ӘлеуметЖаңалықтарЗаңҚоғам

ЖЕТІСАЙ: Жетісайда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған кәсіпкерлік нысандар мен тұрғындарға айыппұл салынды

Жетісай ауданы әкімінің Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен аудан аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, газдан уланудың алдын алу және тұрғындардың өмірін қорғау мақсатында тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Бұл іс-шаралар тұрғын үйлерде, базарларда, сауда нысандарында және қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруге бағытталған.
Рейдтік тексерулерді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімдері, сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен «Жетісай қызмет» мекемесінің «Газ инспекциясы» бөлімі қызметкерлері бірлесіп жүргізді. Тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған бірқатар кәсіпкерлер мен тұрғындар анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 306-бабына сәйкес аталған тұлғаларға хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Нақты бақылау нәтижелеріне тоқталсақ, дәмханалар мен сауда нысандарында алғашқы өрт сөндіру құралдарының жоқтығы, эвакуациялық шығу жолдарының жабық немесе дұрыс белгіленбегені, электр желілерінің талапқа сай орнатылмауы, сондай-ақ тез дайындалатын тамақ өнімдерін пісіру кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау фактілері анықталды. Сондай-ақ, газ баллондарын пайдалануда елеулі заң бұзушылықтар тіркелді: сертификатталмаған немесе жарамдылық мерзімі өткен баллондар қолданылуы, баллондардың жылу көздеріне тым жақын орналастырылуы, ашық от маңында сақталуы, сондай-ақ өз бетінше қайта толтырылуы. Мұндай әрекеттер өрт және жарылыс қаупін едәуір арттырады.
Сала мамандарының айтуынша, аталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою қажет. Рейд барысында кәсіпкерлерге қауіпсіздік ережелерін сақтау, алғашқы өрт сөндіру құралдарын уақытылы тексеріп отыру және эвакуациялық жолдарды белгілеу маңызды екені ескертілді. Газдан улану мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу тек материалдық шығын әкеліп қана қоймай, адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.
Аудандық мамандар рейдтік іс-шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын хабарлады. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – адам өмірі мен мүлкін қорғаудың басты кепілі болып есептеледі. Осыған байланысты кәсіпкерлер мен тұрғындарға қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамау, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ерекше ескертілді.
Мұндай тексерулер тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға, қала мен аудан аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардағы заң талаптарының орындалуын бақылауға бағытталған маңызды профилактикалық шара болып отыр. Аудан әкімдігі кәсіпкерлерді заң талаптарын орындауға шақырып, қоғамдық орындарда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударуда.

Кентау қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі талқыланды

Алдыңғы

САЙРАМ АУДАНЫНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *