Сәтін түсіп жолым Алтайдың жүрегі — Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы Берел қорғандарына түсті. Бұл жерді жай ғана тарихи орын емес, уақыттың тереңіне апаратын үнсіз кеңістік деп қабылдадым.
Алғаш көрген сәтте көзге ерекше ештеңе түспейтіндей, төбешік тәрізді қорғандар, тыныш жатқан дала. Бірақ дәл осы қарапайым көріністің астында мыңдаған жыл бұрынғы өмір, сенім, салт жатыр. Адам қолымен үйілген бұл қорғандар — кездейсоқ емес, әрқайсысы бір тағдырдың, бір дәуірдің белгісі.
Берел — сақ заманынан қалған мұра. Бірақ оны тек «ескерткіш» деп атау жеткіліксіз. Бұл — дүниетаным. Мұнда адамды жалғыз көмбеген. Онымен бірге аттарын, қаруын, әшекейін, тіпті кейде мифологиялық бейнелерін бірге жерлеген. Бұл — өлімді соңғы нүкте емес, жалғасатын жол деп түсінген өркениеттің айғағы.
Ең әсерлісі — аттар. Реконструкцияда көргенімдей, олар жай жануар емес. Әбзелдері алтынмен, оюмен, бейнелермен безендірілген. Кейбірінің басында бұғы мүйізіне ұқсас маскалар бар. Бұл — эстетика ғана емес, символ. Сақтар үшін ат — мәртебе, күш, әрі рухани серік.
Берелдің тағы бір ерекшелігі — сақталған күйі. Мұнда табылған заттардың, тіпті жануарлардың да жақсы сақталуы табиғи жағдаймен байланысты. Мәңгі тоң археологтарға мыңдаған жыл бұрынғы өмірді нақты көруге мүмкіндік берген. Бұл — сирек құбылыс.
Берел қорғандары тек өткеннің мекені емес. Ол бүгінгі күнге де сұрақ қояды. Біз өз тарихымызды қаншалықты білеміз? Сол кездегі адамдардың дүниетанымын, табиғатпен байланысын, өмір мен өлімге көзқарасын бағалаймыз ?
Бұл сапар маған бір нәрсені анық көрсетті, тарих — тек кітаптағы мәтін емес. Ол — жердің астында, желдің үнінде, үнсіз жатқан қорғандарда. Оны көру үшін сізге бару керек. Сезіну үшін — тоқтап, қарау керек.
Берелдегі сақ қорғандары — тек археологиялық нысан емес. Ол — өткен мен бүгіннің арасындағы көпір.
Егер жолыңыз Қазақтың Швейцариясы- Катонқарағайға түсіп жатса міндетті түрде Берелдегі сақ қорғандарын көруіңіз керек.
Қобланды АБЕНОВ












Comments