Әлемге қашан ес кіреді?.. Бұл сұрақ жүрегінде мейірімі бар әр жанның аузынан соңғы жылдары мың рет айтылған болар?.. Бірақ, өкініштісі, жауап орнына тек жарылыс дауысы естілуде.
Адамзат неғұрлым «ақылды» болған сайын, соғұрлым қатыгез болып барады. Біздің бабаларымыз жауымен қылышпен бетпе-бет шайқасқанда, қарсыласының көзіндегі қорқынышты, соңғы демін сезетін. Ал қазір ше? Қазір соғыс компьютерлік ойынға айналды. Бір батырма, бір дрон… Мыңдаған шақырым жерде біреудің шаңырағы ортасына түсуде, ал оны жасаған адам мониторға телміріп отыр. Ең қорқыныштысы, оның жүрек соғысы жиілемейді де, ештеңеге ой жібермейді де…
Білімді деген білгірлеріміз құлтемірлерді «адамша» ойлауға үйретуде. Оларға сезім бергісі келуде. Ал біз ше? Біз өзіміздің құлтемірге айналып кеткенімізді байқамай да қалдық-ау деймін… Неге? Ең өкініштісі, мейірімділік әлемде әлсіздіктің белгісі, ал байлық қуаттылықтың көрінісі болып тұр.
ӘЛЕМГЕ ҚАШАН ЕС КІРЕР?
Мүмкін, соңғы дрон соңғы тірі адамның төбесіне жеткенде ғана ма? Әлде, технологияның суық құшағы емес, адам денесінің жылуы қымбат екенін түсінгенде ме? Әлемге ес кіруі үшін… меніңше, алдымен адамға «жүрек» қайта оралуы керек. Темір емес, ауыратын, сезетін, жылуы бар тірі жүрек.
Күлге айналған ыстық дене, үйіндіге айналған қала… Шырқыраған жан қайда ұшып барады денеден шығып?.. Бірден үзілген сәби күлкісі, орындалмаған арман, бір-біріне айтылмаған махаббат, жаны шырқырап, жанын қоярға жер таппаған аңыраған ананың көз жасы…
Ал осыларды орындап отырған, яғни әдемі костюм-шалбар киген жүрегі тас біреу бір қаныпезер алпауыттың бұйрығын іске асырып, монитордың бер жағында кофе ішіп отыруы, ал ана алпауыт пәлен қару-жарақ ғимараты мен түген адам өлді деп қуана санап отыруы жасырын емес-ау…
НЕ ІСТЕЙМІЗ?
Әлемді үрей билеп, «темір сана» үстемдік құрған шақта біз үшін ең қымбат құндылық — ел амандығы мен ішкі тұрақтылық. Бар ұлт пен ұлыс бірігіп, тату-тәтті өмір сүріп, алауыздық танытпағанда ғана іргелі ел болатынымыз анық.
Сырттағы өзгелердің алауыздығы мен соғыс өрті бізге сабақ болуы тиіс. Біздің мемлекеттігіміздің негізі, әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі — Ата Заңымыз – Конституция. Онда жазылған әрбір жол — біздің бейбіт өміріміздің қорғаны. Конституциялық құндылықтарды қастерлеу, заңды сыйлау және ішкі бірлікті сақтау — бүгінгі таңдағы ең басты жауапкершілік.
Өз ішімізде алауыздыққа жол бермей, еліміздің өркендеуіне үлес қосу — әрқайсымыздың перзенттік парызымыз. Ана мен бала ешқашан жыламасын, Жер-Анамыз күңіренбесін! Құстарымыз мәңгілік бейбітшілік орнаған көгілдір аспанда қалықтап, самғай берсе екен!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Базаркүл ҚАЛБЫР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі













Comments