Түркістан облысының Сарыағаш қаласының орталық алаңында алғаш рет «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілерінің Әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.
Бұл күні Алматы қаласынан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан шақырылған 200 жас сарбаз Отанға адал болуға ант берді. Бір ай бойы жас жауынгерлер жас сарбаз курсынан өтіп, әскери істің негіздерін меңгеріп, жалпыәскери жарғыларды, саптық дайындықты, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын оқып, әскери өмірге бейімделді.
Салтанатты рәсім әскери дәстүрге сай Мемлекеттік Ту мен әскери бөлімнің Жауынгерлік Туының қатысуымен өтті. Қолдарына қару ұстаған жас әскери қызметшілер әскери борышты адал әрі абыроймен атқаруға, елдің тәуелсіздігін, конституциялық құрылысын және Отанды батыл қорғауға ант берді.
Әскери бөлім командирі подполковник Сергей Бибулатов сарбаздарға ақ жол тілеп, Әскери анттың жай ғана міндетті рәсім емес, әрбір әскери қызметшінің өміріндегі маңызды кезең әрі Отан қорғаушы жолының бастауы екенін атап өтті.
Сондай-ақ жас сарбаздарды маңызды оқиғамен Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Әділхан Оразғұлов, Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің өкілі запастағы полковник Реимбай Халмұратов және «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ Шымкент филиалының төрайымы Гүлмира Оспанова құттықтады.
Өз сөзінде полковник Әділхан Оразғұлов әскери ант сөздері жай ғана формалдылық емес, әрбір әскери қызметші үшін үлкен жеке жауапкершілік екенін атап өтті.
— Бүгінгі Отан қорғаушылар аға буын жауынгерлерінің даңқты ерлік жолының лайықты жалғастырушылары болып табылады. Олар күн сайын еліміздегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, — деді ол.
Мерекелік шараның ерекше әсерлі сәттерінің бірі – жүздеген шақырым жол жүріп келген ата-аналар мен туыстардың қатысуы болды. Олар ұлдарының өміріндегі маңызды күнді бірге бөлісіп, қуаныш пен мақтаныш сезімдерін жасырмады.
Іс-шара барысында қызметі мен оқуында үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер де марапатталды. Әскери бөлім командирінің бұйрығымен әскери міндеттерін адал атқарғаны үшін қатардағы жауынгерлер Ерасыл Пернебай мен Қанат Нүсіпбеков он күндік демалыспен көтермеленді. Ал жас толықтыру қатарынан Азамат Ақбаев, Мақсат Күзембаев, Жандос Айт, Айбол Оразбек және Әлібек Ұзақбаев бастапқы әскери дайындық курсында жоғары нәтижелер көрсеткені үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар үздік әскери қызметшілердің ата-аналарына да алғыс хаттар, естелік сыйлықтар мен гүлдер табысталды.
Әскери ант қабылдау рәсімінен кейін жас сарбаздар салтанатты маршпен өтіп, дене дайындығы жаттығуларын, қарумен саптық тәсілдерді, саптық дефиле элементтері мен армиялық қоян-қолтық ұрыс әдістерін қамтыған көрсетілімдерін ұсынды.
Іс-шара соңында әскери қызметшілерге күндізгі демалыс беріліп, олар жақындарымен уақыт өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі













Comments