өнім алып, шектеулі жер телімінен де максималды пайда табудың үлгісін көрсетіп келеді.
Диқаншылық — «бүгін ектім, ертең байыдым» дейтін кәсіп емес. Бұл — табиғаттың мінезіне төзе отырып, адал еңбекпен келетін табыс көзі. Шымкенттік шаруалардың өмірі қоғамдағы «жұмыс жоқ» деп мемлекеттің жәрдемақысына телміріп отырғандарға үлкен сабақ. Жерді емген адам аш қалмайтынын, өз еңбегімен отбасын да асырап, қала экономикасына да орасан зор үлес қосуға болатынын осы диқандар дәлелдеп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекқорлық — масылдық психологиясын жоюдың ең төте жолы. Диқанның баласы жастайынан еңбекке шыңдалып, нанның қадірін, маңдай тердің бағасын біліп өседі.
Шымкент базарларының тоқшылығы, бағаның тұрақтылығы мен өнімнің сапасы тікелей осы диқандардың қолында. Біз күнделікті тұтынатын ас-ауқаттың артында қаншама адамның ұйқысыз түндері мен қажырлы еңбегі жатыр. Сондықтан жер емген шаруалардың еңбегін бағалау, олардың отандық өнімін таңдау — әрбір қала тұрғынының міндеті. Нағыз береке мен береген табыс — жер анаға деген сүйіспеншілік пен адал еңбектен бастау алады.

ШЫМКЕНТ ЦИФРЛАНДЫРУ БОЙЫНША ҮЗДІК ҮШТІКТЕ

Алдыңғы

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *