ӘлеуметБизнесЖаңалықтарҚоғамЭкономика

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ «КАВЕНДИШ» БАНАН СҰРПЫ ӨСІРІЛУДЕ

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру және экзотикалық өнімдер өндіру бағытында тың жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіне қарасты жылыжай шаруашылығының жұмысымен танысып, жергілікті кәсіпкердің бастамасына жоғары баға берді. Аудан басшысы экзотикалық жеміс өсіру ісі өңір экономикасын дамытуға, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға оң ықпал ететінін атап өтіп, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне өндірілген өнімді жергілікті нарыққа ұсыну бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жартытөбе ауылдық округіндегі Ынтамақ елді мекенінде бүгінде әлемге кеңінен танымал «Кавендиш» банан сұрпы табысты түрде өсірілуде. Экзотикалық жеміс егілген жылыжай аумағы 10 соттық жерді құрайды. Банан көшеттерін жергілікті кәсіпкер Шамс Тұрсынбаев 2019 жылы Түркия мемлекетінен арнайы алдыртып, Сарыағаш өңірінің климаттық және табиғи ерекшеліктеріне бейімдеген.
Шамс Тұрсынбаев жылыжай шаруашылығымен 1995 жылдан бері үздіксіз айналысып келеді. Ұзақ жылдар бойы қызанақ, қияр секілді дәстүрлі көкөніс өнімдерін өндіріп, мол тәжірибе жинақтаған кәсіпкер соңғы жылдары тропикалық және экзотикалық жемістерді өсіруге бет бұрған. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде банан өсімдігін жерсіндіру оңай болмаған. Алайда жүйелі күтім, ғылыми тәсілдер мен қолайлы микроклимат қалыптастыру нәтижесінде банан толық бейімделіп, бүгінгі таңда тұрақты әрі сапалы өнім беріп отыр.
Қазіргі таңда «Кавендиш» банан сұрпының жапырақтары 3 метрге дейін, ал сабағы 10 метрге дейін өсіп, жоғары өнімділігімен ерекшеленуде. Кәсіпкердің негізгі мақсаты – Сарыағаш өңірінің құнарлы топырағы мен жылы климаты кез келген дақылды өсіруге қолайлы екенін дәлелдеу, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласын дамыту арқылы жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету.
Айта кету керек, аталған жылыжайда тек банан ғана емес, папайя, лимон, апельсин, мандарин, кофе, питайя секілді өзге де экзотикалық жемістерді жерсіндіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Барлық өсімдіктер арнайы жылыжай жағдайында өсіріліп, қажетті температура мен ылғалдылық деңгейі тұрақты түрде бақылауда ұсталады. Соның нәтижесінде алынған өнімдер экологиялық таза, сапалы әрі табиғи қасиеттерін толық сақтайды.
Бұл бастама Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, экзотикалық өнім өндірісін дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нақты жобалардың біріне айналып отыр. Алдағы уақытта мұндай жобалардың саны артып, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыра түсері сөзсіз.

В Шымкенте продолжается работа по обеспечению жильем социально уязвимых слоев населения

Алдыңғы

КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ДҮЙСЕНБІДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *