Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың алдында тұрған басты міндеттердің бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтарға қауіпсіз өмір сүруге жағдай жасау болып табылады. Осы міндетті іске асыру мақсатында Арыс аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен қала көлеміндегі қылмыстылық деңгейі, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдары қабылдаған профилактикалық шаралардың жай-күйі бойынша Мекемеаралық мәжіліс өткізілді.
Мәжілісті аудан прокурорының орынбасары Темур Әбдірахманұлы ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Жиынға қала әкімі аппаратының басшысы Талғат Анашбеков, ҚР ҰҚК ТОД Арыс қалалық бөлімінің өкілі Асылбек Талғатұлы, Арыс аудандық полиция бөлімі бастығы Бауыржан Қуатов, білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, сондай-ақ ауыл әкімдері мен білім мекемелері басшылары қатысты.
Күн тәртібінде талқыланған негізгі мәселелерге қала көлеміндегі криминогендік жағдай, құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар, сонымен қатар жол көлік оқиғаларын азайту шаралары енгізілді. Аудан прокуратурасының прокуроры Қуаныш Ғанимұратұлы баяндама жасап, атқарылған профилактикалық жұмыстар, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүзеге асырылған іс-шаралар және олардың тиімділігі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, Арыс АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Қабылжан Тастеміров қала көлемінде қылмысты және құқықбұзушылықтарды алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ол полиция қызметкерлерінің тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізу, құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жұмыс жүргізу және қауіпті аумақтарды бақылауда ұстау бойынша атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мекемелер арасындағы үйлестіру мен өзара іс-қимылды арттыру қажеттігін атап өтті. Мамандар заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары және жергілікті билік өкілдерінің бірлескен жұмысын жүйелі түрде жүргізу керектігін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша күн тәртібінде көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, орындау үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды. Бұл шаралар қаладағы құқықтық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.
Аталған жиынның маңызы зор: ол құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің бірлескен жұмысын нығайтуға, криминогендік ахуалды азайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруге, сонымен қатар қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен сенімін арттыруға бағытталған маңызды платформа болып отыр.
Арыста криминогендік ахуал мәселелері және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды













Comments