Бүгін Түркістан қалалық Мәдениет үйі ғимаратында Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы Нысанбаев Жасұлан Қаржаубайұлы халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Іс-шараға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және саланың мамандары қатысып, құқық қорғау органдарының 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмыстарының негізгі қорытындылары таныстырылды.
Кездесу барысында өткен жылдың 12 айындағы көрсеткіштер бойынша қылмыс деңгейі, криминогендік ахуал және полиция қызметінің тиімділігі жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ашылу деңгейі 86,0 пайызды құрап, құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін көрсетті. Ауыр қылмыстар бойынша ашылу көрсеткіші 85,6 пайызға жетіп, қылмыстарға жедел реакция жасалғаны атап өтілді. Ұрлық қылмыстарының тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 15,0 пайызға төмендеп, 113 деректен 96 дерекке қысқарды. Пәтер ұрлықтары 53,8 пайызға азайып, 26 деректен 12 дерекке дейін төмендеді.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 14,9 пайызға, көшелерде жасалған құқықбұзушылықтар 6,1 пайызға, ал отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар 22,5 пайызға төмендегені хабарланды. Бұл көрсеткіштер полицияның профилактикалық жұмыстар жүргізу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындарға құқықтық ақпарат беру бағытындағы жүйелі әрекеттерінің нәтижесі болып табылады.
Кездесуде қазіргі таңда өзекті мәселе болып отырған интернет-алаяқтық қылмыстары да сөз болды. 2025 жылы Түркістан қаласында 204 тұрғын интернет-алаяқтардың әрекеттерінен зардап шеккен. Полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін кешенді профилактикалық шараларды күшейтіп, тұрғындар арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және ресми сайттар арқылы алдын алу сипатындағы бейнематериалдар тұрақты түрде таратылып келеді. Халыққа дербес деректерді, банк карталары мен құпия кодтарды қорғау, күмәнді сайттар мен байланыстардан сақ болу, онлайн қызметтерді пайдалану кезінде ескерту шараларын сақтау міндеті түсіндірілді.
Кездесуге қатысушылар полиция қызметінің тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, қылмысты алдын алу және құқық бұзушылықтарды төмендету бағытындағы жұмыстарына қызығушылық танытып, өзекті сұрақтар қойды. Жасұлан Қаржаубайұлы кездесуде полицияның тұрғындарға әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін атап өтіп, азаматтарды заң талаптарын сақтау, күмәнді жағдайларда құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар беру бойынша нақты нұсқаулар берді.
Есеп беру барысында сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, көлік қозғалысы ережелерін бұзу, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтар, сондай-ақ жастар мен студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру шаралары да қаралды. Полиция қызметкерлері профилактикалық сабақтар, ақпараттық семинарлар және бейнероликтер арқылы қоғамды құқықтық тұрғыдан хабардар етудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын қорытындысында басқарма бастығы Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, полицияның қызметін халыққа ашық, есеп беретін форматта ұйымдастыру, тұрғындармен кері байланыс орнату және құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттырудың маңызы ерекше атап өтілді.
ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ













Comments