ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамЭкономика

ЖЕТІСАЙ: «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі – өңір дамуына серпін беретін ірі инфрақұрылымдық жоба

Жетісай ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болып отыр. Бұл жоба Түркістан облысының транспорттық байланысын нығайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді тасымалдауға, өңірлік экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай үлес қосатыны белгілі.
Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысына жауапты тұлғалар – жобаның басқармасының басшысы Нұрлан Нұрабаев пен «Integra Construction KZ» ЖШС бас инженері Дархан Әлжановтың қатысуымен арнайы жиын өтті. Кездесу барысында жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, жер және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу, өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.
Аталған жоба аясында Жетісай ауданы аумағынан өтетін ұзындығы 12,98 шақырым теміржол желісінің құрылысы жоспарланған. Бұл мақсатта 153 жер пайдаланушыға тиесілі жалпы көлемі 74,383 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. Заң талаптарына сәйкес облыстық бюджеттен жалпы сомасы 106 493 431 теңге өтемақы төленген. Жер қатынастары саласында жүргізілген жұмыстар жобаның уақытында және сапалы жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.
Теміржол желісінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірқатар инженерлік нысандар салу жоспарланған. Атап айтқанда, 1096+32 пикетінде көпір, 964+83 пикетінде автожолмен қиылысатын путепровод, сондай-ақ 29 су өткізу құбырының құрылысы көзделген. Сонымен қатар, Қазыбек би ауылдық округі мен Сырабат елді мекендерінің маңында орналасқан автожол өтпесіне байланысты 33 жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне алу үшін аудан әкімдігі тарапынан Түркістан облысының әкімдігіне хат жолданған.
Қазіргі таңда 423 жерге орналастыру жобасы жер қатынастары бөліміне тапсырылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жер пайдаланушылардың құжаттарын келісімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар жобаны белгіленген мерзімде және сапалы орындауға мүмкіндік беретін маңызды кезең болып отыр.
Жиын соңында аудан әкімі жауапты сала басшыларына жер рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс барысында экологиялық талаптарды сақтау және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері ерекше атап өтілді.
Осылайша, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі Жетісай ауданының көлік-логистикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудың тиімділігіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосатын ірі жобалардың бірі болып отыр.

БӘЙДІБЕК: АЛҒАБАС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» ӘЛЕУМЕТТІК АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Алдыңғы

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ШВЕЙЦАРИЯНЫҢ ДАВОС ҚАЛАСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

Келесі

Оқи отырыңыз

Comments

Leave a reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *