Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты «Бүгін еліміздің бизнес қауымдастығы үшін өте маңызды күн деуге болады. Біз биыл да қалыптасқан дәстүрге сай «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын марапаттап жатырмыз. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы жердегі әр кәсіпкердің жетістігі – ел мерейінің айқын көрінісі. Сіздер сапалы өнім өндіріп, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кәсібіне адал, іскер және нағыз отаншыл азаматтарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мемлекет Сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Биылдан бастап 29 қазан «Қазақстан кәсіпкерлері күні» болып ресми түрде бекітілді. Сонымен қатар мен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық істерге мол үлес қосқаны үшін еліміздің үздік кәсіпкерлеріне берілетін арнайы марапат – «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Келесі жылдан бастап залда отырған бірқатар кәсіпкер осы мәртебелі орденмен марапатталады. Бұл еліміздегі барша бизнес өкілдеріне деген айрықша құрметтің белгісі болмақ».
Сондай ақ Мемлекет басшысының айтуынша Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ. «Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ. Өздеріңіз білесіздер, қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз. Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар».
Президент: «Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды». «Өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді. Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды. Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз. Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді».













Comments