Жаңалықтар

Әдебиет пен өмір тоғысқан кеңістік

Бүгінгі сапарым мені Оралхан Бөкей дүниесіне жақындатқан, рухани жағынан терең толқытқан күн болды. Қазақ прозасының шебері, Алтайдың кер бұғысы атанған қаламгердің мұражай-үйіне табан тіреген сәттен-ақ, бұл жердің жай ғана экспозициялық кеңістік емес, тұтас бір дәуірдің, тұтас бір тағдырдың тынысы екенін сезінесің.

Жазушының үйі — Алтай өңіріне тән бөренеден қиып салынған қарапайым ағаш баспана. Сырт көзге қоңыр тіршілік иісі аңқыған осы үй төрт бөлмеден тұрады: ас үй, қонақ бөлмесі, ата-анасының бөлмесі, жазушының демалыс бөлмесі және веранда. Әр бөлме — бір тарих, әр бұйым — бір сыр.

Экспозициядағы тұрмыстық заттар — музейлік экспонат қана емес, тірі куәгерлер. Ас үйдегі астау көзіме бірден оттай басылды. Бұл — жазушының «Апамның астауы» әңгімесіне арқау болған қасиетті дүние. «Ертеңінде ескі қораның бұрышында төңкерулі жатқан Апамның астауын алып, Алматыға қайттым…» деп басталатын сол туындыдағы символдық жүк осы қарапайым ағаш астауға сыйып тұр. Жарық астау — фәни жалғанның өткіншілігін, адамның ғұмыры да бір күні қаңсып қалатынын меңзейтін философиялық бейне. Сол астаудың дәл алдында тұрып, әдеби мәтін мен нақты заттың тоғысқан сәтін бастан кешу — ерекше әсер.

Демалыс залында отбасы тұтынған диван, жазушы үстелі, қара портфель, сандықша, қаламұш, күлсалғыш, табақша — бәрі де өз орнында. Үстел үстіндегі фотоальбом парақтары үнсіз сыр шертеді. Терезе сыртында — Алтайдың асқақ табиғаты. Қар басқан шыңдар, тұнжыраған орман, мөлдір аспан. Осы көрініс жазушы шығармаларындағы кеңістік концепциясын, табиғат пен адам тағдырының тұтастығын еске салады. Алтай — Оралхан прозасының географиялық ғана емес, рухани өзегі.

Төргі бөлме — қаламгердің жеке әлемі. Витринада сақталған мемориалдық заттар, екі коллекциялық темекі түтігі, қанжар, фотоаппарат — шығармашылық тұлғаның болмысын ашатын детальдар. Қабырғадағы кітап сөресінде жазушының өз еңбектері, оқыған кітаптары, кейін музейге тарту етілген басылымдар тізіліп тұр. Бұл — ой еңбегінің, рухани ізденістің айғағы.

Ал ата-анасының бөлмесі мүлде бөлек әсер қалдырады. Мұнда Бөкей ақсақал мен Күлия шешейдің төсек орындары, фотосуреттері, жіп иіретін, іс тігетін машиналар қойылған. Жазушының Бәрі де майдан романындағы кейіпкерлердің прототиптері болған жандардың қарапайым тіршілігі көз алдыңа келеді. Әдеби образ бен өмір шындығының арасы қаншалықты жақын екенін осы бөлмеде айқын сезінесің.

Мұражай-үй 2003 жылы, жазушының 60 жылдығына орай ашылған екен. Бірақ бұл тек мерейтойлық нысан емес. Бұл — уақытпен тілдесетін, ұрпақпен сырласатын рухани кеңістік. Мұнда келген адам жазушының шығармаларын қайта парақтағысы келеді, кейіпкерлер тағдырына қайта үңілгісі келеді.

Оралхан Бөкейдің мұражай-үйінен шыққанда, кеудемде бір ой қалды: шын суреткердің өмірі де, өнері де қарапайым тұрмыстан бастау алады. Астау, үстел, терезе, кітап сөресі — бәрі де үлкен әдебиетке қызмет еткен. Алтайдың қоңыр үйінен басталған қаламгерлік ғұмыр қазақ руханиятының биік белесіне айналды.

Бұл сапар — музейге бару ғана емес, әдебиетпен, тарихпен, адамдық болмыспен жүздесу болды мен үшін..

Қобланды АБЕНОВ

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *